Құспеков
Олжас
Хайроллаұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
БҮГІН ЕЛОРДАДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗДЫ НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫМ

Бүгін елордадағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, қызметкерлерімен кездестім. Бас қаламыз болғанымен, түйіткілді мәселелер жетерлік. Мысалы тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі. Өткен жылы көптің қабырғасын қайыстырған жағдай естеріңізде болар, көпқабатты үйден өрт шығып, оқиға орнына келген өрт сөндіруші Асқар Забикулин тұрғынды құтқарып, бірақ өзі қаза тапқан еді. Ал өрттің шығу себебі - электр сымдарының қысқа тұйықталуына әкеп соқтырған ұзартқыш желісіндегі ақау. Бұл қоғамда бар проблеманың әлі күнге шешімін таппағанын көрсетеді. Бұған дейін де дәл осы себеппен өрт шыққан жағдайлар болды. Мәселен өткен жылдың өзінде елорда аумағында 682 өрт тіркелген, оның 105-і көппәтерлі тұрғын үйлерден шыққан. Яғни үй құрылысында электр желісін дұрыс жасау және халықты қауіпсіздік шаралары, өрттің алдын алу турасында ақпараттандыру бағытында жұмыстың қандай деңгейде екенін байқатады. Салаға жауапты тарап төтеншеліктер болғасын, бүгін марқұм Асқар Забикулин құтқарушы болып жұмыс істеген Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаментінде болып, өрт қауіпсіздігі мәселесінде пікір алмастық, құтқарушылардың қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілу деңгейін қарадық. Алда күз, қыс келе жатқан соң, өрт шығудың тағы бір себебі қосылады - үйді жылыту мақсатында көмір жағу, жылыту электр құрылғыларын қосу секілді. Осы орайда төтеншеліктер электр желілерін, ток көздерін ақаусыз күйде ұстауға, желілік сүзгілерді және басқа да электр құралдарын жарамсыз күйде пайдалануға жол бермеуге ерекше назар аударуды ұсынады. Отбасымыз аман, бауырымыз бүтін болсын!