Смағұл
Бақытбек

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
29.11.2018 ж. «Тұңғыш Президент күніне» орай, «НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ.АЛТЫН ҒАСЫР» атты кітабының тұсаукесер салтанаты өтті.

 

Астана. 29 қараша. Мәжіліс үйі. Бүгін Парламент Мәжілісінің депутаты, «Qazaqstan ardagerleri» Қауымдастығының Төрағасы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, ақын Бақытбек Смағұлдың «НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ.АЛТЫН ҒАСЫР» атты кітабының тұсаукесер салтанаты өтті.

Іс-шара «Тұңғыш Президент күніне» орайластырылып отыр. Тұсаукесер рәсіміне Мәжіліс пен Сенат депутаттары, сондай-ақ зиялы қауымның өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері қатысты.

Б.Смағұлдың көркем тілмен жазылған бұл ғылыми зерттеу еңбегі ірі 7 тараудан тұрады. Әр тарау Елбасы-Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұлғасының жеті қырына арналған.

Атап айтқанда, «Тәуелсіздік – мәңгілік үшін күрес кеңістігі» тарауында Елбасының жаңа қазақстандық мемлекеттіліктің негізін қалаушы ретіндегі тарихи рөлі ашылады.

«Елбасы шапағаты» тарауында автордың Н.Ә.Назарбаевпен кездескен 1984 жылдан бергі естеліктері, Мемлекет басшысының соғыс ардагерлеріне қамқорлығы баяндалады.

«Елбасы – жаңа ұлтты қалыптастырған феномен» атты тарауда мемлекетқұраушы қазақ ұлтының айналасында ұйысқан Қазақстан халқын – «Болашағы біртұтас ұлтты» түзу кезеңдері мен сол жолдағы қиыншылықтар нақты оқиғалар негізінде сараланады.

«Астана – жаңғырудың рәмізі» тарауы елорданы жариялау және тұрғызу кезеңінде болған, бірақ бұған дейін ел назарынан тасада қалып келген тосын оқиғалар мен тың деректерге құрылған.

«Өмір шынайылығын өзгерткен лидер» тарауында Б.Смағұл әскери сарапшы ретінде Қазақстан Президентінің дүниежүзіндегі әртүрлі қақтығыс ошақтарының өшіп, тұрғындарының бейбіт өмірге оралуына ықпал еткен бітімгер бейнесін сөзбен сомдайды.

«Азшылық ұлтты алыпқа айналдырған» тарауында халқының саны аз болғанымен, әлемдік көшбасшы мемлекетке айналған дамыған елдер тәжірибесі сарапталады, сондай-ақ «Ұлт Атасы» атанған тарихи лидерлер қатарында саналатын Н.Назарбаевтың Қазақстанды озық «отыздық» қатарына қосу стратегиясының мән-маңызы ғылыми талданады.

«Президентке бағыну – жағыну емес, саясатын қолдау – табыну емес» қорытынды тарауында Тұңғыш Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасына және содан өрбитін мәселелерге мән беріледі, шын жүйріктерді емес, тіл жүйріктерді ілгері шығарған «постшындық» («post-truth») дәуіріндегі демагогия мен популизмнің қауіптілігі, прагматизмнің қажеттілігі әлемдік тарихи деректер арқылы дәйектеледі.

Бақытбек Смағұл өзінің ұзақ жылдардағы ой-толғанысының жемісі болып табылатын бұл еңбегінде Елбасы атымен ұштасқан «Елдіктің Алтын Ғасырына» қатысты бетбұрыстардың тек куәгері ғана емес, тікелей қатысушысы ретінде дәуір рухын, қазіргі заман бейнесін ғылыми негізде, бірақ ой мен тіл өрнегін төге отырып, аса қызықты суреттейді.

Кітап қалың оқырманға, әр сала мамандарына, сондай-ақ болашақ «назарбаевтанушыларға» орнықты ой, дәйекті дерек, тағылымды түйін, ұлағатты ұйғарым ұсынады.