Иса
Қазыбек
Жарылқасынұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
23.12.2022Ж. ДЕПУТАТ ҚР ЖОҒАРҒЫ СОТЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН "ҚҰҚЫҚ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯҒА МОДЕРАТОР ЖӘНЕ СПИКЕР РЕТІНДЕ ҚАТЫСТЫ

                         МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ АТА ЗАҢДА

                                              АЙҚЫН КӨРІНУІ ТИІС!


«Едігеден бастасам, ертегіге кетермін» дегендей, Мемлекеттік тілдің зар мұңын айтсақ, таңнан таңға кетеміз.

Ең алдымен еліміздегі үшінші билік - Жоғарғы сот бас болып, заң мен құқық қорғау орындарының басын қосып, Мемлекеттік тілдің рөлі жайлы келелі кеңес өткізіп жатқанына алғысымызды білдіреміз.

Біз бүгінгі сөзімізде Мемлекеттік тіл мәселесінің еліміздегі ең басты мәселеге айналып тұрғанына тағы да биліктің назарын аударғымыз келеді.

«Ет сасыса, тұз себеді, тұз сасыса не себеді?»-дейді халық даналығы. Сол секілді сот саласында кейінгі кезде мемлекеттік тілдің қолданылуы артып келе жатыр дегенмен, әлі сын көтермейді. Сот саласында істердің 29 пайыз ғана мемлекеттік тілде.

Бұл әсіресе, Астанадан бастап, орталық пен солтүстік және шығыс өңірлерде өте аянышты халде.

Мен өзім куә болған сот ісінен мысал келтіре кетейін. Қоғамда үлкен резонанс тудырған Су комитетінің экс төрағасы Ислам Әбіштің ісіне 2019 жылдан көктемінен бастап, 2021 жылға дейін екі жыл қоғамдық қолдаушы болып қатыстым.

Сондағы сорақылық – сотты жүргізген судьялардың мемлекеттік тілді білмеуі. Мысалы, судья Мекемтас Қажымұқан екі беттік қаулыдан 74 қате жіберді!?. Бұл «Қазақ үні» сайтында және әлеуметтік желілерде үлкен шу болды. Бұл масқара қайда болып жатыр? Тәуелсіздік алғанына 30 жылдай болған Қазақстанның Астанасындағы сотта болуда. Мысалы біздің ауылда, шалғай Шардарадағы, қиырдағы Қызылқұмдағы мектептің үшінші сынып оқушысы екі бет қағаздан 74 қате түгілі 7 қате де жібермейді!..

Ал бұндай сауатсыз сот мүшелеріне қалай адам тағдырын сеніп тапсыруға болады?

Біз, Ислам Әбіштің адвокаттары мен қоғамдық қорғаушылары қазақша жетік білмейтін судьяға сенімсіздік танытып, ол сот залынан шығып кетті. Оның орнына келген судьяның қазақшасы одан бетер нашар екен! Оған да сенімсіздік таныттық.

Одан кейін келген судья мемлекеттік тілге сауаты алдыңғы екеуінен де сорақы болып шықты. Жалпы соттың бір отырысында үш судьяға үш рет сенімсіздік білдірдік. Ақыры, Астана сотының масқара жағдайына көз жеткізген соң, сол басындағы Мекемтас Қажымұқанға зар болып, ол қайта келуге мәжбүр болды…

Қазақ Елінде қазақ тілі бар екенін, оның сот пен заң, құқық саласында қолданылуы Конституциямен, заңдармен бекітілген мемлекеттік тіл екенін Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылында Астананың соты жалпы, Қазақстан соты тұңғыш рет осылай еске түсірді…

Осы сотқа жауап беруге келген құқық қорғау органдарының, Антикордың қазақ тергеушілерінің бәрі қазақ тілінен аудармашы арқылы сөйлесті.

Бұдан біз сот пен құқық қорғау органдарындағы, яғни заңды бірінші сақтауы тиіс заң саласындағы ең басты заңсыздық - Мемлекеттік тілдің аянышты халіне куә болдық.

Сондықтан да өздері қазақ тілін білмейтін тергеушілер мен судьялар сотпен тергеудің Ресей тілінде өтуіне мүдделі. Тергеушілер де, соттар да жауапкерлерге соттың орыс тілінде өтуіне мәжбүрлейтіндері көп кездеседі. Ал қазақ тіліндегі жауап алу мен орыс тіліндегі жауап алудың екі тілдің өзіндік ерекшелігіне байланысты жауапкер тағдырына кері әсер етеді. Мысалы, бұрын орыс тіліндегі өткен тергеу мен соттың кейін іс қағаздары қазақ тіліне ауысқанда сотталып кеткендердің ақталып шыққандары да аз емес. Бұл туралы белгілі заңгер, биылғы адвокаттарға берілетін ең үлкен сыйлық - “Адвокаттың Алтын белгісін” иеленген Абзал Құспан жазған болатын.

Абзал Құспан өзі қорғаған Ислам Әбіш ісінің тергеуінің мемлекеттік тілде өтуін талап етіп, бұған заңды қадағалаушы бас прокуратураның жауапты басшыларының өзі бастап қарсы болғанда , Жоғары сотқа жүгіну арқылы ғана қол жеткізді.

Конституциялық кеңестің 2007 жылғы 23 ақпандағы №3 қосымша қаулысы бойынша Конституциядағы Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады деген норма ресми тіл статусы емес және орыс тiлiне екiншi мемлекеттiк тiл мәртебесi берiлетiнiн бiлдiрмейдi.

Сондықтан, Атазаңдағы 7-баптың екінші тармағы жұртты әлі шатастырып, орыс тілі заңсыз мемлекеттік тіл рөлін атқарып келе жатқандықтан, бүгінде ұлтаралық жанжалдардың туындауына себеп болып отыр. Сондықтан Конституцияның 7-бабының екінші тармағын алып тастау керек.


«Тіл туралы» Заңның 4-бабында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс қағаздарын жүргізу тілі», – деп айқын жазылған.

Ал ҚПК-нің 30-бабы, ӘҚБтК-нің 738-бабы бойынша да Қазақстанда қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу тілі қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізу де мемлекеттік тілде жүргізілуі керек.

Бізде заңдылықты қадағалаушы Бас Прокуратура атының өзі Астанадағы бас ғимаратындағы латын графикасы нұсқасында қате жазулы тұр әлі. «Bas ProkҮratҮra» деген екі сөзде екі қате кеткен. Негізі, «Bas Prokuratura» болып жазылуы керек. Мұндағы екі жердегі екі U дыбысы төбесіне ноқат қойылған Ү болып, бұрынғы латын графикасының екінші нұсқасымен жазылған.

Биліктің мемлекеттік тілді білетін мемлекеттік қызметкерлер жоқ деп, мемлекеттік тілді міндеттемей отыруы – Тәуелсіздіктің 30 жылында мемлекеттің мемлекеттік тілді дамытуда түк істемегенін мойындауы болып саналады.

ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯМЫЗ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІМІЗ БОЛУЫ КЕРЕК!

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ АТА ЗАҢДА АЙҚЫН КӨРІНУІ ТИІС!

ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ ҚОРҒАУ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕН БАСТАЛАДЫ!

Ал бізде 30 жылдан бері МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОҚ!

Конституцияның тіл туралы бабының бірінші тармағын орындамай, оған қарсы екінші тармағын орындайтын ел әлемде тағы да жалғыз Қазақстан!

ТІЛДІК ДИСКРИМИНАЦИЯҒА ұшырап жатқан ҚАЗАҚ ТІЛІ, орыс тілі емес!

Өйткені, МЕМЛЕКЕТТІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІ ДИСКРИМИНАЦИЯҒА ҰШЫРАУ – тарихта әлемде тек Қазақстанда ғана!

Ал кез келген өзін сыйлайтын дамыған ел үшін алдымен әлемдік алты тіл емес, ең бірінші Мемлекеттік тілі маңызды!

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚОРЛАТПАУ – МЕМЛЕКЕТ БАСШЫЛАРЫНАН БАСТАП, БӘРІМІЗДІҢ БАСТЫ МІНДЕТІМІЗ БОЛУЫ ТИІС!


Ұлттық намысы жоқтардың: «Бәріне түсінікті тілмен сөйлейін» -дегені – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚОРЛАУЫ және бізде 30 жылда да МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ БОЛМАҒАНЫН МОЙЫНДАУЫ!

Ел біртұтас бірігу үшін барлық ұлт мемлекеттік тілде сөйлеуі керек!

Түрік Республикасының тұңғыш президенті Кемал Ататүрік мемлекет басшысы болып сайлана салысымен, алғашқы жылы-ақ: «Түркия мемлекеті мықты болуы үшін еліміздегі 78 ұлт бүгіннен бастап бәріміз бір тілде -түрік сөйлейтін бір ұлтпыз!» -деп жариялады. Осындай қазақ ұлты алдындағы тарихи жауапкершілік пен ұлы аманат бізде де орындалуы тиіс еді... Өкінішке орай, 30 жылымыз, бір дәуір босқа өтті...

Мемлекеттік тілімізді міндеттейтін заң қабылдау үшін біз енді тағы да үшінші президентті күтуіміз керек пе?!

«Ақ жол» фракциясы 2012 жылы Мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру бойынша заң жобасын жасағанда үкімет өткізбей тастады.

Конституцияның тіл туралы 7-бабының 2-тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заңды талап етуді «Ақ жол» партиясы ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңестің 2019 жылғы 6 қыркүйекте өткен бірінші отырысында да көтерді.

Парламентте «Ақ жол» фракциясының «Мемлекеттік тілдің жеке дара мәртебесін анықтайтын уақыт жетті!» атты депутаттық сауалын 2021 жылғы 3 ақпанда және 2022 жылғы 27 сәуірде екі рет еліміздің екі Премьер-Министріне Конституцияның тіл туралы 7-бабының 2-тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заңды талап еткен депутаттық сауал жасадық. Бұл сауалымызды Еговтағы петицияда жарты миллионнан астам адам қолдады.

АТА ЗАҢДЫ ӨЗГЕРТПЕЙ, ТІЛДІ ҮЙРЕНУ – СУҒА ТҮСПЕЙ ЖҮЗУДІ ҮЙРЕН ДЕГЕНМЕН БІРДЕЙ!

2021 жылы ол кезде белгілі заңгер, тіл жанашыры Досжан Әмір басқаратын Ақмола облыстық соты Көкшеде мемлекеттік тілге арналған конференция жасады. конференция жасады.

Қаулы қабылдап, #1 ұсыныс ретінде Атазаңның тіл туралы 7 бабын өзгертуді талап етіп қойды.

МЕМЛЕКЕТКЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ КЕРЕГІ ЖОҚ БОЛСА, ТІЛДІ КІМ, НЕ ҮШІН ҮЙРЕНЕДІ!?.

Биліктің мемлекеттік тілді білетін мемлекеттік қызметкерлер жоқ деп, мемлекеттік тілді міндеттемей отыруы – Тәуелсіздіктің 30 жылында мемлекеттің мемлекеттік тілді дамытуда түк істемгенін мойындауы болып саналады.


«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 23-бабының 3-тармағы осы заң қабылданғалы 1997 жылдан бері 24 жылда, яғни, ширек ғасырдан бері және Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық дәуірінде де іске аспаған және іске асатынына елдің үміті жоғалған «жансыз» бап.

Сондықтан да, 2020 жылы «Қазақ үні» ұлттық порталында Мемлекеттік тіл туралы заңды талап етіп, ҚР Президентіне жазылған Ашық хатқа еліміздің әлемге әйгілі тарландары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Дулат Исабеков, Асанәлі Әшімов, Қабдеш Жұмәділов, Өмірзақ Айтбаев, Амангелді Айталы бастап, екі айда 130 мыңға жуық адам қол қойып, бұрынғы межелерден 1000 еседей көп тарихи рекордтық деңгейге жетті.

Кезінде Мәдениет министрлігінде Мемлекеттік тіл туралы заң жобасы тұжырымдамасын жасалып, 2020 жылы тамыз айында Үкіметке жіберілді. Яғни, ол заң тұжырымдамасы әлі Үкіметте жатыр қозғаусыз.

Ал 1997 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы» Қазақстан Республикасының заңы Қазақстандағы тіл саясатын реттеушілік маңызға ие бола алмаған формальды құжат қана.

Сонда, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ КЕРЕГІ ЖОҚ БОЛСА, ҚАЗАҚ ТІЛІН КІМ, НЕ ҮШІН ҮЙРЕНЕДІ!?.

30 жылдан бері әлі күнге мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік тілді білуі туралы талап жоқ. Мемлекеттік тілді білу талабы қазір жаңсақ айтылып жүргендей, азаматтың жеке басын тіліне қарай кемсіту емес, мемлекеттік қызметшілерге, бар болғаны 100 мыңға жуық адамға ғана қойылатын кәсіби біліктілік талабы болуы тиіс. Көлік жүргізушіден жүргізуші куәлігін қалай талап етсе, сонымен бірдей міндет болу керек бұл.

Жалпы мемқызметкерлерді 0,5 пайыз деп есептесек, оның ішінде мемлекеттік тілді білмейтіндер жартысынан да аз шамада. Сонда билікке мемлекет мүддесін емес, мемлекеттік тілге миы жетпейтін бар-жоғы 0,2 пайыздың мүддесін қорғап, мемлекетке, билікке кір келтіріп отырғанын отыз жылдан бері ұғыну үшін көп ақылдың керегі жоқ қой.

Біз Мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен соттардың және көпшілікке қызмет ету мекемелері қызметкерлерінің міндетті түрде мемлекеттік тілді еркін білуі туралы стандарт енгізуіміз керек. Мемлекеттік қызметкерлер тапсыратын ҚазТЕСТсынағындағы Қазақ тілін 0-мен бағалау масқарасы жойылуы тиіс!


Мысалы, Ресейде мемлекеттік тілді талап етсең - патриот болып мақталасың. Ал Қазақстарда мемлекеттік тілді талап етсең, нашар мағынадағы “ұлтшыл” атанып, датталасың, тіпті сотталасың!

Ендеше, Қазақстанда да барлық жерде мемлекеттік тілде қызмет етуді талап ету - заңдылық!

ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ ҚАЗАҚША НАН СҰРАЙ АЛМАЙ ОТЫРСАҚ, БҰҒАН ҚАЗАҚ БИЛІГІ ЖАУАПТЫ!

30 жылдан бері ӘЛСІЗ ЗАҢЫНЫҢ ӨЗІН ОРЫНДАТА АЛМАЙ ОТЫРҒАН, НАҚТЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУҒА ҚАРСЫ БОЛЫП ОТЫРҒАН ҮКІМЕТТІҢ НЕ КЕРЕГІ БАР?

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ДАМЫМАУЫ – МЕМЛЕКЕТТІҢ БАСТЫ КІНӘСІ!

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МӘЖБҮРЛЕМЕЙ, ТІЛ ДАМЫМАЙДЫ!

Елдің ең басты мәселесі – Мемлекеттік тіл туралы дербес заң қабылданбай, бұл күннен-күнге қиындап келе жатқан күрделі мәселе ешқашан бітпейді, қайта өрши береді.

Сондықтан, Президент айтқан бір ғана Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек!

Сонда ғана мемлекет басшысының айтқан сөздері нақты заңмен бекітіледі.


Біз мұны ҚАУІП ЕТКЕННЕН АЙТАМЫЗ!



Қазыбек ИСА                              

ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты