Сұңқар
Ислам
Еркінұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Международная встреча

Бүгін Мәжілісте Қазақстан-Малайзия парламентаралық достық топтарының мүшелері кездесті. Онлайн форматтағы кездесуге депутаттар – Еділ Жаңбыршин, Ермұрат Бапи, Наурыз Сайлаубай, Ислам Сұңқар қатысты. Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Қазақстан мен Малайзия арасындағы дипломатиялық байланыс 1992 жылы 16 наурызда орнады. Парламенттегі Малайзиямен достық тобының жетекшісі Еділ Жаңбыршин осы уақыт аралығында екі елдің толайым табысқа жеткенін айтты. – Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Президентіміздің бастамасымен жаңа экономикалық саясат жүргізу арқылы 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың өсімін екі есе ұлғайтуды көздеп отырмыз. Осы салаларды дамыту Малайзиямен ынтымақтастығымызды кеңейтуге жол ашады деп сенемін. Мемлекеттеріміздің саяси және экономикалық серіктестігі парламентаралық байланысымызды тереңдетуге де септігін тигізетіні сөзсіз, – деді Е.Жаңбыршин. Малайзия Парламенті Өкілдер Палатасының Қауіпсіздік комитетінің мүшесі Саид Ибрахим Бин Саид Нох бүгінде Қазақстан Малайзияның Орталық Азиядағы ең үлкен сауда серіктесі екенін атап өтті. – 2022 жылдың қорытындысы бойынша екі елдің сауда айналымы 130 млн АҚШ долларын құрады. Ол алдыңғы жылдармен салыстырғанда 31 пайызға өсті. Малайзиядан Қазақстанға негізінен электронды құрылғылар мен пальма майы, ал Қазақстаннан химиялық заттар тасымалданады. Өздеріңіз айтып кеткендей, Қазақстан ынтымақтастықты ІТ саласында да дамытқысы келеді. Малайзия тарапы да дәл осы мәселені жоспарлап отыр, – деді Саид Ибрахим Бин Саид Нох. Оның  айтуынша, 2019 жылға дейін Алматы мен Лангкави арасында тікелей рейс болған. Ол 2020 жылы пандемия кезінде жұмысын тоқтатқан. Малайзия тарапы осы рейсті қайта іске қосу жөнінде ұсыныс білдірді. Сондай-ақ қазақстандық студенттерді білім алуға өз елдеріне шақырды. Кездесу қорытындысы бойынша қос тарап достық топтары аясында ІТ, цифрландыру, климатқа қарсы күрес, жасыл экономиканы ілгерілету, кибер-қылмысқа қарсы күрес және т.б. мәселелер бойынша заң шығарудағы тәжірибемен алмасуға келісті.

_________________________________________________________

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі

Ақпарат көзі: https://www.parlam.kz/kk/mazhilis/news-details/id50775/1/1

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі