Сарым
Айдос
Әміроллаұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы

Депутатқа хат
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия отырысындағы баяндама

Құрметті Қырымбек Елеуұлы!

Ардақты әріптестер!

Мемлекеттік комиссияның құрылып, қарқынды жұмыс істей бастағанына жарты жылдан астам уақыт болыпты. Осы уақыт ішінде ауыз толтырып айтар жетістіктер де, «әттеген-ай» деп, тізе соғатын кемшіліктер де болғаны баршаға аян.

Осындай кемшін тұстың бірі, біздің ойымызша, ақпараттық және идеологиялық жұмыс болып табылады. Баяғыда атақты физик, Нобель сыйлығының лауреаты Ричард Фейнман «Егер физик ғалым бес жасар балаға немен айналысып жатырғанын анық қып түсіндіріп бере алмаса, ол ғалым емес, алаяқ» деп шегелеген екен. Бұл қағидат, шынтуайтына келсек, мемлекеттік қызметкерлерге де, тарихшыларға да қатысты қағида деп есептеймін.

Мәселе, әрине, тек қана тарихшыларда ғана емес. Бүгінгі заманда, байқап қарасақ, тарих тек тиісті білімі мен тәжірибесі бар, архив қазып, жер қазған, фактілер мен деректерге сүйене отыра әдемі не ащы әңгіме айтатын кәсіби мамандардың несібесі емес. Тарих толассыз тартыс пен бітпес даулардың алаңы. Әсіресе бүгінгі постшындық заманында, факті емес, эмоция, ғылыми заңдылық не теория емес, жекелеген субъективті пікір дәулет құрып, нақты салада соның әккі, тісқаққан маманы мен кез-келген аузы мен мұрны бар адамның пікірі теңескен кезде тарихпен айналысудың өзі қиямет пен тауқыметке пара-пар дүние.

Бұған тарихтың ел ішінде қарсылысқан топтардың қаруына айналып, белгілі бір саяси идеологияның өзегіне айналғанын да естен шығармайық. Ал бұған тарихтың ғаламат геосаяси ойындар  мен қақтығыстың басты бағытының біріне, майданына айналғанын қосар болсақ, тарихтың жұрт ойлағандай ойыншық емес екенін айқын түсінуге болады. Тарих, мойындайық, бүгінгі күні геосаяси тайталас, қырғиқабақ соғыс алаңы.

Осының барлығын ескерер болсақ, біздің ортақ жұмысымызға, жоспарларымызға да тиісті өзгерістер енгізіп, көптеген дүниеге жаңаша көзқараспен қарап, жаңа оптиканы қолданып, тиісті сабақ алып, нақты қорытынды шығара білгеніміз абзал.

...

Ең алдымен, біздің комиссия өз мақсат-міндеттерімізді айқындап, оны бірінші кезекте өзіміз үшін паш етіп, екінші кезекте халыққа, қоғамға, ал үшінші кезекте әлемге дұрыстап айтып, таныстырып беруіміз керек.

Мәселе осында отырған азаматтардың парасат-пайымында ғана емес, мәселе комиссияға қатысты әрбір азамат пен қызметкердің ойы мен ісінің бір жерден шығып, ортақ корпоративтік мүдде мен мұратшылдықты қалыптастыруға байланысты болып отыр. Осындай мүдде мен мұратшылдық ортақ іске, әрекетке жетелей алады деп түсінемін.

Сонымен қатар, Қазақстан жұртшылығы түгілі, қазақ қоғамының ішінде жиырмасыншы ғасыр тарихына деген ортақ көзқарас жоқ. Бұны ашық мойындау қажет. Бұл болашақ үшін, елде жасалып жатқан модернизациялық реформалар үшін үлкен қауіп екенін осындағы жұрт айтпасам да анық түсініп отыр.

Олай болатын болса, баршамыздың ортақ міндетіміз бір: президентіміз, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бізге жүктеген міндетін абыроймен іске асырып, қоғамның талап-тілегі мен аманатын арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей атқарып шығу. Біздер қоғамды ірітетін емес, біріктіретін, өшіктіретін емес, өсіретін, ойбайлататын емес, ойландыратын тірлікті іске асыруымыз керек. Біз тарихты арылу, тазару, сабақ алу, терең тарихи травманы емдеу, жиырмасыншы ғасырмен қоштасу үшін зерттеп жатырмыз. Біреуден кек алып, қан ағызып, құн сұрайтын жайымыз жоқ. Сұрау да, сұрақ та өзімізге, ең өткір және ауыр сұрақтар бүгінгі ұрпаққа қойылуы тиіс.

Комиссия жұмысын, оның аясында жасалайын деп жатқан шешімдерді қабылдай алмай, оған саботаж жасап, қасақана аяқтан шалып, арандатып жатқан күштер жетіп жатыр. Соңғы кездерде бұндай қитұрқы әрекеттердің талайына куә де болдық. Алысқа бармай ақ қоялық, әріптесіміз, досымыз Берік Әбдіғалиұлына қарсы қасақана жасалып жатқан жүйелі ақпараттық шабуылдардың өзі неге тұрады, мысалы!

...

Осыны ескере отырып, Мемлекеттік комиссияның ақпараттық және идеологиялық жұмысының тұжырымдамасы мен бағдарламасы жасалып шығуы керек.

Тұжырымдама Комиссия жұмысының бағыты мен бағдарларын, құрылайын деп жатқан жаңа Институттың миссиясын, мақсаты мен міндеттерін, құндылықтары мен межелерін айқындап беру керек. Негізгі қағидаттар; мемлекетшілдік, тарихи шындық, ашықтық, айқындық, ғылыми негіз болатыны айтпаса да түсінікті.

Өз кезегінде қазір жазылып жатқан ақпараттық бағдарламаға төмендегідей дүниелердің кіргені дұрыс деп санаймын.

Біріншіден. Комиссияға кіретін барша азаматтарға ортақ жауапкершілік пен ішкі тәртіп мәселелерін анықтап, этикалық, әдістемелік баптар қарастырылуы керек. Комиссия атынан сөйлеуге құқылы, комиссия атынан айтылар тақырыптардың бағыты мен өзегі де айқындалуы тиіс. Әрбір адам мен азаматтың өзіндік ойы мен пікірі бар. Ол заңды, оны ешкім шектей алмайды. Бірақ, комиссия туралы немесе комиссия атынан сөйлеген кезде белгілі бір дәрежедегі салқынқандылық, кәсіби және ғылыми әдеп танытқанымыз дұрыс. Популистік, демагогиялық ұрандардан аулақ болсақ деген ниет. Артық қыламыз деп тыртық қылсақ, қызды қыздымен айтылған эмоциялы сөздеріміздің кесірінен ортақ ісімізге нұқсан келтірсек, шегінсек, кешеуілдесек, жұмысымызды тығырыққа тіресек, бізді аруақ та, ұрпақ та кешірмесі анық.

Екіншіден. Комиссияның жұмысы нақты тақырыптық жоспарлар мен медиажоспарлар негізінде жүргізілуі тиіс.

Комиссия жұмысына қатысты медиазерттеулер жасалып, Қазақстан және әлем баспасөзінде шығып жатқан материалдар ғылыми тұрғыдан зерттеліп, зерделеніп, ай сайын, тоқсан сайын тиісті есептер мен дайджестер жасалып, комиссия мүшелеріне таратылуы тиіс.  

Комиссия құрылымдарының, серіктестерінің, ғылыми қауымдастық өкілдерінің арасында тұрақты анкеталар таратылып, әлеуметтік сараптық зерттеулер жасалып отырғаны абзал.

Сонымен қатар бүгінгі қазақ қоғамын, Қазақстан қауымын да зерттей түсу керек. Қоғамның тарихи танымы, пайымы қандай, қандай тақырыптар қызықтырады, қандайы теріс пікір тудырады, қандай тақырыптарды ақтап, тереңірек танытып таныстыруымыз керек деген сұрақтарға нақты жауап алғанымыз абзал. Солардың негізінде тарихи және танымдық, концептуалды философиялық дүниелерге тапсырыс беріп, қоғамдық пікірді мемлекетшілдік, ұлттық арнаға бұра білгеніміз абзал. Елді, жұртты топтастыратын, біріктіретін дүниелер ауадай қажет.

Бұған тиісті қаражат, тиісті кадрлар қарастырылуы тиіс.

Үшіншіден. Комиссияның, құрылайын деп жатқан Институттың өз вебсайты мен ғылыми танымдық журналы болуы тиіс. Алғашқы кезде электрондық бюллетень ретінде бастап, кейіннен толыққанды басылым етіп шығаруға әбден болады.

Бюллетеньге комиссия жаңалықтары, жұмыс топтарының, аймақтағы комиссиялардың жаңалықтары, хабарламалары жарияланып отыруы тиіс. Өзекті деген мәселелер бойынша әдістемелік дүниелер, үздік тәжірибелер, тың зерттеулер жариялануы керек. Біздер де бір үлкен корпорациямыз, ал кез келген корпорацияның өз этикасы, мүддесі, ойы, жаңалығы болуы заңды құбылыс емес пе?

Орталық пен аймақ, аймақтар арасындағы өзара қарым қатынастар мен ақпарат алмасу жүйесі дұрыс жолға қойылуы тиіс. Аймақтардың әрқайсысында баспасөзбен қатынас жөніндегі сарапшылар тағайындалуы керек. Аймақтағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат сайтқа, бюллетеньге тұрақты және жоспарлы түрде келіп тұруы міндет.

Төртіншіден. Комиссия жұмысы тек отырыс пен жиындардан құралмайды. Қыруар жұмыстар жасалып жатыр. Соны қоғамға көрсете білу керек. Және де журналистерге де, оқырман, көрермен қауымға да қызықты, танымды, тартымды түрде көрсете білу керек деп санаймыз.

Тиісті баспасөз құралдарымен арнайы келісім шарттар жасасып, комиссияның ақпараттық серіктестері институтын, журналистер мен сарапшылар пулдарын жасау қажет. Бір эмблемамен, бір тәртіппен қоғамның әртүрлі топтары мен таптарына шағындалған, лайықталған архивтік, ғылыми, публицистикалық материалдарды жүйелі түрде тарату міндет.

Жалпы алғанда, біздер жиырмасыншы ғасырдағы қазақ катастрофасын бір сөзбен «Зұлмат» деп атағанымыз дұрыс сияқты көрінеді. Түбінде зұлымдық ұғымы жатқан бұл сөздің өзі брендтеліп, «Холокост» деген сияқты халықаралық тілдерге ене алатын ұғымға айналуы тиіс деп есептеймін. Егер талқылай келе, ортақ ымыраға келіп, осыған келісетін болсақ, осы «Зұлмат» ұғымын ғылыми, философиялық, құқықтық және публицистикалық тұрғыдан тереңдетіп, негіздеп, бірізділік танытып, бірауыздан қолдана білгеніміз дұрыс. «Зұлмат» ұғымына 1920-1950 жж. Ішіндегі екі ашаршылық, саяси репрессиялар, жөн жосықсыз жасалған әлеуметтік және экономикалық эксперименттер енуі тиіс.

Бесіншіден. Жиырмасыншы ғасыр қазақты аямады. Біз тарихты зертетеген кезде оның бүгінгі қоғамға қалай әсер ететінін де ескере отыруымыз дұрыс. Тарих, оның сабақтары қазақты ұлт ретінде «саяси құрбан» психологиясына итермелемеуі керек.

Біз өткен ғасырдың барша қиындығына төзіп, суығына тоңып, тар жол, тайғақ кешіп, мың өліп, мың тірілсек те жерді, ұлтты сақтап, тез арада санын толтырып, тарих сахнасына қайта шыққан, тәуелсіздігін түлеткен жеңімпаз ұлтпыз, дәулескер халықпыз.

Тарихи фактілер мен архивтік құжаттардың көптеп сөйлегені дұрыс. Алайда тиісті терең тарихи философиялық талдауға да, саяси пайымға да жол беру парыз.

Басты ой – Президентіміз айтқандай, осы трагедияны ұмытпау, оны қайталауға жол бермеу! Тарихтан бірдеңе түсінгеніміз шын болса, енді ешқашан Зұлмат сұмдығын, зұлымдығын қайталатпау, замана көшінен қалып қалмау, ұтылмау, адамды басты құндылық ету  – ұлттық саясат пен идеологияның өзегі бболуы тиіс.

Алтыншыдан.Зобалаң Зұлмат, Қазақ драмасы мен катастрофасы тек қазақты ғана жалмаған жоқ. Тоталитарлоық жүйенің тепкіні мен соққысын көп алған халықпыз. Алайда бұған кінәлі – тоталитарлық мемлекеттік жүйе. Бұған бүтін бір халық не этнос айыпты болмауы шарт.

Сталиндік тоталитарлық жүйенің сұмдығын басқа да халықтар, өзге ұлттар мен мемлекеттердің өкілдері де көрді, басынан өткерді. Елімізге күшпен жер аударылған тұтас этностарға қазақ қалай құшақ жайса, ашаршылықтан, репрессиялардан қараған жағына ауа көшкен қазаққа да көмек берген елдер мен тұлғалар жеткілікті.

Парасатты ұлт, кемеңгер халық ретінде біз сол тарихты да ұмытпай, басқамен қатар айта жүруіміз керек.

1921-23 жж. Ашаршылық кезінде совет халқына мыңдаған, миллиондаған әлем азаматтары жылу жинап, көмек көрсеткен. Әйгілі саяхатшы Фритьоф Нансеннің басқаруымен арнайы миссия жасқталып, бүгінгі ақшамен миллиардаған доллар көмек көрсетілді. Бұның бір шетін қазақ та көрген.

Немесе, Шыңжаңнан Тибет, Гималай асқан қазақ көші туралы әңгімені жақсы білеміз. Ал оларға шын жаны ашып, Біріккен Ұлттар ұйымында бірнеше рет мәселе көтеріп, арнайы резолюцияларын қабылдатып, бірнеше кеме мен ұшақ жіберген, қонысын анықтап,. паспорт берген, пана болған түрік бауырларымызға шынайы рахметімізді неге айтпасқа бүгін? Мысалы, сол кездегі Түркия басшылары Мұстафа Байар мен Эднан Мендерестерге неге көше атын бермеске?

Тізе берсе мұндай фактілер жетіп жатыр.

Жалпы алғанда, Комиссия мен Институт осындай бастамаларды тізбектеп, болашақта елімізде Израильдің Яд-Ва-Шем сияқты мемориалын ашып, Қазақ әлемінің жанашырлары институтын құру керек сияқты. Қиын кезде қазаққа қол ұшын беріп, жанын алып қалған жүздеген орыс, қырғыз, өзбек, ұйғыр, түрікпен, түрік азаматтары болғаны тарихи шындық. Олардың атын атау, оларға құрмет көрсету зиялы, парасатты ұлттың ұрпақтық міндеті. Ұлттық эгоизм мен тасжүрек менменділіктен құтылудың да жолы. Осы туралы да жүйелі әңгіме айту парыз.

Жетіншіден. Ұлттық комиссия мен Институттың жұмысы Қазақстанның әлеммен байланыстарын күшейте түсуі керек. Бұл саясат пен дипломатияның құралы да болуы мүмкін.

Мысалы, Алматы маңындағы Жаңалық мемориалында 4,5 мың атылған азаматтың сүйегі бар. Олар көпшілігі бүгінгі әлемнің қырыққа жуық мемлекетінің азаматы мен тумасы. Архивтердің ашылуы солар туралы ақпараттардың да ашылып, жариялануына мүмкіндік беру керек.

Жобалық офис, болашақта Институт аталмыш елдердің елшіліктерімен арнайы келісім шарттар жасасып, қатынасқа түсуі керек. Сол елдерден кемі 2-3 журналистті, тарихшыны, архившіні қызықтырып, қазаққа ниеттес серіктес ете білгеніміз абзал. Ал атылғандардың туыстары, ұрпақтары табылып жатса, елге келіп, зиярат етіп жатса, Қазақстанның, қазақтың әлем елдерімен тек мемлекеттік қана емес,  адами, азаматтық байланыстары да тереңдей түсетіні анық.

Немесе, Зұлматтан үдере көшіп кеткендердің сүйегі ел периметрінде шашылып жатыр. Екінші дүниежүзілік соғыста ат түссіз жоғалып кеткен мыңдаған, мыңдаған азаматымыз бар. Оларды іздеу, табу, оларға белгілі орнатып, құран оқыту ұрпақтық парыз.

Осы жұмысты да жүйелі жүргізіп, басқа мемлекеттермен, олардың архивтік қызметтерімен келісім шарт жасауымыз керек. Мысалы, өткен жылы Германия Ресейге концлагерьге түскен совет тұтқындары туралы 20 мыңнан астам цифрлық құжаттарды табыстапты. Болашақта тағы да 500 мың құжаттың цифрлық копияларын бермекші. Бұл жұмысқа біздің ел де еншілес болуы тиіс. Германияның цифрлық құжаттарын біздер де алуға тырысып, Институттың қоры ретінде сақтағанымыз дұрыс. Өз қанымыз бен қандасымызды өзімізден артық, жан салып ешкімнің іздемейтіні анық. Германияның цифрлық архивтерін алып жатсақ, басқа Орталық Азия елдеріне де көмек көрсете алар едік.

Қысқасы Комиссияның халықаралық өлшемі, дипломатиялық өлшемі болуы тиіс. Бұл бағыттың жоғарыда аталған ақпараттық бағдарламаның құрамдас бөлігіне айналғаны жөн.