Смағұл
Бақытбек

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Құқық қорғау органдарында, Жоғарғы сотта қанша әйел бар, үлесі қаншаға жетті?

Құқық қорғау органдарында, Жоғарғы сотта қанша әйел бар, үлесі қаншаға жетті?

Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі ретінде оның отырысына қатыстым.
Ұлттық комиссия төрайымы Ләззат Рамазанова алғысөзін ел тарихындағы атаулы күн - Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейтойымен құттықтаудан бастады.
«Тәуелсіздік жылдары елімізде отбасы институтын нығайтуға, әйелдердің құқықтары мен экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге, ана мен баланы қорғауға қатысты бастамалар қолға алынып келеді. Отбасы құндылықтарын сақтап, оны нығайту еліміздің ары қарайғы дамуына серпін берері сөзсіз. Өйткені тек бақытты, бақуатты отбасы елдің бірлігі мен берекесінің тірегі бола алатыны ақиқат. Тек бірлігі жарасып, берекесі келіскен ел ғана жетістікке жетеді», - деді Л.Рамазанова.
Отырыста қауіпсіздік, сот және құқық қорғау салаларында қызмет етіп отырған қыз-келіншектер жайында, сондай-ақ олардың басшылық қызметке тағайындалуы туралы Жоғарғы сот, Бас прокуратура және Ішкі істер министрлігі басшылықтары өкілдерінің ақпараттары тындалды.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2000 жылғы 31 қазандағы 1352 қарарында дағдарыс пен шиеленістердің алдын алуда және оларды шешуде әйелдердің алар орны, сондай-ақ қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайтуға бағытталған барлық іс-әрекеттерде әйелдерге тең құқық берілуінің маңызы атап өтілген. Қазақстан өз тарапынан халықаралық бастамаларды қолдап, жаһандық қауіпсіздікке үлес қосуда.
Қазіргі уақытта еліміздің сот корпусында жұмыс істейтін 2 382 судьяның жартысынан көбі қыз-келіншектер (52,6%) екен. Аудандық соттарда судьялық қызметтегі қыз-келіншектердің үлесі де артуда және 54,3%-ға жетті. Сот жүйесіндегі әкімшілік-мемлекеттік қызметшілер қатарында қыз-келіншектер саны 65,4%-ды құрап отыр. Олардың ішінде 370 (61%-ы) қыз-келіншек басшылық қызметте. 1071 әйел прокуратура органдарында қызметте, бұл жалпы қызметкерлердің 22%-ы, оның ішінде 7%-ы (73) басшылық қызметті атқаруда. Соңғы бес жылда құқық қорғау қызметінде де қыз-келіншектер саны артқан. Қазіргі уақытта бұл салада 12 414 әйел (14%) қызметте болса, оның ішінде 657-сі (5,3%) басшылық лауазымда.
Сонымен қатар отырыста Ұлттық комиссияның биылғы қызметі қорытындыланды, келесі 2022 жылға міндеттер белгіленді.
Отырыс соңында Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Л. Рамазанова Ұлттық комиссияның атынан әйел мен бала мүддесін қорғауға, елімізде отбасы саясатын нығайтуға қосқан үлесі үшін үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдеріне алғыс хаттар табыстады.
Қазіргі уақытта елімізде әйелдер мен қыздардың құқықтарын әрі мүмкіндіктерін кеңейту, әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, репродуктивті денсаулықты нығайту салаларында халықаралық әріптестермен бірлескен бірқатар жобалар іске асырылуда.
Сонымен қатар іс-шара аясында «Тәуелсіз Қазақстанның отбасылық және гендерлік саясаты: табыстар мен жетістіктер» тақырыбында фотокөрме ұйымдастырылды.