Колода
Дмитрий
Владимирович

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІНІҢ МӘЖІЛІСІ ЖАЛПЫ ОТЫРЫСЫ

Image title

Image title

Мәжіліс ЕАЭО шеңберінде кредиттік тарих бойынша мәлімет алмасу келісімін ратификациялады

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар Еуразиялық Экономикалық Одақ шеңберінде кредиттік тарихқа енгізілген мәлімет алмасу тәртібі туралы келісімді, Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық институтын құру туралы келісімді, сондай-ақ Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялады. Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберінде кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтер алмасу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова баяндама жасады. Ол заң жобасы ЕАЭО Бірыңғай қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасын іске асыру аясында әзірленгенін айтты. – Келісім ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттің резиденттері үшін басқа мүше мемлекеттердің аумақтарында орналасқан банктерде несие ресурстарын алуға өтініш берген кезде тең жағдайлар жасауға, сондай-ақ банктерге несие беру туралы шешім қабылдау кезінде тәуекелдерді сапалы бағалау мүмкіндігін беруге бағытталған. Бұл ЕАЭО аясында трансшекаралық кредиттеуді дамытуға ықпал етеді, – деді Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Берік Бейсенғалиев қосымша баяндамасында. Келісім несиелік есептерді трансшекаралық алмасу тәртібі мен берілетін ақпараттың тізбесін, соның ішінде кредиттік есепті ұсыну туралы сұрату, кредиттік тарих субъектісінің келісімі, кредиттік есептің өзі, сондай-ақ несиелік тарихты даулауға қатысты құжаттарды анықтайды. Ол резиденттерге несие беру бойынша шешімдер қабылдау кезінде тәуекелдерді сапалы бағалау мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. Екінші келісім Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы (ОАӨЭЫ) институтын құруды реттейді. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, институт 2015 жылы 11 мемлекет пен 7 халықаралық ұйымның қатысуымен құрылып, екі жылдан кейін үкіметаралық ұйым мәртебесін алған. – Қазақстанның Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институтына мүше болуы мүше елдер үкіметтерінің өңірлік ынтымақтастық процестеріне қатысуын кеңейтуге, өңірлік ынтымақтастық жобаларын жоспарлау және іске асыру бөлігінде олардың әлеуетін жақсартуға, олардың біліктілік деңгейін арттыруға ықпал етеді, – деді Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Мұқаш Ескендіров қосымша баяндамасында. Ол институттың ОАӨЭЫ мүше елдерінде озық тәжірибе алмасуға негізделген инновациялық шешімдерді қамтамасыз ету, стратегиялық және ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыру секілді функциялары барын атап өтті. Бұдан бөлек депутаттар БҰҰ Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясына Факультативтік хаттаманы ратификациялады. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Елнұр Бейсенбаев қосымша баяндамасында атап өткендей, Қазақстанның Хаттамаға қосылуы мүгедектердің құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға және инклюзивтілік қағидатын жүзеге асыруға ықпал етеді. – Хаттамада Конвенцияда бекітілген құқықтары бұзылған жағдайларда жеке шағымдарды қарау тетіктері белгіленеді. Бұл Қазақстан Республикасының азаматтарына өздерінің экономикалық, әлеуметтік және мәдени мүдделерін халықаралық тұрғыда қорғау құқығын қамтамасыз етеді, – деді Е.Бейсенбаев. Сонымен қатар жалпы отырыста депутаттар жауапты органдарға әлеуметтік маңызды тақырыптар бойынша депутаттық сауалдарын жолдады.