Колода
Дмитрий
Владимирович

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІНІҢ МӘЖІЛІСІ ЖАЛПЫ ОТЫРЫСЫ

Image title

Image title

Image title

Image title

Image title

Image title


Image title

Мәжіліс байланыс және цифрландыру туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Бүгін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Палата депутаттары байланыс, цифрландыру және ақпараттық технологиялар саласындағы инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Денсаулық сақтау мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жолдады. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласының инвестициялық ахуалын арттыру мәселелері бойынша түзетулер Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленгенін айтты. Заң жобасы – еліміздегі цифрлық дамуды құқықтық қамтамасыз етуге қатысты Мәжілісте жүргізіп жатқан жүйелі жұмысының бір бөлігі. Ол байланыс саласын дамыту, цифрландыруды арттыру және инновацияны қолдауға бағытталған үш блоктан тұрады. – Заң жобасында радиожиілік спектрін қайта қарау, байланыс инфрақұрылымы үшін орындарды бас жоспарларға енгізу және байланыс қажеттіліктері үшін аумақтарды резервтеу, байланыс желілері мен құрылыстарын орналастыру орындарына операторлардың тең қол жеткізуін заңнамалық бекіту және ұлттық заңнамаға инновацияның тәжірибелік құқықтық режимдерін енгізу және тағы басқа шаралар көзделген. Заң жобасында салалық шешімдерді цифрландыру үшін құқықтық жағдайлар да енгізіледі. Мысалы, жаңа туған нәрестелерге ЖСН тағайындау, – деді Е. Смышляева. Оның айтуынша, заң жобасы қабылданса, байланыс желілерінің құрылысы жеделдеп, қызмет көрсету сапасы артып, қамту аймағы кеңейеді. Бұл ретте байланыс операторлары арасындағы бәсекелестік дамиды. Жаңа спутниктік байланыстар жұмыс істей бастайды, инвестициялық ахуал жақсарып, экономикадағы инновацияның үлесі артады. Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдады. Жобаны одан әрі талқылау жұмыс тобында жалғасады. Сонымен қатар депутаттар Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Үкімет әзірлеген денсаулық сақтау мәселелері бойынша түзетулерді екінші оқылымда қабылдап, Сенаттың қарауына жолдады. Заң жобасының негізгі ережелері туралы жұмыс тобының жетекшісі Гүлдара Нұрымова баяндады. Бірінші кезекте медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру тетігі жетілдірілді. – Сақтандыру ұйымдарына сақтандыру жарналарын төлеуді денсаулық сақтау субъектілері ғана жүзеге асыратын болады. Сақтандыру жағдайлары кезінде пациенттердің өтініштерін қарау тәртібі мен сақтандыру төлемдерінің көлемдері белгіленді. Медицина қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктерін күшейту үшін бірқатар норма қарастырылған. Соның ішінде ауылға жұмыс істеуге келетін медицина қызметкеріне 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем төлеу, – деді Гүлдара Нұрымова. Сондай-ақ заң жобасы вейптерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға толық тыйым салады. Медициналық көмек көрсету кезінде міндетті клиникалық хаттамаларды қолдану алынып тасталады. Жалпы 4 кодекс пен 9 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Жалпы отырыста Мәжіліс 1994 жылғы 9 тамыздағы Қазақстан мен Литва арасындағы азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы шартқа өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялады. – Хаттама құқықтық көмек көрсету кезінде қатынастарды жүзеге асыратын Тараптардың құзыретті мекемелерін айқындау жөніндегі өкілеттіктерді ұлттық деңгейге беру бөлігінде Шарттың 4-бабын өзгертуді көздейді. Құжатты ратификациялау Қазақстан мен Литва азаматтарының құқықтарын қорғауға бағытталған азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етеді, – деді Әділет министрі Азамат Есқараев. Мәжіліс депутаты Асқар Садықов қосымша баяндамасында ұлттық заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдардың құзыреті және олардың атаулары өзгеруіне байланысты бірнеше өзара көмек туралы келісімдерге осыған ұқсас өзгерістер енгізілетінін айтты. Мәжіліс «ҚР сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы бойынша Парламент палаталарының бірлескен комиссиясының құрамын сайлады. Оның құрамына Абзал Құспан, Снежанна Имашева, Үнзила Шапақ кірді. Мәжіліс комитеттері мәдениет және білім беру мәселелері бойынша және қаржы нарығын дамыту мен қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобасын жұмысқа алды. Сонымен қатар жиында Мәжіліс депутаты Динара Шүкіжанованың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселе қаралды. Бұған дейін оның өтінішіне байланысты Орталық сайлау комиссиясы тиісті қаулы шығарған болатын. Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдарға 22 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-арнасында жарияланған.