Колода
Дмитрий
Владимирович

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІНІҢ МӘЖІЛІСІ ЖАЛПЫ ОТЫРЫСЫ

Image title

Image title

Image title

Image title

Image title

Image title

Image title

Мәжіліс шикізаттық емес тауарлардың экспортын ілгерілету туралы заңды екінші оқылымда қабылдады

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар экспорттық-кредиттік агенттік және шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің экспортын ілгерілету мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Сонымен қатар бизнес жүргізу мәселелері және қоғамдық бірлестіктер мәселелері бойынша түзетулер бірінші оқылымда мақұлданды. Мәжіліс экспорттық-кредиттік агенттік және шикізаттық емес тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) экспортын ілгерілету мәселелері бойынша заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Түзетулер Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмасын жүзеге асыру бойынша экспортты қаржылық қолдаудың бірыңғай операторы «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамы үшін реттеу режимін қалыптастыруға қатысты әзірленген. – Заң жобасы 13 қыркүйекте бірінші оқылымда мақұлданды. Құжат экспорттық-кредиттік агенттіктің арнайы құқықтық мәртебесін құруды, шикізаттық емес экспортқа қаржылай қолдау мен дамытудың негізгі шараларын біріктіруді көздейді. Сонымен қатар депутаттар жекелеген нормаларды нақтылайтын және заң жобасының мазмұнын жақсартатын түзетулер енгізді, – деді жұмыс тобының жетекшісі Руслан Қожасбаев. Айта кетейік, өзгерістер аясында KazakhExport сақтандыру компаниясы толыққанды экспортты дамыту институты болып қайта форматталатын болады. Оның қазіргі функцияларына (сақтандыру, қайта сақтандыру) тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар одан тыс жерлерде де экспорттық операцияларға кепілдік беру, сондай-ақ сауданы қаржыландыру мөлшерлемелерін субсидиялау сияқты өкілеттіктер қосылады. Бұдан бөлек, Мәжіліс 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстанға мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы Қазақстан-Ресей келісіміне түзетулер енгізу туралы хаттаманы ратификациялап, Сенатқа жіберді. Оның негізгі мақсаты – Қазақстан аумағына ресейлік мұнай өнімдерін жеткізуге арналған уақытша мерзімдік кедендік декларацияларды алып тастау. Сонымен қатар депутаттар бизнес жүргізу мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, заң жобасы Үкіметтің 2021 жылғы желтоқсанда қабылданған тиісті заңды іске асыру аясында кәсіпкерлік қызмет саласындағы реттеуді «таза парақтан» енгізу жөніндегі жұмысының бір бөлігі. Түзетулер екі бағытты қамтиды: мемлекеттік бақылаудың жаңа жүйесін енгізу және бизнеске қатысты маңызды емес талаптарды қысқарту арқылы әкімшілік жүктемені азайту. Жұмыс тобының жетекшісі Болатбек Нәжметдинұлы қосымша баяндамасында заң жобасы қадағалаудың 10 бағыты (халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы, сәулет, қала құрылысы және құрылыс, өнеркәсіптік қауіпсіздік және т.б.) бойынша жедел әрекет ету шараларын іске асыру тәртібін, бақылаудың 7 бағыты (сауда базарларындағы ветеринариялық-санитариялық бақылау, есірткі құралдары мен психотроптық заттардың айналымын бақылау және т.б.) бойынша бақылау тәртібін реттейтінін айтты. – Бақылау мен қадағалаудың 4 бағыты бойынша тексеру жүргізу тәртібі реттеледі: халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы, атом энергиясын пайдалану, өсімдіктерді қорғау, электр энергиясы. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету, тілдерді дамыту, білім беру жүйесі, ақпараттық қауіпсіздік және басқа да бақылаудың 10 саласы бойынша мемлекеттік органдарға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін бекітеді, – деді Б. Нәжметдинұлы. Сонымен бірге табиғи монополиялар субъектілерінің тариф белгілеу тәсілдерінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлік қызметті жетілдіруге арналған түзетулер ұсынылды. Азаматтардың халықаралық стандарттарға сәйкес бірлестіктер бостандығы құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған қоғамдық бірлестіктер мәселелері бойынша түзетулер жобасы да бірінші оқылымнан өтті. Ол жөнінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баяндама жасады. Министр заң жобасы жаңа қоғамдық бірлестіктер құру тәртібін жеңілдететінін атап өтті. Қазір бұл үшін кемінде 10 адамнан тұратын топ қажет, ал заң қабылданған соң ол үшке дейін қысқарады. – Ескере кететін маңызды жайт, саяси партиялар мен діни бірлестіктер құру бұл заңмен емес, салалық заңнамамен реттеледі, – деді Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Нартай Сәрсенғалиев. Мәжілістің тиісті комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша, байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласының инвестициялық ахуалын жақсарту мәселелері бойынша түзетулер, сондай-ақ Сингапур үкіметімен инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы, Франция үкіметімен жаһандық жылынуға қарсы күресте ынтымақтастықты жүзеге асыру туралы ратификациялық заң жобасы бар. Жалпы отырыс соңында депутаттар жауапты мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 19 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-каналында жарияланды.