Колода
Дмитрий
Владимирович

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІНІҢ МӘЖІЛІСІ ЖАЛПЫ ОТЫРЫСЫ

Image title

Image title

Image title

Мәжіліс еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері туралы заңды қабылдады

Бүгін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың жетекшілігімен жалпы отырыс өтті. Онда әскери қызметтің жаңа түрі – резервтегі қызметті енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Сонымен қатар депутаттар бірқатар заңды екінші оқылымда қабылдап, Сенаттың қарауына жіберді. Резервтегі қызмет мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер бірінші оқылымда мақұлданды. Ол бойынша Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов баяндама жасады. Жоба Қазақстанда әскери қызметтің жаңа түрі – еріктілік пен аумақтық қағидаттарына негізделген резервтегі қызметті енгізуге бағытталған. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ермұрат Бапидің айтуынша, түзетулер кәмелетке толған қазақстандықтарға қатысты. Іріктеу кезеңдерінен өткен азаматтармен Қорғаныс министрлігі 3 жылға келісім-шарт жасасады. Соның негізінде олар ай сайын бөлімдерде қысқа мерзімді оқудан және ведомствоның бұйрығы бойынша 30 күндік жиындардан өтеді. – Құрылатын бөлімшелердің жауынгерлік дайындығын арттыру көзделіп отыр. Яғни, резервтегі әскери адамдарға әскери техника мен қару-жарақ бекітіліп беріледі. Бұл өз кезегінде әскери бөлімдерге барынша қысқа мерзімде жауынгерлік әзірлікті арттыруға мүмкіндік береді, – деді Е.Бапи. Сондай-ақ депутат резервшілерге денсаулық жағдайы бойынша талаптар қойылып, жас шектеулері белгіленетінін айтты. Офицерлер үшін – 60 жасқа дейін, сержанттар мен сарбаздар үшін – 18-ден 50 жасқа дейін. Олар тек өз облысының аумағында қызмет етеді. Депутаттар Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарлар рәсіміне қатысты факультативтік хаттаманы ратификациялады. Құжат БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетіне тікелей шағым беру арқылы бала құқықтарын халықаралық деңгейде қорғауға мүмкіндік береді. – Балалар мен олардың заңды өкілдері БҰҰ Бала құқықтары жөніндегі комитетіне ел аумағындағы барлық ішкі құқық қорғау құралы арқылы, соның ішінде барлық деңгейдегі сотта қаралып, шыққан шешіммен келіспеген жағдайда ғана жүгінуге құқылы. Факультативтік хаттама аясында түскен хабарламаларды Комитет құпия және жабық тәртіппен қарап, қажетті шараларды қабылдау үшін ұсынымдарын қатысушы мемлекетке жолдайды, – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Ринат Зайытов қосымша баяндамасында еліміздің Хаттамаға қосылуы балаларды қорғаудың құқықтық деңгейін арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және арнаулы мемлекеттік органдардағы қызмет мәселелері бойынша түзетулер екінші оқылымда қабылданды. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Константин Авершиннің айтуынша, заң ҚР Терроризмге қарсы орталығы мен жергілікті атқарушы органдардың экстремизмнің алдын алуды үйлестіру және ұйымдастыру жөніндегі құзыреттерін кеңейтеді. Арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет атқаратын мемлекеттік қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктері де күшейтіледі. Атап айтқанда, жиырма бес жылдан астам еңбек өтілі бар қызметкерлерді ұлттық қауіпсіздік органдарынан өз еркімен босату қарастырылған. Қоғамдық бірлестіктер және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері туралы заң да екінші оқылымда қабылданды. Ол халықаралық стандарттарға сәйкес азаматтардың бірлестіктер бостандығына құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған. Онда үш құрылтайшының қоғамдық бірлестік құру мүмкіндігі қарастырылған, қазір бұл үшін кемінде 10 адамнан құралған топтың бастамасы қажет. Сонымен қатар Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Нартай Сәрсенғалиев Әлеуметтік кодекске еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарға арнаулы әлеуметтік төлемдер төлеу жөніндегі нормалар енгізілгенін айтты. – Бұл төлем қызметкер 55 жасқа толғаннан кейін және кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеген жағдайда зиянды жұмыстардағы қызметін тоқтатқан соң төленеді. Бұл азаматтар міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын 55 жаста ала ма, әлде 63 жаста ала ма өз бетінше анықтауға құқылы, – деді Н.Сәрсенғалиев. Бұған қоса азаматты қызметтік міндеттерін орындау кезіндегі жазатайым оқиғалардан қорғау үшін, міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру, өндірісте зардап шеккен адамдардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау бойынша нормалар ұсынылған. Заң қабылданып, Сенаттың қарауына жіберілді. Сондай-ақ Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және салық салу мәселелері туралы заң да ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда қабылданды. Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Мұрат Ергешбаев жеке тұлғалардың коллекторлық агенттіктер мен микроқаржы ұйымдары берешектерін кешірген кезіндегі жеке тұлғаның кірістері, тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде олардың құнын үнемдеуден түсетін материалдық пайда, Ұлттық қордан бөлінетін балаларға арналған нысаналы жинақтар кіріс ретінде қарастырылмайтынын айтты. Азаматтардың Конституциялық Сотқа арыз берген кезде мемлекеттік баж нөлдік мөлшерлемемен белгіленді. Жеке тұлғаларды декларациялау және жеке кәсіпкерлер үшін есеп беру де оңайлатылған. Заң 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі деп жоспарланған. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске жер қойнауын пайдалану саласын жетілдіру мәселелері бойынша енгізілетін түзетулер де екінші оқылымда қабылданды. Онда базалық жобалау құжаттарына мемлекеттік сараптама жүргізу рәсімдерін оңтайландыру, жер қойнауын пайдаланаушылардың қаржылай және әкімшілік шығындарын азайту көзделген. – Қосымша инвестиция салу міндеттемесімен өндіру кезеңінің мерзімін қысқарта отырып, барлау уақытын қосымша тағы 3 жылға дейін бір реттік ұзарту қарастырылды. «Дала» геологиялық жұмыстарына тезірек көшу үшін «кабинеттердегі» келісу мерзімдері 6 айдан 2 айға дейін қысқартылды, – деді Экология және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин. Түзетулер сондай-ақ Конституцияның 6-бабының мемлекеттің Қазақстан халқы атынан жер қойнауына меншік құқығын жүзеге асыруына қатысты нормаларын іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталған. Барлық жаңа ірі мұнай-газ кен орындары ұлттық компанияның 50 және одан да көп пайыздық міндетті қатысу үлесімен игерілетін болады. Жалпы отырыста Мәжіліс зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісім мен спорт бағытындағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау мен өсімін молайту мәселелері туралы заң жобасын жұмысқа алды. Жиын соңында мәжілісмендер жауапты мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 18 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-арнасында жарияланды.