Сарым
Айдос
Әміроллаұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы

Депутатқа хат
Қоғамдық палата отырысында «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасы талқыланды

Астана, 26 маусым, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның кезекті отырысы өтті. Айдос Сарым төрағалық еткен жиында депутаттар, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасын талқылады.

Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл заң жобасының нормаларымен таныстырды. Ол құжатта мемлекеттік сатып алуды жетілдіру бойынша бірқатар шара қарастырылғанын айтты. – Біріншісі – «тұрақты сатып алу» элементтерін енгізу. Олар әлемнің көптеген сатып алу жүйесінде кеңінен қолданылады, оларды Қазақстанда да енгізгіміз келеді. Екіншіден, жобалау мен құрылысты бір жеткізуші жүзеге асырған жағдайда, EPC-келісімшарттарының элементтерін енгізуді ұсынамыз. Бұл нысандарды сапалы әрі жылдам салуға мүмкіндік береді. Ендігі мәселе – электронды дүкеннің жұмысын жақсарту. Бүгінде ол өзін дәлелдеді және тұтынушылардың тауарды сатып алуының бір жолы болып есептеледі. Келесі кезекте біз бір көзден сатып алуды жақсартуды ұсынамыз. Соңғы екі жылда біз көп жұмыс атқардық және 2022 жылдың соңына қарай сатып алудың жалпы көлемінде бір көзден алу үлесі 25 пайызға дейін төмендеді. Бесінші – уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері арасындағы сатып алу. Бұл ШОБ субъектілеріне мемлекеттік сатып алу жүйесін белсенді түрде дамытуға және оған қатысуға мүмкіндік беред, – деді вице-министр. Оның айтуынша, ең бастысы – заңды қарапайым және тұтынушылар мен жеткізушілер үшін түсінікті етіп жасау, барлық процедураны қысқарту және автоматтандыру арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою. Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Батталова жобаның редакциясын қайта қарау қажеттігін атап өтті. – Бұл жобада бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру дұрыс қаралмаған. Осыған орай, қолданыстағы заңда бар бірқатар сыбайлас жемқорлық факторы жобаға көшірілді. Бұл нормаларда квазимемлекеттік сектордағы сатып алуларға қатысты және т.б. тәуекелдер бар. Сондықтан бүгінгі күні тәжірибеде орын алып отырған пара беру мен алуды және басқа да теріс әрекеттерді болдырмау үшін мемлекеттік тапсырыс рәсімі арқылы тауарлар мен қызметтерді өз бетінше сатып алу мүмкіндіктерін қарастырып, азайту қажет, – деді Зәуреш Батталова. Ол сондай-ақ қоғамды тарту сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға көмектесетінін, сондықтан мемлекеттік сатып алу секторы қоғамдық бақылауды қажет ететінін айтты. Заң жобасын талқылау барысында Азаматтық палатаның мүшесі Светлана Романовская Қаржы министрлігінің мемлекеттік сатып алу туралы заңнан квазимемлекеттік сектор субъектілерін алып тастау туралы ұсынысын қолдайтынын баса айтты. – Бұл – өмір сүру сапасына, қауіпсіздікке қатысты заң. Бүгінгі айтылған ұсыныстар бойынша министрліктердің қорытынды шығаруы өте маңызды. Азаматтық палатада қаралып жатқан барлық заң жобасын, бір жағынан, халықты тыңдау үшін, екінші жағынан, ашықтық тұрғысынан көрсету үшін әртүрлі ақпараттық ресурсқа орналастыруды ұсынамын, – деді Светлана Романовская. Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева да түзетулердің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Палата оны сессияның аяғына дейін талқылауға арнайы шығарған, өйткені келесі сессия басында депутаттар жобаны әзірлеуге кіріседі.              – Сіздердің пікірлеріңізді тыңдау біз үшін өте маңызды болды. Жақында аймақтарға сапарлар басталады, онда біз халықпен заң жобасын талқылайтын боламыз. Бұған дейін көшпелі іс-сапарлар барысында жергілікті әкімдіктердің қолданыстағы мемлекеттік сатып алу туралы заңы жұмыс істеуге кедергі келтіретін фактілер кездескен еді. Қазірдің өзінде белгілі бір жетістіктер бар, бірақ олар мәселені түбегейлі шеше алмайды. Сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің сапасына әлі де қол жеткіземіз деп сенемін, – деді вице-спикер Д.Еспаева. Отырыс соңында Қоғамдық палатаның сегізінші шақырылымның бірінші сессиясындағы қызметін Палата төрағасы Айдос Сарым қорытындылады. – Бір жарым айға жетпейтін уақыт ішінде біз бес іс-шара өткіздік. Оның ішінде Алматыға сапар барысында біз ПИК пен Мүлік иелері бірлестігі мәселелерін талқыладық. Жергілікті өзін-өзі басқару туралы, активтерді қайтару туралы, онлайн-платформалар туралы өте маңызды заңдар қарастырылды. Өздеріңіз көріп отырғандай, біздің пікірталас алаңымыз арқылы ең өткір де өзекті мәселелер көтерілді. Көптеген ұсыныс қабылданып, қолданыстағы заңнамаға енгізілді. Жұмыс сапасы артып келеді. Барлығына белсенді қатысқандарыңыз үшін алғыс айтқым келеді, – деп қорытындылады Айдос Сарым.       Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-04. Фото С. Майлыбаев

_________________________________________________________

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі

Ақпарат көзі: http://www.parlam.kz/kk/mazhilis/news-details/id50285/1/1

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі