Колода
Дмитрий
Владимирович

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ЗАҢНАМА ЖӘНЕ СОТ-ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕФОРМА КОМИТЕТІНІҢ ТАҚЫРЫПТЫҚ ОТЫРЫСЫ: «КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕСТІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ».

Image title

Image title

Image title

Image title

Image title

Мәжілісте киберқылмысқа қарсы күрес мәселелері талқыланды

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде киберқылмыспен күресудің өзекті мәселелері туралы тақырыптық отырыс өтті. Жиынға комитет төрайымы Снежанна Имашева жетекшілік етіп, қатысушылар қоғамдағы проблемалық жағдайлар мен олардың шешу жолдарын талқылады. Отырысты ашқан Снежанна Имашева былтыр елімізде 21 мыңнан аса интернет-алаяқтық тіркеліп, азаматтарға 21 млрд теңге залал келтірілгенін айтты. – Депутаттарға тұрғындардан көптеген шағым мен өтініштер келіп түседі. Алаяқтар ақша ұрлау үшін түрлі амалды қолданады, алданған азаматтардың саны жылдан жылға артуда. Олар банктегі шоттары мен депозиттеріндегі ақшаларын жоғалып, атына миллиондаған сомаға несие рәсімделуі ерекше алаңдаушылығымызды тудырып отыр, – деді комитет төрайымы. Ішкі істер вице-министрі Айдос Рысбаев бүгінгі таңда киберқылмыс проблемаларының бүкіл әлемде өзекті екенін айтты. Ол өз баяндамасында киберқылмыс статистикасы мен оған қарсы әзірленіп жатқан шараларға тоқталды. – Соңғы 7 жылда Қазақстанда киберқылмыс саны 10 еседен астам өсті. 2017 жылы 2046 болса, 2023 жылы 21637-ге жетті. Мұндай қылмыстар былтыр тіркелген қылмыстардың жалпы санының 19 пайызын, алаяқтық қылмыстарының 50 пайызын құрайды. Биылдың өзінде 3645 интернет-алаяқтық тіркелді (2023 жылдың ақпанымен салыстырғанда 8,3 пайызға өсті). Бұл жалпы қылмыс санының 18 пайызын және барлық алаяқтықтың 43 пайызын құрайды. Қабылданған шаралар нәтижесінде 4 мың интернет-алаяқтық жасаған 2 мыңға жуық адам ұсталып, жауапкершілікке тартылды. Жәбірленушілерге 850 млн теңге көлемінде шығын өтелді, – деді А.Рысбаев. Өз кезегінде депутат Үнзила Шапақ мұндай қылмыстардың алдын алу үшін қолданыстағы Қылмыстық кодекске толыққанды институт, яғни ақпараттандыру және байланыс саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар тарауы енгізілгенін атап өтті. – Шоттардан ақша ұрлаумен байланысты қылмыстарға ықпал ететін бірқатар алғышарт бар. Мысалы, қарыз беру қағидаларын реттейтін нормалардың іске асырылуына заңнамалық бекітудің не тиісті бақылаудың болмауы. Абоненттік нөмірлерді тіркеуге және пайдалануға, байланыс операторларына, IP-операторларға реттеудің болмауына байланысты проблемалар бар. Клиенттердің дербес деректерінің сақталуына, қарастырылып отырған саладағы жекелеген нормалар мен ережелердің сақталуына ішкі бақылауды қатаңдату да өзекті, – деді Ү.Шапақ. Баяндамаларды тыңдаған соң депутаттар жауапты орган өкілдеріне сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты. Талқылау барысында айтылған барлық пікір мен ескертулер ұсыныстарға енгізіледі. Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті оларды қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу барысында қарастыратын болады. Жиынды қорытындылаған Снежанна Имашева кибералаяқтыққа тек ІІМ тарапынан күш салу жеткіліксіз екеніне тоқталды. – Алаяқтар қылмыс жасаудың жаңа түрлі әдісін ойлап табуда. Қазір олардың SIP-телефония қолдану жағдайлары жиілеп кетті, осы жылы 288 осындай қылмыс жасалды. Интернет және телефон алаяқтықтарына қарсы іс-қимыл мәселесі ел басшылығының бақылауында. Алаяқтардың әсерінен азаматтар болашақта төлей алмайтын миллиондаған несие алады. Қайтарылмайтын кредиттерді ресімдеу фактілерінің жолын кесуге бірінші кезекте банктер мүдделі. Бұл мәселеге кешенді түрде назар аударып, азаматтардың құқықтарын қорғау үшін нақты пәрменді шаралар әзірлеу қажет, – деді С.Имашева.