Иса
Қазыбек
Жарылқасынұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Жарылқасынұлы жұмыс іс-сапарымен Шымкент қаласына барды (04.01.2024ж)


ХАЛЫҚТЫҢ АЛҒЫСЫ ДА, АРЫЗЫ ДА АЗ ЕМЕС - Қазыбек Иса

ТІЛ ОРТАЛЫҒЫНА ҒИМАРАТ ЖЕТІСПЕЙДІ

2024 жылдың 4 қаңтарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, ақын, публицист, тіл күрескері Қазыбек Жарылқасынұлы Иса жұмыс кестесіне сәйкес Шымкент қаласына келіп, халықпен жүздесіп, мекемелерді аралады. Тіл жанашыры алғашқы іс-шараны «Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы» КММ ұжымының шақыруымен сол жерден бастады. Іс-шараны Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, фракция жетекшісі Исламбек Төлегенов жүргізіп отырды. Қазыбек Иса Мәжілісте қабылданып жатқан заңдар мен өзгерістер бойынша түсіндірме беріп, «Ақ жол» демократиялық партиясының Парламентте көтеріп жүрген мәселелеріне, атап айтқанда заңсыз иеленген активтерді елге қайтару туралы, банкроттық туралы, парламенттік оппозиция, мемлекеттік тіл, ұлттық идеология, Алаш ұстанымы туралы қысқаша баяндап берді. Кездесуде мұғалімдер халық қалаулысына бір қатар көкейінде жүрген сұрақтарды қойып, тиісті жауаптарын алды. Көптеген сұрақтар мемлекеттік тілдің пайдалануы аясында болды. Мысалы : іс-қағаз жүргізу қағидалары бойынша бұйрықтар неге бір тілде жазылмайды, өзге диаспоралардың мемлекеттік тілімізді білмей келе жатқанының себептері, қазақ тіліндегі оқулықтар сапасының төмен болуы, жеке күәліктердің екі тілде жазылуы бойынша, телеарналарда тіл мәдениеті сақталмауы, ұлтымыздың ғұламаларын тиісті дәрежеде дәріптелмеуі. Сонымен қатар Орталық ұжымы жалақылары мектеп мұғалімдеріне қарағанда неге төмен деген мәселені Парламентте көтеруге өтініш жасады. Мәжіліс депутаты жазбаша түрде арыз жазуды ұсынып, аталған мәселелерді бақылауына алып, тиісті мемлекеттік органдарға жолдайтыны туралы түсіндірді.

-Мемлекеттік тілді азаматтардың барлығы меңгеруі үшін мемлекеттік тілді міндеттейтін заң керек. Тәуелсіздік алған 32 жылдан бері біздегі диаспоралардың мемлекеттік тілімізді білмей келе жатқанының себептерін жаңа өздеріңіз, Тіл орталығы меңгерушісі Гүлмира Жанысбек ханым, сіздер тура айтып бердіңіздер. Ол диаспоралардың айтқан уәжі - “Біз мемлекеттік тілді не үшін үйренеміз, өйткені мемлекет талап етіп жатқан жоқ, сондықтан қажеттілігі де жоқ қой. Бізді қазақ тілін үйренбесін дегендей қазақтар бізге орыс тілінде сөйлейді, одан кейін қалай үйренеміз?”- деген сөздері барлық аурудың тура диагнозын қойып берді.

Басқосуда мұғалімдер қауымы мәжілісмен Қазыбек Исаның сөздері жүректеріне жетіп, ойларынан шыққандығын жеткізіп, жылы лебіздерін білдіріп, алғыстарын айтты.

178 мың ХАЛЫҚ ТҰРАТЫН АУМАҚТА АУРУХАНА ЖОҚ

Бұдан кейін «Ақжолдық» Қазыбек Жарылқасынұлы Иса Тельман елді мекенінде орналасқан № 51 орта мектебінде ауыл билері, мектеп ұжымы мен елді мекен тұрғындарымен кездесті. Жиынға «Ақ жол» демпартиясынан сайланған Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары Исламбек Тулебаев, Ноян Төлегенов пен Мұхтар Шымыров, қалалық мәслихаттың VII-шақырылымындағы депутаттар Жамалбек Жораев пен Назипа Мамықова, филиал қызметкерлері қатысты. Жиында ауыл билері № 51 орта мектебіне осы ауылдан шыққан Кеңес Одағы Батыры Ережепбай Молдабаевтың атын беру қажеттігі туралы мәселені көтерді. Сонымен қатар мектеп ғимараты ескі болғандықтан, оқушылар саны аз, өйткені олар заманауи мектептерде білім алғысы келетіндіктен, мектептеріне күрдеоі жөндеу жұмыстары қажеттігі туралы айтты. Сонымен қатар, 178 мың тұратын елді мекенде балалар жаттығатын спорттық алаң мен аурухананың жоқтығына назарын аударып, билікке жеткізуды ұсынды. Қ.Иса аталған мәселелер жергілікті деңгейде шешілетін болғандықтан, депутат Мұхтар Шымыровқа тапсырма берді. Жиынға тіл қайраткері Қабыл Дүйсенбі қатысып, құжаттарда қашан -ұлы, -қызы деген енгізіледі және -ова,- вичті- қашан алып тастайды деген мәселені көтерді. Кездесуде Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Мұхтар Шымыров белсенді депутаттық қызметі үшін «Алаш» төсбелгісімен марапатталды.

ЖЕКЕМЕНШІК УНИВЕРСИТЕТТЕРДІҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ мен МҰҢЫ КӨП

Қазыбек Иса қаламыздағы «Шымкент» университетінде ЖОО профессорлары мен оқытушыларымен кездесті. Кездесу еркін форматта өтті. Педагог қауымы жекеменшік ЖОО сандары азайып бара жатқандығы оларды аландататындығы туралы айтып, ғылыми дәрежелерге спорт қайраткерлері неге жатпайтындығын сұрады.

Осы Шымкент университеті оқытушысы, Қазыбек Исаның шәкірті Тұрсынай Байларова ұстазына алғыс айтып, ақынның “Керімсал” жыр кітабына қолтаңба алды. Қызының салған картинасын сыйлады.

Басқосуда Қазыбек Иса «Ақ жол» демократиялық партиясы Парламентте қандай мәселелер көтеріп жатқандығы туралы таныстырып, педагогтарға 5 қазан -Ұстаздар күнін етіп Заңға өзі енгізгені туралы сөзге тиек етті.

Өз кезегінде университет ұжымы мәжілісменге алғыстарын білдіріп, білімді ұрпақ дайындайтына уәде берді.

ҚАРТТАР ҮЙІНЕ ҚАМҚОРЛЫҚ ҚАЖЕТ

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса Шымкент қаласына келгенде, қариялардың қал-жағдайын сұрамай кете алмайтының айтып, Шымкент қаласында орналасқан Түркістан облыстық «Қарттар мен мүгедектер үйіне» ат басын бұрды. Алдымен ол қарияларды Жаңа 2024 жылмен құттықтап, оларға мықты денсаулық, ұзақ өмір мен амандық тіледі.

Бұл мекемеде «Ақ жол» демократиялық партиясының ең белсенді мүшесі, ең жасы үлкен блогер Мәмбет Құрманбаев тұрып жатыр. Кездесу барысында қариялар өздеріне тиісті мәселелерді көтерді. Мысалы, зейнетақылары толығымен қолдарына берілсе, қарттар үшін қоғамдық көліктерде жолақы тегін болса, оларға берілетін дәрі-дәрмектердің формулярын бұларға қажетті дәрілермен толықтыру қажеттігі туралы айтты.

Қарттар үйі тұрғыны, ҚР Журналистер одағы мүшесі, ақын Мыңжасар Дәрменов 18 жыл бойы газға қосыла алмай, жылына 1 мың тонна көмір жағып келген Қарттар үйіне газ жеткізуге депутаттық сауал жолдап, зор ықпал еткен Қазыбек Исаға арнаған ықылас жырын оқып, табыс етті.

Сонымен қатар іс-шарада Қазыбек Жарылқасынұлы «Қарттар үйінің» 21 қызметкерін “Ақ жол” партиясы қатарына кіргізіп, оларға салтанатты түрде мүшелік куәліктерін табыстады.

Айта кету керек, “Қарттар мен мүгедектер үйі” мекемесі басшысы Шәрбат Оразалинованың айтуынша, 2022 жылы Мәжіліс депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса талай жылдан бері көмір жағып келе жатқан осы мекемеге газ жеткізіп беруге ықпал еткені үшін Қарттар үйінің тұрғындары мен қызметкерлерінің 90 пайызы “Ақ жол” партиясына өткен.

Кездесу соныңда қариялар Қазыбек Исаға Ақ батасын беріп, Ақ жол тіледі.

Іссапар барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

“Халықтың алғысы да, айтар арызы да аз емес. Қарттар үйінде тұратындардың қала автобустарында тегін жүруді сұраған өтініштерін бүгін елмен кездесудің қорытындысы бойынша Шымкент қаласы әкімі Ғабит Сыздықбековке кіргенде көтердім. Сонымен қатар Тіл орталығына ғимарат керектігін жеткіздім. Қаланы дамытуға қайратты қарыммен, жастық жалынмен қарқынды кірісіп жатқан әкім бұл екі мәселенің де шешілетініне уәде берді.

Басқа да маңызды мәселелерді қозғап, олардың бәрі ретімен шешілетін болып жатыр” деді Қазыбек Иса сөзінің қорытындысында.

Қазыбек Исаның Оңтүстік өніріндегі іссапары жалғасуда.