Колода
Дмитрий
Владимирович

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІНІҢ МӘЖІЛІСІ ЖАЛПЫ ОТЫРЫСЫ

Image title

Image title

Image title

Image title

Image title

Image title


Мәжіліс электромобильдерді танымал ету туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Бүгін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдер инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ Халықаралық су ағындарын кеме жүрмейтін пайдалану құқығы туралы конвенция мен ЕАЭО шеңберінде медициналық мақсаттағы бұйымдар айналымы туралы хаттаманы ратификациялады. Заң жобасына бастамашы болған депутаттың бірі – Самат Мұсабаев әріптестеріне экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдер инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша түзетулерді таныстырды. – Заңның алғашқы жобасын дайындаған кезде электрмобильдерді кең ауқымды қолдануға тежеуші фактор ретінде арнайы инфрақұрылымның болмауы және «мұнай өнімдерімен» жүретін көліктердің құнының төмендігін атап өткен едік. Қазіргі таңда елімізде жағдай түбегейлі өзгерді. Мысалы, 2023 жылдың 1 қаңтарында электрқозғалтқышпен 812 жеңіл көлік тіркелсе, он екі айдың қорытындысы бойынша 7793 электркөлігі тіркелген, бұл дегеніміз электромобиль санының 9,5 есеге өскендігін көрсетіп отыр, – деді С.Мұсабаев. Оның айтуынша, «жасыл» көліктерге сұраныстың көбеюі қажетті инфрақұрылымды дамытуды ілгерілетуді талап етеді. Заң жобасының қабылдануы осы қажеттілікті өтеуге мүмкіндік береді. Экология мәселелері және табиғат пайдалану мәселелері комитетінің мүшесі Арман Қалықов заң жобасында «электромобиль» және «электрмен қуаттау станциясы» жаңа ұғымдары енгізілетінін айтты. Электромобильдерді тұрақ пен паркингтерде арнайы орындармен қамтамасыз ету жоспарланған, ал олардың иелері автотұрақ ақысын төлеуден босатылады. Жолдарды жобалау кезінде электрмен қуаттау станцияларын орналастыру үшін резервке қою, оларды тұрғын және қоғамдық аймақтарда орналастыру көзделген. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстегі ілеспе түзетулерде электр қозғалтқыштарымен жабдықталмаған көлік құралдарының жүргізушілеріне электр зарядтау станцияларымен жабдықталған орындарда тұрақтауға тыйым салатын норма енгізу ұсынылды. Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар екі заң жобасын да бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдады. Құжаттарды одан әрі талқылау жұмыс тобының отырыстарында жалғасады. Сондай-ақ Мәжіліс екі халықаралық құжатты ратификациялап, Сенаттың қарауына жіберді. Біріншісі – Халықаралық су ағындарын кеме жүрмейтін пайдалану құқығы туралы конвенция. Ол туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов баяндама жасады.

– Конвенция бүкіл әлем бойынша трансшекаралық өзендерді, көлдерді және олармен байланысты жер асты суларын тең құқықты және тұрақты басқаруға ықпал ету үшін жаһандық құқықтық негізді қамтамасыз етеді. Оған қосылу Қазақстанның халықаралық құқық қағидаттары негізінде трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау бойынша көрші елдермен ынтымақтастықтағы ұстанымын нығайтады, – деді министр. Келесі құжат 2014 жылғы 23 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде медициналық мақсаттағы бұйымдар айналымының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қатысты. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, хаттамаға сәйкес мүше мемлекеттің ұлттық заңнамасының талаптары бойынша медициналық бұйымдарды тіркеу құқығын беру 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылады. – Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында 1820 медициналық бұйымды өндіретін 118 отандық өндіруші бар. Ұлттық заңнама бойынша 12 мыңға жуық медициналық бұйым тіркелген, оларды Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қайта тіркеудің қажеті жоқ, – деді министр. Мәжіліс комитеттері «ҚР сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға енгізілетін өзгерістер туралы заң жобасын, Құрылыс және Су кодекстерінің жобасын, сондай-ақ бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алды. Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдарға 18 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-арнасында жарияланған.