Смағұл
Бақытбек

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Жамбыл облысына сапар

Жамбыл облысына барып, екі күн бойы Қордай, Меркі аудандарын араладық

Сапарды аймақпен аттас Жамбыл ауданында түйіндедік. 11–12 қараша күндері Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті (мен Мәжілісте соның құрамындамын) Жамбыл облысында көшпелі отырысын өткізді. Жиынға «Қазақстанның Мемлекеттік шекарасы туралы» заңын іске асырудың барысы және шекаралық инфрақұрылымның жай-күйі туралы» тақырыбы арқау болды.
Парламент Мәжілісінің Негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылған көшпелі отырыс жұмысына Мәжіліс депутаттары сыртында, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің басшылығы мен қолбасшылық құрамы, Жамбыл облысы әкімдігінің басшылығы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан комитет төрайымы Айгүл Құспан мемлекеттік шекараны қорғауды және күзетуді жетілдіру, сондай-ақ Шекара қызметін оған қойылатын талаптардың артқанын ескере отырып, одан ары дамыту мәселелері комитетіміздің тұрақты назарында болатынын атап өтті.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары–Шекара қызметінің директоры генерал-лейтенант Дархан Ділманов бізді «Мемлекеттік шекара туралы» заңының іске асырылу барысы, шекаралық инфрақұрылымның жай-күйі, проблемалары мен оларды шешу жолдары туралы хабардар етті.
Іс-шара аясында біз Жамбыл ауданының Гродеково ауылындағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің Қордай ауданы бойынша шекара басқармасында, оның инженерлік-техникалық қамтамасыз ету бөлімінде, сондай-ақ «Қордай», «Айша Бибі» өткізу пункттерінде, «Ақсу» шекара бөлімінде және басқа да шекаралық инфрақұрылым объектілерінде, «Чумыш» шекара маңы гидроторабында болдық. «Бесағаш» шекара заставасының тыныс-тіршілігімен таныстық. Мынадай алмағайып заманда шекара қырағы күзетілуі, қауіпсіздік қатаң бақылауда болуы керектігін жауапты тұлғаларға аманаттап тапсырдық.
Шекаралық инфрақұрылым объектілерін аралау барысында бізге техника мен қару-жарағы, шекараны күзетудің техникалық құралдары, Шекара қызметінің қызметтік-әскери жұмысы паш етілді. Шекарашылар шекарамызды бұзушыларды қалай ұстайтынын көрсетті.
Көшпелі отырыста көтерілген проблемаларды және оларды шешу жолдарын, әсіресе бюджеттік қаржыландыру жайын назарға алдық. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерін реконструкциялау мен жаңғырту бойынша аралық қорытындыларға қанықтық. Барлық айтылған сындарлы ұсыныстар салалық заңнаманы жетілдіру барысында көрініс табады.
Сапарамыз кезінде ауыл-аймақ жылдан-жылға ажарланып келе жатқанын да аңғардық. Мысалға, бір ғана Гродекова ауылында былтыр 23 көшесіне асфальт төселген.
Ал 2020–2021 жылдары Жамбыл ауданындағы 10 ауылға ауыз су, 7 ауылға газ құбыры тартылған. Аудан әкімі Сакен бауырымыз келер жылы осы ауылдарды газға қосуға уәде етті.
Игіліктерге ел ризашылығын білдіруде. Мәселелерді қойын дәптерге түртіп, көңілге түйіп қайттық.
Бақытбек Смағұл
Nur Otan фракциясының мүшесі


#BaqytbekSmagul #BakitbekSmagul #БақытбекСмағұл #БахытбекСмагул #Шекара #ГосГраница #deputatnurotan #Мәжіліс #Мажилис #ЖамбылОблысы #ЖамбылскаяОбласть