Нұрымова
Гүлдара
Алданышқызы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Депутаттық сауал

    Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында жаңа заң жобалары жұмысқа қабылданды, сондай-ақ депутаттар "Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Әскери ынтымақтастық туралы шартты ратификациялау туралы" ҚР Заңының жобасын мақұлдады, "Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы" ҚР Заңының жобасына Сенаттың енгізген өзгерістерін қарады және қабылдады.

    Депутат Г.А. Нұрымова ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.Л. Тоғжановтың атына жолдаған депутаттық сауалында пациенттерді қанмен және оның компоненттерімен қамтамасыз ету, сондай-ақ медициналық авиацияның жыл сайынғы жабдықталмау проблемалары туралы мәселелерді көтерді.



Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрінің орынбасары

Е.Л. Тоғжановқа


ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ


Құрметті Ералы Лұқпанұлы!


    Қазақстан Республикасы Конституциясының 29-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының әрбір азаматы денсаулығын сақтауға және заңда белгіленген медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін тегін алуға құқылы.

    Азаматтардың тегін медициналық көмекке, қан мен оның компоненттерін құюға құқығы шұғыл және өмірлік маңызды болып табылады және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 16 қазандағы №672 қаулысымен бекітілген тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету тізбесімен реттеледі.

    Қан құю медициналық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі және әсіресе, хирургиялық операциялар жүргізу барысында қан жоғалту кезінде өмірлік маңызды болып табылады.

    Медициналық қызметтерді ақылы негізде алатын пациенттер үшін қан мен оның компоненттерін алу қажеттілігі туындаған жағдайда және хирургиялық операциялар жүргізу кезінде шұғыл жағдайлар туындағанда да, қан құюда өмірлік маңызы бар жағдайларда қан орталықтары қанды ақылы негізде береді. Ешбір дәрігер емдеудің немесе операцияның сәтті жүргізілуіне 100% кепілдік бере алмайды. Адам ағзасына хирургиялық араласу кезінде, әртүрлі манипуляциялар мен операцияларды жүргізу кезінде, тіпті қарапайым болып көрінетін аппендицитпен бірге әртүрлі күтпеген жағдайлар мен асқынулар, соның ішінде қан жоғалту пайда болуы мүмкін. Мұның бәрі науқастың денесінің жеке ерекшеліктеріне, тамырларының, мүшелерінің, бұлшықеттерінің жағдайына, дәрі-дәрмектердің жеке төзімділігіне, қатар жүретін ауруларға және т. б. байланысты. Науқастың жағдайы қандай болмасын, қан жоғалту - бұл әрдайым шұғыл жағдай, ол жедел көмекті қажет етеді. Қан құю тегін және ол заңмен кепілдендірілген.

    Бірақ төтенше жағдайда науқас қан мен оның компоненттерін сатып алуға мәжбүр. 2021 жылдың 9 айында республика бойынша барлығы 307148 қан құю жүргізілді, оның 4164-і ақылы немесе 1,3%. Ең көп ақылы қан құюлар Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында, Түркістан облыстарында орын алды. Науқастың жағдайы мен ауруының ауырлығына байланысты күніне кемінде 5 доза және одан да көп компоненттер тұтынылады. Бұл кем дегенде 300-500 мың теңге және одан жоғары. Үздіксіз қан құю қажет болатын жағдайлар да кездеседі.

    Көп жағдайда пациенттің өзі де, оның туыстары да мұндай қомақты соманы төлей алмайды, қаражат іздеуде қымбат уақыт босқа кетеді.

    Сондай-ақ, медициналық авиациямен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып тұр. Қазіргі уақытта медициналық авиация жедел медициналық көмекті жалпы қаржыландыруға кіреді. Жедел медициналық көмекке қаржыландыру көлемі жан басына шаққандағы қағидат бойынша, яғни бекітілген халықтың (қаланың, облыстың) саны бойынша есептеледі. Тиісінше, шұғыл қызметке қаржыландырудың мұндай көлемі жеткіліксіз, жыл сайын жыл соңында қаражат жетіспейді.

2021 жылға 10 авиакомпаниямен авиациялық қызметтерді сатып алуға келісім-шарт жасалды. Барлығы 37 әуе көлігі бірлігі жұмылдырылды. Ағымдағы жылы медициналық авиация 3749 науқасқа көмек көрсетті, бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 19%-ға артық.

Медициналық авиация қызметінің ұшу себептері мынадай:

- акушерлік және гинекологиялық патология;

- балалық шақтың патологиясы;

- жарақаттар мен жазатайым оқиғалар;

- қан айналымы жүйесінің аурулары және басқа аурулар.

    Медициналық авиация қызметінің көрсеткіштерінің бірі қызмет көрсетілген науқастардың нәтижесі болып табылады: 11 ай ішінде 88% жағдайы жақсарып стационардан шығарылды, 3% өліммен аяқталды, науқастардың 97% медициналық авиацияның арқасында уақытылы көмек алды. Сондықтан науқасты тиісті медициналық ұйымдарға уақытылы жеткізу өте маңызды. Ауыр жағдайда, дәрігерлер науқастың өмірі үшін күресіп, әр минуты қымбат болып жатқанда, жылдың соңғы айларында санитарлық авиацияда тек балаларға ғана қызмет көрсетілсе, ересек тұрғындар қаржы тапшылығынан бұл мүмкіндіктен қағылып отыр. Осы мәселені шешіп қанша адамның өмірін сақтап қалуға болады!

    Жоғарыда айтылғандардың негізінде,  Құрметті Ералы Лұқпанұлы, Сізден:

    «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабының 4-тармағына сәйкес жауап беруіңізді сұраймыз.


            Құрметпен,

            «Nur Otan» фракциясының мүшелері                                       Г.Нұрымова

                                                                                                                     З.Камасова

                                                                                                                     Б.Сартбаев

                                                                                                                     Д.Әлімбаев