Смағұл
Бақытбек

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Еліміздің шекараларын бекемдеу мақсатында депутаттық сауал



2022 ж. 7 желтоқсанда жарияланды                                

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Ә.А. Смайыловқа

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Бұл депутаттық сауалды жолдауыма менің атыма келіп түскен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Солтүстік Қазақстан шекарашыларының хаты себепкер болып отыр.

Биыл көрші Ресейдегі саяси жағдайға байланысты Ресей Федерациясы  азаматтарының Қазақстанға миграциясы күрт артып, Шекара қызметіне шектен тыс ауыртпалық түсіргені мәлім. Көрші мемлекетте күрделі ахуалдың сақталғанын ескерсек, бұл проблема алда қайталанып қана қоймай, ушығуы мүмкін.

Ал аралау барысында көз жеткізгенімдей, көші-қон саласындағы процестерді реттеп, шекарада коллапстың туындауына жол бермеу үшін бірінші кезекте шекаралық өткізу бекеттерін заманауи жабдықтармен жабдықтау, оларға лайықты ғимарат бөлу күн тәртібінде өткір тұр. Нақтылай кетсем, «Петропавл» шекаралық бақылау бөлімшесінің қызметкерлері көлік құралдарын күту залдарынының болмауын мәселе етіп көтерді. Мысалы, шекарадан өтетін машина ғимарат ішіне кіріп, рентген құрылғы көмегімен тексеруден өтуге тиіс. Ол болмаған соң шекаралық бақылау бөлімшесінің қызметкерлері көлік құралдарын далада, қол құрылғыларымен, итпен тексеруге мәжбүр. Жаңадан өз алдына бөлек ғимарат салынып, ол халықаралық талапқа сай жабдықталуы қажет. Өткен ғасырдағы тәсіл және ол қазіргі заманда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жарамайды. Оның үстіне бұл бақылау тым көп уақыт алып, шекаралық өткізу бекетінің, уақыт жағынан да, тиімділігі жағынан да өткізу қабілетін төмендетеді.

ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 17 қыркүйектегі №977 қаулысының 22-бөліміне сәйкес, жолаушылар ағынының қарқындылығы 1 000 жолаушыдан асатын «Мамлютка» және «Булаево» шекаралық бақылау пункттері 1-санатқа жатады, халықаралық мәртебеге ие. Аталған шекаралық бөлімшелер барлық жағынан бірінші санатқа сәйкес болуы керек. Компьютерлік жабдықтармен жарақтандырылуы қажет.

Тағы бір проблема – паспорттық бақылауды және қол жүгін тексеруді жүзеге асыру үшін қажетті арнайы орындар мен кабиналардың жоқтығы. Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан Петропавл теміржол вокзалы Ресей Федерациясына 50 жылға жалға берілген. Бұл ретте Петропавл теміржол вокзалының 2-ші қабатындағы жолаушылардың күту залы бос тұр. Сол жерде будкаларды, ленталы тексеріс құралдарын орнату керек.

Яғни, мұнда Қазақстаннан шығатын және Қазақстанға келетін жолаушыларды тіркеу үшін ешқандай жағдай жасалынбаған. Қызметкерлер амалсыздан, қызметін жол жүру барысында жүзеге асырады. Қарапайым тілмен айтқанда, олар пойыз вагондарына отырып жатқан жолаушылармен жағаласа кіріп, тексерісті жол бойы, қолайсыз жағдайда, әр жолаушының соңынан қуалай жүріп, вагондар ішінде жүргізуге мәжбүр. Дұрысы, шекаралық бақылау және ресімдеу рәсімдері стационарлы жағдайда, вокзал ішінде жүргізілуге тиіс.

Көлік-транзиттік әлеуеттің дамуына, халықаралық қатынас жолдарының кеңеюіне байланысты, сондай-ақ  ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлерге лайықты қарсы тұру, өткізу пункттерінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету, шекаралық ынтымақтастықты дамытуға жағдай жасау үшін шекаралық бақылауды жетілдіру және жаңа заман талаптарына сай жүзеге асыру маңызды. Теміржол өткізу пункттеріндегі шекаралық бақылауды теміржол вокзалы ғимаратының ішінде ұйымдастыру қажет. Бұл ретте паспорттық бақылауды және қол жүгін тексеруді жүзеге асыру үшін аталған вокзалда арнайы орындар мен кабиналарды, пойызды күту залдарын жабдықтаған жөн.

Петропавл станциясының теміржол вокзалы ғимаратында паспорттық бақылаудың 8 кабинасын орнатып, шекаралық бақылаудың техникалық құралдарымен жете жарақтандыру қажет. 4 кабина Қазақстаннан шығушыларға, тағы 4 қабина Қазақстанға кірушілерге қызмет етеді. Бұған қол жеткізу үшін РФ тарапының келісімі талап етіледі. Бұл проблеманы шешу мақсатында бірнеше екіжақты отырыстар, келіссөздер өткізілді. Мәселен, 2022 жылғы 8 қыркүйекте РФ Оңтүстік Орал теміржолының Петропавл бөлімшесінде Мемлекеттік шекараға қатысты мәселелер бойынша кеңес өткізілді. Алайда одан нәтиже шыққан жоқ.

Құрметті Әлихан Асханұлы, жоғарыда айтылғандарды ескеріп, осы көкейкесті мәселелерді шешуге ықпал етуіңізді сұраймын.

Құрметпен,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,

«AMANAT» фракциясының мүшесі                               Бақытбек Смағұл