Колода
Дмитрий
Владимирович

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІНІҢ МӘЖІЛІСІ ЖАЛПЫ ОТЫРЫСЫ

Image title

Image title

Image title

Image title

Мәжілісте Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері талқыланды

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері талқыланып, Сенатқа жолданды. Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті депутаттарға ұсына отырып, әлемде күрделі жағдай қалыптасқанына қарамастан макроэкономикалық көрсеткіштердің өскендігін атап өтті. Жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 3,3% құраған. Ол болжанған көрсеткіштен жоғары. Жоғары аудиторлық палатаның төрайымы Наталья Годунова аталған палата қызметінің міндеті – орталық мемлекеттік органдардың түзетуші және алдын-ала басқарушылық шешімдерін талап ететін әлсіз тұстарын көрсету екенін айтты. Орын алған кемшіліктер қатарында жалпыұлттық міндеттерге қол жеткізуге әсер етпейтін іс-шараларға қомақты ресурс жұмсалып жатқандығын, бюджетті толықтыру үшін резервтерді жіберіп алу, тиімсіз жоспарлау, сондай-ақ бюджетті мақсатты және тиімді игеруге кері әсер ететін басқа да факторлардың бар екенін баса айтты. Қосымша баяндама жасаған Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ұласбек Сәдібеков 2022 жылдың қорытындысы бойынша республикалық бюджет кірісі 16 трлн теңгені құрағанын немесе 102 пайызға орындалғанын айтты. Өсу қарқыны 2021 жылмен салыстырғанда 127,7 пайыз. Алайда оның айтуынша, республикалық бюджеттің Ұлттық қордан берілетін трансферттерге тәуелділігі сақталып отыр. – Республикалық бюджет кірісінің шамамен 34,4 пайызы трансферттер түсімдері есебінен қалыптасқан. Бұл 5,5 трлн теңгені құрайды. Соның ішінде 4,6 трлн теңге ұлттық қордан түскен. Шығындар 18,5 трлн теңгені құрап отыр. Жоспар бойынша орындалғаны – 98,6 пайыз, ал орындалмағаны – 262,6 млрд теңге, – деді депутат. Депутаттар Үкімет мүшелеріне бюджеттің орындалмау фактілері мен тексеру қорытындылары бойынша анықталған басқа да кемшіліктер бойынша сұрақтар қойды. Мәселен, халық қалаулылары 2022 жылға арналған республикалық бюджетті атқару кезінде жоспарлау сапасының төмендігі, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, сондай-ақ бюджеттен қаржыландырылатын республикалық бағдарламалар әкімшілерінің жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-әрекетінің сәйкеспейтіндігі байқалғанын атап өтті. Мәжілістегі алты фракция өкілдері талқыланып жатқан құжат бойынша өз бағаларын берді. Атап айтқанда, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Анас Баққожаев макроэкономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің даму қарқыны бойынша ең төменгі сатыда тұрғанына мән берді. – Бірінші себеп – негізгі капиталға салынатын инвестицияның мөлшері аз. Екінші – елді мекендерде ауыл шаруашылығына қажетті инфрақұрылымның болмауы. Судың жетіспеушілігі бұған нақты мысал. Сондықтан бюджетті жоспарлау кезінде біз осы екі негізгі мәселенің Үкіметтің күн тәртібінде болуын талап етеміз, – дей келе, депутат жалпы «Ауыл» фракциясы Үкіметтің бюджеттің атқарылуы туралы ұсынған есебін бекітуге қарсы емес екенін жеткізді. Ал «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев инфляцияның өсуіне байланысты негізгі азық-түлік өнімдерін тұтыну көлемінің мәжбүрлі түрде қысқарғанына тоқталып, Үкіметке бірқатар ұсыныс айтты. – Біз нақты проблемаларға назар аудардық. Дегенмен Үкімет тарапынан ауқымды жұмыс атқарылды. Есепті кезеңде республикалық бюджеттің атқарылуы сыртқы әлеуметтік-саяси, экономикалық жағымсыз факторлардың әсерінен орындалғанын объективті түрде атап өткен жөн, – дей келе, «AMANAT» фракциясы аталған ескертулерді ескере отырып, Үкіметтің 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін бекітуді жақтайтынын мәлімдеді. Есепті бекітуге «Ақ жол» және ЖСДП партияларының фракциялары қарсылық білдірді. Қазақстан Халықтық партиясы мен Respublica партиясының фракциялары ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, құжатты қолдайтындарын айтты. Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар Үкіметтің есебін қанағаттанарлық деп бағалады. Сондай-ақ орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылығына бюджетті атқару барысында бұзушылықтарға жол берген кінәлі адамдарды жауапқа тарту жөнінде шаралар қабылдауды ұсынды. Сонымен қатар Парламентке 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасы енгізілген кезде қабылданған шаралар туралы ақпарат берілу керектігін талап етті. Өз кезегінде Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Үкімет мүшелеріне есептегі әрбір цифрдың артында адамдардың тағдыры тұрғанын атап өтті. – Үкімет жылдан жылға бюджеттің жоғары деңгейде игеріліп жатқанын мақтанышпен баяндайды. Алайда игерілмеген қаржы бойынша айтатын себептері де өзгермейді. Біз бұл цифрларға Үкіметтің қалай жеткенін жақсы білеміз. Бюджет 1 трлн теңгеге түзетілді. Мұндай – «тамаша» цифрлардың артында не тұр? Уақытылы қолданысқа берілмеген 60 мектеп тұр. Соның салдарынан он мыңдаған оқушы үш ауысымда білім алуға мәжбүр. Үлестірілмеген 18 мың грант тұр. Ал мұның артында адамдардың тағдыры тұр. Осыны ұмытпауымыз керек, – деді Мәжіліс Спикері. Енді регламентке сәйкес, Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері Парламент палаталарының бірлескен отырысында қаралады.

Image title

Image title

Image title

Image title

Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы, заңсыз алынған активтерді қайтару туралы заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды

Мәжіліс онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы және заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Жалпы отырыстың екінші бөлігінде «Онлайн платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер бірінші оқылымда қаралды. Депутаттар бастамашы болған заң жобасы жөнінде Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Айдос Сарым баяндама жасады. Оның айтуынша, заңды әзірлеудегі мақсат – онлайн-платформаларды пайдаланушылардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау. – Азаматтар интернетте де құқықтарының қорғалуын талап етеді. Олар өздерінің артында мықты мемлекет тұрғанын айқын сезінуге тиіс. Біз қарап отырған заң әлеуметтік желіні бұғаттауды немесе біреудің құқығын шектеуді көздемейді. Екі жыл бұрын кибербуллинг туралы заң қабылданғанда да біраз алаңдаушылық болған. Бірақ бұл заңның өміршеңдігі мен қажеттілігін өмірдің өзі дәлелдеп берді, – деді депутат. Заң жобасында «онлайн-платформаны пайдаланушы» және «инфлюенсер (блогер)» ұғымдары енгізіледі. Сондай-ақ олардың құқықтары мен міндеттері белгіленеді. Онлайн-платформаларда жалған ақпаратты орналастыруға және таратуға тыйым салынады. Бұдан басқа, онлайн-платформалардың интерфейстері мен модерациясына мемлекеттік тілді міндетті интеграциялау көзделіп отыр. Бұл әлеуметтік желілердің алгоритмдеріне заңға қайшы контентті қадағалауға, сондай-ақ қазақ тіліндегі контентті модерациялауға мүмкіндік береді. Онлайн-платформалардың меншік иелері үшін мемлекеттік органдармен анық емес ақпаратқа және салықтан жасыруға қарсы күрес бойынша ынтымақтастық жөніндегі міндеттеме енгізіледі. Сондай-ақ кәсіпкерлік заңнамасына сәйкес онлайн-жарнаманы таңбалау және онлайн-платформаларда жарнамалық қызметті жүргізу бойынша міндеттемелерді белгілейді. Сонымен қатар отырыста депутаттар бастамашы болған «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасы, Әкімшілік кодекс пен Салық кодексіне және өзге де заңнамалық актілерге ілеспе түзетулер бірінші оқылымда мақұлданды. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, заң жобасының басты мақсаты – Қазақстан аумағында және одан тыс жерде заңсыз алынған активтерді қайтарудың заңнамалық тетіктерін кеңейту, олардың шетелге шығару жағдайларын анықтап, жолын кесу және болдырмау. – Егер мониторинг және ақпаратты талдау қорытындылары бойынша уәкілетті органда активтерді сатып алу көздерінің заңдылығына байланысты негізді күмән туындаса, уәкілетті орган субъектіні және оның үлестес тұлғаларын реестрге енгізу мәселесін арнайы құрылған комиссияның қарауына шығарады. Бұл комиссия құрамына қоғам қайраткерлері, депутаттар, Үкімет мүшелері кіреді және оны Премьер-Министр басқарады. Материалдарды қарау қорытындылары бойынша комиссия адамды реестрге енгізу немесе қоспау туралы ұсыныс береді, – деді Е.Бейсенбаев. Сондай-ақ депутат егер тұлға декларацияны тапсыру арқылы өз активтерінің шығу тегін растай алмаса, мұндай активтер негізсіз байлық ретінде танылып, мемлекет кірісіне қайтарылуы мүмкін екенін айтты. Заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер заңсыз алынған активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органды, сондай-ақ қайтарылған активтерді жинақтау және әлеуметтік-экономикалық жобаларды қаржыландыру үшін арнайы мемлекеттік қор мен басқарушы компания құруды көздейді. Жалпы отырыста палата комитеттері масс-медиа туралы және оған ілеспе заң жобасын, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша түзетулерді жұмысқа қабылдады. Бұдан бөлек Мәжіліс «Прокуратура туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Конституциялық заң жобасы бойынша Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясының құрамына Снежанна Имашева, Абзал Құспан, Мәди Такиевті сайлады. Елдің орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі Парламенттік комиссия құрамына Альберт Рау, Нұртай Сабильянов, Павел Казанцев, Гауһар Танашева, Асқар Садықов, Асхат Рақымжанов, Аян Зейнуллин, Динара Шүкіжанова және Ерлан Стамбеков сайланды.