Сұңқар
Ислам
Еркінұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Депутаттық сауал

 

2023ж. «20» сәуірде  жарияланды                                           Қазақстан Республикасы

премьер-министрінің

бірінші орынбасары

Р.В.Склярға

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Роман Васильевич!

Қазақстан Халық партиясына азаматтар түрлі әлеуметтік, экономикалық, оның ішінде халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін мәселелер бойынша жиі жүгінеді. Осы жолы олардың алаңдауына географиялық ерекшелікті ескермей, бей-берекет салынып жатқан құрылыс түрткі болды.

Біздің республикаға Түркия мен Сирияда орын алған табиғи апат сабақ болуы тиіс деп санаймыз. Бұл ретте Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігі сейсмикалық қауіпті аймақ екенін ескеру қажет.

Алайда осыған дейін болған қайғылы жағдайға қарамастан, Алматы қаласында көпқабатты тұрғын үй кешендерінің құрылысы жердің тектоникалық құрылымы нашар тұстарында белсенді жүргізілуде. Мұнда 100-ден астам көппәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Тектоникалық қозғалыс анықталған жерге көппәтерлі тұрғын үй кешенін салу жер сілкінісі кезінде топырақтың ыдырауын үдетеді. Салдарынан жер сілкінісіне + 1-2 балл қосылады. Бұған қоса бұл жағдай тік және көлденең қозғалысқа ықпал етіп, адам айтқысыз апатқа бастайды. Үлкен Алматы және Ақсай өзендерінің бассейндерінде 122 сел қаупі бар учаске, 114 мұздық, мореналық көлдер орналасқан. Алматы өз тарихында бірнеше апатты селді бастан өткерді.

Бүгінгі таңда болуы мүмкін сел белсенділігінің ықтимал салдарына өзен маңында салынып жатқан және су басу қаупі төніп тұрған көпқабатты тұрғын үй кешендерінің қирау қаупі қосылды.

Алайда су қорғау аймақтары шегінде ғимарат құрылысын жүргізуге заң жүзінде тыйым салынғанына және Алматы қаласы кенеттен болатын қысқа мерзімді сел ағынының аумағында орналасқанын растайтын тарихи тәжірибеге қарамастан, қалада «Үлкен Алматы», «Есентай (Весновка)» және «Кіші Алматы» өзендерінің ескі арнасында көпқабатты тұрғын үй кешендері нысандарының құрылысы белсенді жүргізілуде.

Алматыдан бөлек, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарының 40%-ға жуық тұрғындары тұратын қалалары мен елді мекендері сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан.

Мәселенің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, теріс салдардың алдын алу мақсатында Үкіметке құрылысқа рұқсат беру құжаттарын тапсыру заңдылығына ерекше назар аударуды ұсынамыз.

Сондай-ақ нормативтерді, ережелерді, құрылыс нормаларын қайта қарауды және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі мамандарының жобалық-сметалық құжаттарды дайындауға қатысуын, адамдар жаппай шоғырланатын тұрғын үйлердің құрылысы мен пайдалануға берілуін бақылауды қамтамасыз ету қажет деп санаймыз.

Жоғарыда баяндалғанның негізінде, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес, депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен,

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының депутаттары:

И. Сұңқар

М. Магеррамов

И. Смирнова

Г. Танашева

К. Сейітжан