Колода
Дмитрий
Владимирович

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІНІҢ МӘЖІЛІСІ ЖАЛПЫ ОТЫРЫСЫ

Image title

Image title

Image title

Мәжіліс Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы құқықтық көмек туралы шартты ратификациялады

Қазақстан мен Қырғызстан азаматтық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсетумен айналысатын құзыретті мекемелерді анықтады. Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары аталған келісімге өзгерістер енгізілген хаттаманы ратификациялады. «1996 жылғы 26 тамыздағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі өзара құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев баяндама жасады. «Хаттамада уағдаласушы тараптардың өздері құқықтық көмек көрсету кезінде байланыстарды жүзеге асыратын және дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін хабардар ететін құзыретті мекемелерді анықтауды көздейтін 4-бапқа өзгеріс енгізу көзделген», ­– деді министр баяндамасында. Атап айтқанда, ішкі істер органдарының қылмыстық істер бойынша заң көмегін көрсету құзыреті алынып тасталды, өйткені бұл функция бұдан былай Бас прокуратураға тиесілі. Қосымша баяндамасында Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Данабек Исабеков хаттамаға Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік соттардың шешімдері мен өтініштерін орындау саласында құқықтық көмек көрсету тәртібі мен талаптарын айқындау мақсатында қол қойылғанын атап өтті. Талқылау нәтижесінде депутаттар аталған заң жобасын қолдап дауыс берді. Сонымен қатар сегізінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің өкілеттіктерін іске асырудың бірінші сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспарын қабылдады. Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе ­– жаңа шақырылымда Мәжіліс жанынан Қоғамдық палата құру мәселесі болды. Бұл тақырып бойынша Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Айдос Сарым баяндама жасады. «Парламент талқысына түскен маңызды, қоғамның қызығушылығы мен алаңдаушылығын тудырған әрбір заңды Қоғамдық палатада міндетті түрде талқылау қажет деп санаймыз. Бұны топшылап «бастапқы немесе бастауыш оқылым» деп атасақ та болатын шығар. Палатада айтылған әрбір жақсы ұсынысты Мәжіліс депутаттары өз атынан салыстырмалы кестелерге енгізіп, палата мүшелерінің абыройы мен мәртебесін асырып отырады деп сенеміз. Бұның барлығы да заң шығару жұмысын жақсартып, қабылданып жататын заңдардың қоғамдық сараптамасын, сапасын қамтамасыз етеді деп санаймыз», – деді А.Сарым. Ол сондай-ақ Қоғамдық палатаның құрамы сарапшылар, экономистер, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлерінен жасақталатынын айтты. Әріптестер оның ұсынысын қолдады. Бұдан бөлек депутаттар Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және арнаулы мемлекеттік органдардағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қорытынды әзірлеу жөніндегі Мәжіліс Қаулысының күшін жойды. Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспанның айтуынша, заң жобасына өткен шақырылымдағы депутаттар бастамашы болған. Ал Мәжіліс Регламентіне сәйкес, депутат өзі бастамашылық еткен заң жобасы қаралғанға дейін оның өкілеттігі тоқтатылған жағдайда, оны жұмысқа қабылдау туралы шешімнің күші жойылады. Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша түзетулерді жұмысқа қабылдады. Заң жобасының басты мақсаты – қазақстандық қоғамның конституциялық құндылықтарын қылмыстық-құқықтық қорғауын күшейту. Жиын соңында мәжілісмендер құзырлы орган басшыларына депутаттық сауалдарын жолдады.