Колода
Дмитрий
Владимирович

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІНІҢ МӘЖІЛІСІ ЖАЛПЫ ОТЫРЫСЫ

Image title

Image title

Image title

Image title

Мәжіліс республикалық бюджет туралы заңды қабылдады

Бүгін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар Ұлттық қордан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт пен 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңды қабылдап, Сенаттың қарауына жіберді. Жалпы отырыс «Костенко» шахтасында қаза болған шахтерлерді бір минут үнсіз тұрып еске алумен басталды. Бұдан соң Мәжіліс депутаты Арман Қалықов қайғылы оқиғаға байланысты Парламент Мәжілісі атынан депутаттық сауал жолдады. Ол депутаттардың еңбекті қорғау туралы заңға енгізілмек маңызды өзгерістер әзірлеп, Үкіметке жолдағанын атап өтті. Онда өнеркәсіптік қауіпсіздік инспекциясы мен еңбек инспекциясы тұрғысынан мемлекет бақылауын күшейту ұсынылып отыр. Отырыс барысында қаралған негізгі мәселе – Ұлттық қордан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт пен 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобалары. Ол туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Мәжілістегі Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Мархабат Жайымбетов баяндама жасады. Жиынға Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Үкімет мүшелері қатысты. Ұлттық экономика министрі Ұлттық қордың валюталық активтері 2024 жылы 68 млрд АҚШ долларын құрап, 2025-2026 жылдары 80,7-93,3 млрд АҚШ долларына дейін өседі деп болжанып отырғанын атап өтті. – Республикалық бюджет пен Ұлттық қордың параметрлерін анықтауда бюджет параметрлерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейту негізгі міндеті қойылды. Бюджет параметрлерінің тұрақтылығы салық базасын ұлғайту және бюджет қағидаларын қолдану есебінен қамтамасыз етіледі. Жалпы Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Парламент депутаттарының бастамалары Үкімет қабылдап жатқан республикалық және жергілікті бюджеттердің кіріс базасын толықтыру шаралары есебінен іске асырылатын болады, – деді Ә.Қуантыров. Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменовтың айтуынша, инфляция 2024 жылдың соңында 8 пайызға дейін, ал 2025 жылы орта есеппен 6 пайызға дейін төмендейді. Кейін мақсатты 5 пайыз деңгейінде тұрақталады. Ал Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферт тарту жоспарланғанын, соның ішінде нысаналы трансферт 1,6 трлн теңгені құрайтынын жеткізді. Қосымша баяндама жасаған депутат Мархабат Жайымбетов мәжілісмендердің бюджетті қарауға белсене атсалысқанын атап өтті. Мәселен, 2,5 трлн теңгеге жуық қаражат министрліктер мен әкімдіктер арасында маңыздылығына қарай қайта бөлінген. – Кіріс – 16,3 трлн теңге болса, шығыс – 24 трлн теңге шамасында. Бюджет шығыстарын Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферттер есебінен жабу үрдісі жалғасып келеді. Бюджет тапшылығы 3,5 трлн теңгені құрап отыр. Халықтың әл-ауқаты бюджетке тікелей қатысты. Біз өндірісті қаржыландырып, экономиканың нақты секторын дамытпасақ, елімізде бақылау қиынға соғатын инфляцияның биік шыңына жетеміз, – деді М.Жайымбетов. Талқылау барысында Мәжілістегі алты фракция жетекшілері де сөз сөйлеп, өз ұстанымдарын ортаға салды. Өз кезегінде, Мәжіліс спикері сайлаушылардың талап-тілектері мен депутаттардың барлық ұсынысы ескерілгенін атап өтті. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы жолдауында жаңа экономикалық саясат жариялады. Оның түпкі мұраты – халықтың әл-ауқатын арттыру. Осы орайда республикалық бюджет бірінші кезекте – Президент жүктеген міндеттерді іске асыруға бағытталып отыр. Ең бастысы, бұл құжат әлеуметтік міндеттемелерді толық орындауға, елдің тұрмысын жақсартуға мүмкіндік береді. Ендігі міндет – Республикалық бюджетті тиімді іске асыру. Депутаттар бекітілген бюджеттің орындалуына жүйелі түрде бақылау жүргізетін болады. Ең бастысы, бюджеттің әр теңгесі өз мақсатына жетуі қажет, – деді Е.Қошанов. Жиынның қорытындысы бойынша Мәжіліс аталған заң жобаларын қабылдап, Сенатқа жолдады. Сондай-ақ Мәжіліс бүгін екінші оқылымда ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша түзетулерді де қабылдады. Депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобасы 27 қыркүйекте бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Заң жобасы аясында азаматтарға банктен қарыздар мен микрокредиттер алудан өз еркімен бас тартатынын білдіретін белгі қалдыру құқығы берілмек. Бұл оның атынан көлденең адамның (үшінші тұлғаның) банктен қарыздар мен микрокредиттер рәсімдеуіне жол бермеуге мүмкіндік тудырады. Тыйым салу белгісін «электрондық үкіметтегі» жеке кабинетте қалдыруға болады. Бұдан бөлек Мәжіліс Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің үкіметтері арасындағы оңайлатылған кеден дәлізін құру туралы ратификациялық келісімді жұмысқа қабылдап алды.