Нұрымова
Гүлдара
Алданышқызы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Депутаттық сауал

2021 ж. 17 ақпанда жарияланды      

              

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрінің орынбасары

Е.Л. Тоғжановқа


ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ


Құрметті Ералы Лұқпанұлы!


    Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі халқына Жолдауының басты бағыттарының бірі денсаулық сақтау жүйесін, атап айтқанда, сапалы және қол жетімді медицинаны дамыту болып табылады.

Қазір, әсіресе, пандемиядан кейін, денсаулық сақтау саласын жетілдірудің маңыздылығы артып отыр.

Соның бірі - медициналық кадрлардың, атап айтқанда, дәрігерлердің жетіспеушілігі. Бұл халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасына тікелей әсер етеді.

Ресми мәліметтерге сәйкес, денсаулық сақтау жүйесіндегі медицина қызметкерлерінің саны 253 883 адамды құраса, оның 74 046-сы дәрігерлер, 179 837-і орта медициналық қызметкерлер.

01.01.2021 жылғы жедел деректер бойынша дәрігерлердің жалпы тапшылығы 4662,72 бірлікті құрады.

Өңірлер бойынша кадрлардың аса тапшылығы Қарағанды облысында (457), Алматы облысында (457), БҚО (386), Ақмола облысында (364), Қостанай облысында (363), ШҚО (338), сондай-ақ, Жамбыл, Атырау, Түркістан облыстарында байқалады.

    Республика бойынша мамандықтар бөлінісінде жалпы практика дәрігерлері – 757,25 дана, анестезиолог – реаниматологтар (ересек)– 299 дана, педиатр дәрігерлер – 243,75 дана, терапевтер – 222 дана, жедел шұғыл көмек дәрігерлері – 220,25 дана, акушер - гинекологтар, оның ішінде, балалар дәрігерлері – 219,25 дана, инфекционистер (ересек) – 152,75 дана, сәулелік диагностика дәрігерлері – 131 данатапшылығы байқалады. Дәрігерлермен қамтамасыз етілудің жоғары көрсеткіштері тек Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ғана.

    Дәрігерлердің тапшылығы оқу мерзімінің ұзартылуына, қалалар мен моноқалаларда жас мамандарды қолдау механизмінің жоқтығына байланысты, әсіресе, медициналық жоғары оқу орындары жоқ өңірлерде қатты білінуде.

    Қазіргі кезде тек ауылдық жерлердегі жас мамандарға бағытталған «2020-2025 жылдарға арналған аймақтарды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес, 2009 жылдан бастап ауылдық жерлерде кадрларды арттыру мақсатында «Дипломмен ауылға!» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба іске асырыла бастағаннан бері 60 мыңнан астам маман 7,4 миллиард теңге көтерме жәрдемақы алып, 27,5 мыңнан астамы тұрғын үй құрылысына немесе сатып алуға бюджеттен 70,6 миллиард теңге көлемінде несие алды. Қалалар мен моноқалаларда мұндай қолдау жоқ.

    Тәжірибе көрсеткендей, грант бойынша оқыған ЖОО түлектерін міндетті бөлу тиімді әдіс болып көрінгенмен, шын мәніңде әрдайым жұмыс істемейді. Мысалы, 2019 жылғы түлектердің жалпы саны - 8003 құраса, оның ішінде грант бойынша бітіргені - 5579 адам, ал 228 маман жұмыс орнына келмеген, 2020 жылы – 7912 адамның 5551-і бөлінуге жататын –  жұмыс орнына 179 түлек келмеген.

    Белгісіз себептермен 2020 жылы медициналық жоғары оқу орындары үшін гранттардың азаюы байқалады (2019 жылы – 4685, ал 2020 жылы – 4638 грант).

«Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы Жол картасының орындалуына сәйкес, 2021 жылдан бастап медициналық жоғары оқу орындарына гранттар санын тиісінше 2021 жылғы 4685-тен 2025 жылы 5185-ке дейін ұлғайту көзделіп отыр.

    Гранттар санын жоспарлы ұлғайту еліміздегі медицина кадрларының санын ұлғайтып қана қоймай, медицина мекемелерінің мамандарға деген қажеттілігін қамтиды.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде келесі мәселелерді қарастыруды сұраймын:

«2020-2025 жылдарға арналған өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына» толықтырулар енгізу арқылы моноқалалардағы жас мамандарды ауылдардағы жас мамандармен теңдей әлеуметтік көмекпен және тұрғын үймен қамтамасыз ету.

Медициналық кадрлар жетіспейтін аймақтардан келген абитуриенттер үшін медициналық білім беру мекемелерінде оқуға арналған гранттар санын ұлғайту бойынша квоталарды әзірлеу.

Дәрігерлердің тапшылығын ескере отырып, ҚР Білім және ғылым министрлігінің тарапынан медициналық ЖОО гранттар санын көбейту.

Жас мамандарды бөлу жөніндегі комиссияға өңірлердің кадрларға қажеттілігін ескеру.

        «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабының 4-тармағына сәйкес жауап беруіңізді сұраймын.


Құрметпен,

«Nur Otan» фракциясының мүшесі                                    Г.Нұрымова