Ким
Вера
Александровна

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Жекеменшік балабақшаларға әдістемеге сәйкес қаражат бөлу туралы

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Ералы Лұқпанұлы!

Біздің депутаттық сауалымыз «NurOtan» партиясының мектепке дейінгі білім мекемелерімен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерін іске асыруға бағытталған. Бұл мәселені Парламент депутаттары бірнеше рет көтерген болатын, «NurOtan» партиясының мүшелері жақында сайлаушылармен өткен кездесу барысында бұл мәселе қайтадан көтерілді. Бүгінгі таңда, Түркістан облысындағы жекеменшік балабақшалары аянышты жағдайда тұр. Өзіңізге белгілі Түркістан облысында бүгінгі таңда жекеменшік балабақшалардағы жан басына қаржыландыру мәселесі республика бойынша ең төменгі мөлшерде, яғни 25 582 теңгені құрайды, бұл көрсеткіш Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі 2017 жылғы 27 қарашадағы бұйрығымен бекітілген жан басына қаржыландыру әдістемесіне сәйкес ауылдық жерде - 41 053 теңгені, қалалық жерде - 37 527 теңгені құрауы тиіс.

Атап айтсақ, Түркістан облысы бойынша бүгінгі таңда 1024 жекеменшік балабақшалар жұмыс істейді, яғни облыс бойынша 72% ды қамтиды, осы балабақшаларда – 115 мыңнан астам (74%) бала тәрбиеленуде. 50 мың бала аз қамтылған, жиырма бес мың бір жүз (25 100) бала көп балалы отбасынан келеді. Жекеменшік балабақшаларда 36 840 адам тұрғылықты жұмыспен қамтылған, оның 19 004 педагог қызметкерлері мен тәрбиешілері қызмет етуде. Балабақша қызметкерлерінің айлық жалақысы 42 500 - 70 000 аралығында, қызметкерлердің 50% - дан астамы көп балалы және аз қамтылған отбасылар, 10 000 нан астам адам ең төменгі айлық жалақыға жұмыс істеуде.

Осыған орай, Түркістан облысы бойынша, жергілікті бюджеттен қаржы тапшылығына байланысты, соңғы 3 жылдағы инфляцияны, педагог кадрлардың айлық жалақысының өсуіне қарамастан жан басына қаржыландырудың мөлшеріне қосымша қаржы қарастырылмаған, осының салдарынан бүгінгі таңда облыс бойынша 23,5 млрд теңге қаржы тапшылығы туындап отыр. Жергілікті атқарушы органдар облыс әкімі бұл қаржыны жергілікті бюджеттен төлеу мүлде мүмкіндігі жоқ екендігін жеткізуде.
Бұл мәселені жекеменшік балабақшалары басшылары 3 жылдан бері көтеріп, барлық атқарушы мемлекеттік органдарға хат жолдаған болатын, алайда осы күнге дейін мәселенің шешімі табылмады. Жан басына қаржыландыру мемлекеттік білім тапсырмасын орындау үшін Түркістан облысы бойынша 23,5 млрд тенге тапсырыс берілген. Бір-ақ республикалық бюджеттік комиссияның 2021 жылғы 20 сәуірдегі №9 шешімімен бұл шығыстар қолдау таппады. Егер бұл мәселе биылғы жылыда шешімін таппаса, кәсіпкерлер қыркүйек айында жаппай жұмыстарын амалсыз тоқтататынын білдіруде, ол кезде тағыда 100 мың бала балабақшасыз, 20 мың адам жұмыссыз қалу ықтималы бар. Қазақстан Республикасының Білім министрі тамыз кеңесінде педагогтардың айлық жалақысы, сонымен қатар балабақша тәрбиешілерінің айлық жалақысы қыркүйек айынан тағы 25%-ға ұлғаятыны туралы мәлімдеді, жыл басынан бері Ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес барлық педагогтардың айлық жалақысы жалпы 50%-ға артты.

Жекеменшік балабақшалары басшылары «Біздің Түркістан облысының тәрбиешілері педагог емес пе, Үкімет басшысының тапсырмалары, «Ұстаз мәртебесі» туралы Заң, Білім министрінің бұйрықтарын орындау біздің Түркістандықтар үшін міндетті емес пе? Біздің жан айқайымызды кім тыңдайды, еститін Үкіметіміз қайда? Ертен тағы басқа педагогтардың айлық жалақысы көтерілген кезде біз тәрбиешілерге не айтамыз? Көптеген білікті педагог мамандарымыз айлық жалақының аздығынан жұмыстан босап кетуде, 10 даған балабақшалар қаржы жеткіліксіздігінен балабақшаларын сатуға шығарып, немесе басқа бағыттарда жұмыс істеуге жөнелтіріп жатыр, егер мәселе биылғы жылыда шешімін таппаса, кәсіпкерлер қыркүйек айында жаппай жұмыстарын тоқтатамыз деп ашық хаттар мен жүгініп отыр, онсызда қиын әлеуметтік жағдай ушығып кетуі әбден мүмкін. Сізден өтініп сұрайтынымыз, жүз мыңдаған адамның тағдырына байланысты болып тұрған қаржы мәселесінің оң шешімін табуына ықпал жасасаңыз екен», деп сайлаушылар шағымын жеткізді.
Құрметті Ералы Лұқпанұлы! «Nur Otan» партиясының Сайлауалды бағдарламасында «әрбір азаматқа – лайықты өмір» деп нақты көрсетілген. Жас ұрпақ біздің болашағымыз. Сондықтан да, сәбилердің қамын ойлап,бірлесе шешкеніміз жөн. Ата бабамыз айтқандай «Көптің тілегі, көл болады – көп біріксе, ел болады» - демекші. Баршамыз бірлесіп, халықтың жағдайын жақсартуды қамтамасыз етуіміз қажет. Осыған орай, ағымдағы жылдың 16 маусымында көтерілген осы мәселені шешу жөніндегі біздің сұрауымызға жақын арада мәселені шешу мүмкіндіктерін зерделеп, қарастырылатыны туралы мәлімет алдық. Осыған байланысты, қандай шешімдер қабылданады және тиісті қаржыландыру қалай жүзеге асатыны туралы түсіндіруді сұраймыз? Депутаттық сауалға Заң талаптарына сәйкес жауап беруіңізді сұраймыз.


Құрметпен,
«NurOtan» партиясы
Фракциясының мүшелері Ф. Қаратаев
Д. Назарбаева
Қ. Ержан
Б. Оспанов
Қ. Абасов
Б. Бекжанов
С. Ертаев
Ғ. Ташқараев
Ж.Сүлейменова
В. Ким
Ә. Әбсеметова