Смышляева
Екатерина
Васильевна

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы

Депутатқа хат
Бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағаты байланыс саласын жақсартуға арналды.

Отырысты ашқан Мәжіліс төрағасының орынбасары Павел Казанцев Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында байланыс пен интернетті дамыту мәселелеріне ерекше мән берілгенін атап өтті.

Сонымен қатар  бағдарламада 5G байланыс сапасының ең жоғары стандартын енгізу және байланыс инфрақұрылымын жан-жақты дамыту бойынша ауқымды міндеттер қойылып отыр.  

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин осы тақырыпта баяндама жасады. Министр елді мекендерді интернетпен қамтамасыз етуде мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шараларға тоқталып, депутаттардың сауалдарына жауап берді. Министрдің айтуынша, Қазақстанда 6 406 елді мекен бар. Оның 4 733-і кең жолақты мобильді интернетке қосылса, тұрғындарының саны 260 мыңнан асатын 1673 ауыл мобильді интернетпен қамтамасыз етілмеген.

-Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Қолжетімді интернет» жаңа ұлттық жобасын әзірлеп жатырмыз. Соның аясында елді мекендерді, автожолдарды кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету және олардың сапасын жақсарту бойынша бірқатар іс-шаралар көзделіп отыр. Жобаның мақсаты – интернетке 100 Мбит/с қосылатын телекоммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, – деді Б. Мусин.

Министр депутаттарға 2027 жылға қарай республика бойынша 5G технологиясы 75 пайызға жететінін айтты. Сонымен қатар Бағдат Мусин байланыс сапасын жақсарту үшін әзірленіп жатқан заң нормаларына тоқталды. Атап айтқанда, барлық байланыс операторларына көп пәтерлі үйлердің инфрақұрылымына интернет желісін қамтамасыз ету мақсатымен телекоммуникациялық жабдықтарды орналастыру міндеттеледі. Тұрғын үйлерге бір емес, бірнеше операторлардың қызметін қосу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Ол үшін «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға түзетулер енгізіледі. Сонымен бірге жаңа аудандарды салуды жоспарлау кезінде базалық станциялар мен байланыс тіректерін орнату үшін аумақтарды резервтеу талабы қойылады. Осыған байланысты «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңға түзетулер әзірленбек. Сондай-ақ сапасыз байланыс үшін операторға жауапкершілік жүктелген кезде абоненттердің шығындарын өтеу тетігі қарастырылады. Яғни, егер қызмет сапасы көңілден шықпаса, тұрғындарға төлеген ақшасын қайтарып алу құқығы берілмек.

Отырыста Палатаның Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Екатерина Смышляева талқыланып отырған тақырып бойынша қосымша баяндама жасады. -Халыққа көрсетілетін мемлекеттік, білім беру, қаржылық және басқа да қызмет түрлерінің басым бөлігі электронды форматқа белсенді түрде көшіп жатыр. Бұл қызметтер қолжетімділікті, яғни жоғары сапалы байланысты қажет етеді. Мемлекеттік онлайн қызмет көрсетудің халықаралық индексінде Қазақстан 8-орында. Мобильді интернеттің орташа жылдамдығы бойынша біз әлемде 85-орындамыз (Гондурас пен Угандадан төмен), ал тіркелген кең жолақты интернет бойынша 86-орындамыз (Непал, Эквадор, Гайанадан төмен). Бұл теңгерімсіздік біздің қоғам үшін цифрлық теңсіздік пен цифрлық инклюзия атты жаңа мәселе туындатады, – деді Е. Смышляева.

Жиын барысында Мәжіліс депутаттарының сауалдарына құзырлы орган өкілдері де жауап берді.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету мәселелерін шешу бойынша біраз мәселе қозғалды.

Отырысты қорытындылай келе, вице-спикер Павел Казанцев депутаттық корпус елді мекендерді, әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандарды байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету үшін бар күшін салатынын айтты.  


Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген С.Майлыбаев