Смағұл
Бақытбек

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
15 ақпан - кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылған күні

Бүгін, 15 ақпанда кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 32 жыл толады.

Біз үшін, Қазақстандағы 17 мыңдай Ауған ардагерлері үшін бұл – қан майданда көз жұмған қыршын жастарды, қаруластарды қамыға еске алар күн. Бұл – еліміздің әр аймағына ағылған темір табыттардың тоқтаған күні. Бұл – сол сұрапыл соғыста Отан алдындағы антына адалдық танытып, ерлік көрсеткен әрбір Ауған ардагерінің алдында тағзым ететін күн.
Өзі қатарлас құрбы-құрдастары бейбіт Отанда, бақыт құшағында ән шырқап, би билеп, қызық пен шаттыққа бөленіп жатқанда, жасы 18–19-ға жаңа толған жасөскіндерге Ауған даласында қан кешіп, қан құсып, өлім туралы ойлауға тура келді.
Анасына бала, әкесіне ұрпақ, біреуге аға, біреуге бауыр болған қаншама боздақ қыршыннан қиылды. Олардың кейбірі ғана отау көтеріп, жар құшу бақытынан дәм тата бастаған болатын. Олардың ұл-қыздары әке құшағы мен мейірімін көрмей, асқар таудай әке махаббатын сезінбей, әке даусын естімей өсті. Қаншама алтын құрсақ асыл аналарымыз көзінен жасы сорғалай жүріп, төзімділікпен, із-түзсіз кеткен ұлынан үмітін үзбестен, күте-күте сағыныштан қарашығы солып, өмірден өтті.
Сондықтан біз соғыс енді қайтып оралмасын, Қазақстанымыз бейбіт, тәуелсіз, тыныш болсын деп тілейміз!

Құрметті Ауған ардагерлері!
Сіздерді Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығы және өз атымнан осы тағылымы терең атаулы күнмен шын жүректен құттықтаймын!
Сіздер батырлық пен рухтың, қайсарлық пен ерліктің жарқын үлгісін көрсеттіңіздер! Біз ер азаматтың жігіттік сипатын паш етіп, жігерді жастық жалынға жанып, Отан алдындағы борышымызды өтеуге аттандық. Қан-қасап соғыстың ортасынан бір-ақ түсетінімізді білмесек те, майдан даласын тастай қашпадық, ата-бабамыздан дарыған батырлық дәстүрді жалғадық.
Сол соғыстан аман алып шыққан өмірге деген құштарлық қазір де Ауған ардагерлерін тағдырдың тақсіретіне шыдатып, қиындыққа мойымай, қайсарлана ілгері ұмтылдыруда. Сіздердің әрқайсыңыз Тәуелсіздікті тұғырлы, мемлекеттілігімізді мәңгілік ғұмырлы етуге өз үлестеріңізді қосудасыздар.
Біз тәуелсіз Қазақстанды туған анамыздай аялаймыз және оның болашағынан күш-жігерімізді аямаймыз! Отанымыз ұрысқа қабілетті болуы үшін біз патриоттық сезімді жас ұрпақтың бойына дарытып, білікті жас сарбаз тәрбиелеу ісіне сүбелі үлес қосудамыз. Сонда батырлық, батылдық, қажырлылық пен антқа адалдық қазақ жауынгерінің әрқашан айнымас қасиеті бола бермек.
Бүгінгі атаулы датамен тағы да құттықтай отырып, құрметті Ауған ардагерлері, Cіздерге мықты денсаулық, қолға алған игі істеріңізге жетістік, отбасыларыңызға ырыс-ынтымақ тілеймін!
Берекелі қазақ жерінде әрдайым бейбітшілік пен тұрақтылық орнасын!