Құспеков
Олжас
Хайроллаұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
АЛЖИР РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ МӘЖІЛІСКЕ КЕЛДІ

Мәжіліске Алжир Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Камал Фениш келді. Кездесуге Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан, Алжирмен достық тобының жетекшісі Бақтықожа Ізмұхамбетов бастаған депутаттар қатысты. Бақтықожа Ізмұхамбетов Алжирдың Африка және Ислам әлеміндегі негізгі серіктестеріміздің бірі және екі ел ынтымағының әлеуеті зор екенін атап өтті. – Біз екіжақты қатынаста парламентаралық байланысымызға үлкен мән береміз. Болашақта достық топтары деңгейіндегі ықпалдастығымызды одан әрі тереңдетуге шақырамын. Бұл екі тарапқа да заңнама саласында жан-жақты тәжірибе алмасуға және халықтарымыздың достығын арттыруға жол ашады деп сенемін, – деді Б.Ізмұхамбетов. Елші Камал Фениш Алжир мен Қазақстанның ұстанымдары, жер көлемі, қазба байлықтары сынды ұқсас, ортақ тұстары көп екенін және Қазақстан тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып танығанын айтты.   – Қазақстан Президентінің жүргізіп жатқан саяси реформаларына алғыс білдіремін. Соның ішіндегі ең негізгісі – Конституциялық Кеңесті Конституциялық Сотқа айналдырғаны. Бұл әділеттілікті орнатуда үлкен рөл ойнайды. Біздің елімізде де осындай реформа іске асты. Себебі Конституциялық Соттың құзіреті ауқымдырақ, саяси шешімдерге де араласа алады.  Қазақстанның Конституциясымен танысып шықтым, маған үлкен әсер берді. Айта кетейін, Еуропадағы заңдар мұндай деңгейде емес, – деді К.Фениш. Жиында депутаттар Алжирдің заңнамалық, құқықтық саладағы жүйесіне, ондағы әріптестерінің қызметіне қатысты сұрақтарына жауап алды. Мәжілісмендер алжирлік әріптестерімен елдердің игілігі жолында бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екендерін жеткізді. Айгүл Құспан Алжир Елшісіне арнайы уақыт бөліп, келгені үшін алғыс білдірді.  


Ақпарат көзі: http://www.parlam.kz/kk/mazhilis/news-details/id50971/1/1

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі