Смағұл
Бақытбек

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
07.11.2016 "Жұмыспен қамту-2020" Жол картасының іске асырылу барысы туралы" тақырыпта Үкімет сағатында сұрақ қойды.

 

Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында еліміз бен өңірімізге төнген және еңсерілуге тиіс екінші сын-қатер ретінде «жаһандық демографиялық теңгерімсіздікті» атағаны мәлім. Сіздің министрліктің тапсырысымен ғалымдар жүргізген зерттеулер көрсеткеніндей, егер қазіргі жағдай өзгермесе, 2050 жылға қарай Қазақстан халқының басым көпшілігі – шамамен 55 пайызы оңтүстік өңірлерде өмір сүретін болады. Бұл ретте оңтүстік облыстар тұрғындарының саны 5 миллионға артып, ал солтүстікте керісінше, миллионға қысқаруы мүмкін. Бұл тұтас ауыл-аудандардың қаңырап бос қалуына, шаруашылықтың құлдырауына соқтыруы ықтимал. Сонымен бірге, оңтүстік өңірлерге, ондағы әлеуметтік, денсаулық сақтау жүйелеріне түсер салмақ-жүктеме еселеп артуы, еңбек ресурстарының шектен тыс шоғырлануы, әлеуметтік шиеленістің күшеюі проблемаларын тудыруы ғажап емес.

Бұл сын-қатерді еңсеру мақсатында ел Үкіметі «Жұмыспен қамтудың жол картасы», еңбек мобильділігін арттыру жүйесі арқылы 2014 жылдан бері еліміздің солтүстігі мен шығысына ерікті түрде қоныстандыру шараларын іске асыруда. Бұл – құптарлық іс.

Бірақ бізді бұл бағыттағы жұмыстардың шабандығы және мардымсыз көрсеткіштер алаңдатады. 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің ағымдағы жылғы 18 ақпандағы «Оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2016 жылға арналған өңірлік квотасын бекіту туралы» №82 қаулысын жүзеге асыру аясында жұмыс күшіне барынша көп қажеттілік байқалып отырған өңірлерге көшуді қалайтын қоныс аударушылардың 463 отбасын қабылдауға квота бөлінді. Атап айтқанда, Павлодар облысына – 300, Солтүстік Қазақстан облысына – 101, Шығыс Қазақстан облысына – 40, Қостанай облысына небары 22 отбасыны қабылдауға ұлықсат етілген. Егер қоныс аударатын әр отбасының орташа есеппен бес мүшесі бар десек, мұндай қарқынмен, ең болмағанда, миллион адамды солтүстікке қоныстандыру үшін 431 жыл кетеді екен!

Сайлаушыларымызбен кездесулер кезінде анықтағанымыздай, көшуге даяр адамдардың саны көп, бірақ қоныстанушылар көлемі ұлғайса, әкімдіктер баспанамен қамтамасыз ету қиындығына кездеседі.

Бізді мазалайтын тағы бір мәселе бар. Көш өнеркәсіптік өңірлерге бағытталуда, ал заманауи өндіріс орындарына білікті жұмысшылар қажет. Қоныс аударушылар болса, негізінен экономикалық әлеуеті төмен елді мекендердің тұрғындары және жұмыссыздар. Ендеше оларды көшіп баратын жердегі өндіріс орындарының сұранысына лайықтап, нысаналы түрде оқыту және даярлау мәселесі пысықталғаны жөн.

Айтылғанды ескере отырып, құрметті Тамара Қасымқызы, келесі ақпараттарды ұсынуыңызды сұраймыз:

1) Сіздің министрлік Қазақстанның кейбір өңірлеріндегі еңбек ресурстарының тапшылығы мәселесін шешу үшін оларға еңбек ресурстары шектен тыс шоғырланған өңірлерден барлығы қанша адамды көшіруді көздеп отыр? Алда квотаны арттыру қарастырылған ба?

2) Қоныстанушыларды бағытталатын өңірлерде сұранысқа ие жұмыс кәсіптеріне оқыту қалай жүруде және бұл бағыттағы жұмыстар жетілдіріле ме?

3) Қоныстануға Үкімет ұсынған өңірлер ауыл шаруашылығын жүргізуге қолайлы. Осыған байланысты қоныстанушыларды егін салу, мал бордақылау, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларына даярлау, сондай-ақ осы салаларда кәсіптерін ашқандарды қолдау бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе жұмыс жасау қарастырыла ма?

4) Әзірленіп жатқан «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қоныстанушыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін сіздің министрлік Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе жұмыс жүргізе ме?