Сәрсенғалиев
Нартай
Аралбайұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Депутаттық сауал, 2023 жылғы 20 сәуірде жарияланды

2023 жылғы 20 сәуірде жарияланды

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Ә. Смайыловқа

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры

Б. Асыловқа

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Әлихан Асханұлы!

        Құрметті Берік Ноғайұлы!

                                   

Бүгінгі депутаттық сауалымызда қазақ елінің қабырғасын қайыстырған қайғылы жайттардан бастауға мәжбүрміз. Қаралы ақпараттар легін осында отырған баршаңыз естіп білдіңіздер. Оқушылар марқұм болды, оларды өлтірген қылмыскерлерде оқушы болып шықты.

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге қатысты: «Тағы бір назар аударатын мәселе – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек» деді.  Ендеше бұл мәселені дереу шешетін кез келді. Әлімжеттіктің көбеюінің бір себебін мамандар пандемия уақытында онлайн оқыған оқушылардың кейін ортаға еркін бейімделіп кете алмауы. Қазір соның салдарын көріп отырмыз.

Жақын күндері болған сұмдық оқиғалардың бірқатарын айта кетейік:

Сәуір айының басында Түркістан облысы Төрткүл ауылында су каналынан 15 жасар қыздың өлі денесі табылды. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек 9 сыныпта оқыған жасөспірімді өлтірді деген күдікпен 2 адам ұсталыпты, күдіктілер  жасөспірім қыздан 1 млн теңге бопсалыпты делінген.

Алматы облысындағы Саты ауылында орын алған қайғылы оқиға төбе шашымызды тік тұрғызды. Алдымен 10 сынып оқушысының көз жұмғанын естідік. Белгілі болғандай, 11 сынып оқушысы 10 сынып оқушысына әлімжеттік жасап ұрған. Салдарынан бала тіл тартпай кетті. Марқұм болған 10 сынып оқушысының жерлеуінен кейін оның досы, сыныптасы өз өзіне қол салып қайтыс болды. Соңғы хатында ол: «мені досымның қасына жерлеңдер» депті. Күдікті ретінде танылған 11 сынып оқушы қазір үйқамақта екен. Бұл  жайтта марқұмның туыстарының наразылығын тудырып отыр. 

Осы тұста марқұм болған 3 баланың ата-ана, туыстары хабарласып тергеудің әділ өтуін, айыптылардың жазалануын талап етуде. Бұл да болса халықтың тергеуге, әділетті сотқа толық сенбейтінінің көрсеткіші.

Жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік туралы айтсақ таңды таңға ұруға болады. Жуырда орын алғандарын атасам, Өскеменде 17 жасар колледж студентін мектеп оқушылары бірнеше рет жабылып ұрған.

15 сәуірде Семей  қаласында жаттығудан шыққан кәмелет жасына толмаған қызды бір топ қыз жабылып сабаған.

Қызылорда облысында 9 сынып оқушысын 5 бала аяусыз соққыға жыққан. Ауыр жарақат алып миы шайқалған оқушы аудандық аурухана жатқызылды.  Ағайын арызданған соң Түркістан облысындағы Айнатас ауылына аяқтай бардым, жұрттың жанайқайын естіп жағамызды ұстадық. Ауылда мектеп болмағандықтан халық балаларын көрші ауылдағы білім ордасына жібереді. Бірақ оқуға кеткен балалар көкала қойдай болып таяқ жеп келеді екен. Тіпті қыста оқушыларды сабап, киімдерін шешіп алып үйлеріне жіберген. Мектептің көрші ауылда екенін ескерсек, Айнатасқа жеткенше оқушылардың нендей күйге түскенін бағамдай беріңіздер. Менімен кездескен ата-аналар: «баламыз өлтірсеңде мектепке бармаймын деп үйде жатыр» деді. Тізе берсек факт өте көп. 

Зерттеулерге сүйенсек Қазақстандағы әрбір үшінші оқушыға әлімжеттік жасалады екен. Салдарынан болған суицидтің саны бойынша әлемде соңғы орында емес екенімізді білесіздер.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында: «Тарыдай оқушыдан таудай тұлғаны тәрбиелеу міндеті тек ата-анаға жүктелмейді. Балаларды тәрбиелеу, құрдастары мен ересектердің арасында кездесетін әлімжеттіктен қорғауға ата-ана мен бірге мектеп те жауапты болады» деп жазылды.  Осы тұста:

Бас прокурор Берік Ноғайұлы, жоғары аталған істерді қатаң бақылауға алып, айыптылардың жазадан құтылып кетпеуін қадағалауыңыз сұраймыз. Және әлімжеттік фактілерін біле тұрса жасырып қалған қызметтегі азаматтардың да жазаға тартылуы керек. Оған қоса, балаларды қорлап жатқан кезде араша түсудің орнына сол әрекеттерді бейнетаспаға түсіріп жариялаған адамдарды да жазалау қажет. Және айыпты оқушылардың ата-аналары да тиісті жазасын алуы керек.

Премьер-министрге ұсыныстар: Мектептерде оқу мен тәрбиенің біртұтастығын қамтамасыз ететін жүйе қалыптасуы тиіс. Әрбір пәннің тәрбиелік функциясы, әрбір мұғалімнің тәрбиелік жауапкершілігі болуы тиіс. Қазіргі жағдайда Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» № 1193 қаулысының 4-қосымшасының негізінде  сынып жетекшілерге 1-4 сыныптар үшін 8800 теңге (базалық лауазымдық жалақының 50%-ы), 5-11 сыныптар мен колледждер үшін 10600 теңге (базалық лауазымдық жалақының 60%-ы)көлемінде қосымша ақы белгіленген.

Мұғалімдердің сабақта және сабақтан тыс уақытта балалардың тәрбиесімен жүйелі айналысуы үшін кейбір мамандандырылған мектептердегідей арнайы куратор  штаттық бірлігін барлық мектептерге енгізіп, олардың лайықты айлық жалақысын және статусын айқындауыңызды сұраймыз.

Мектептегі буллингтің алдын алу үшін псхиологтардың санын арттырып, тиісті жағдай жасау қажет.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің N 77 Қаулысымен бекітілген мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарына  сүйенсек, мектептерде ең көп дегенде 2 психолог қана жұмыс істей алады. Психологтардың оқушымен, ата-анамен және педагогтермен жүргізетін жұмыстарын ескере отырып, 1 психологқа 250 оқушыдан (10 сыныпқа 1 психолог) келетіндей нормативтік өзгерістер жасау керек. Сондай-ақ, психологтардың біліктілігін арттыру курстарының сапасын мазмұндық және ұйымдастырушылық тұрғыдан жақсартуға қаражат қарастыруыңызды сұраймыз.

Буллингке ұшырап әлеуметтік желіге суреті жарияланған жасөспірімдерді психологиялық тұрғыда оңалту жұмыстарын қолға алып, денсаулықтарын қалпына келтіруге көмектесу қажет.

Мектептерде әлеуметтік осал топтағы отбасылармен, сәтсіз отбасыларымен, қолдауды қажет ететін оқушылармен жұмысты үйлестіретін әлеуметтік педагогтердің де санын арттыру қажет. Бастауыш сыныптарға, орта буынға және жоғары сыныптарға жекелеген әлеуметтік педагогтердің болуын қарастыру керек. Сонымен қатар, жұмыс ерекшелігін ескере отырып әлеуметтік педагогтердің айлық жалақысын қайта қарастырған дұрыс. 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» № 1193 қаулысының 1-қосымшасында әлеуметтік педагогтер В3 функционалдық блогына енгізілген. «Әлеуметтік педагог» лауазымын В2 функционалдық блогына ауыстыру арқылы айлық жалақысын психологтардың жалақысымен теңестіруді қарастыру қажет.

 Мектепте арнайы инспектор болғанда ғана іштегі тәртіптің жақсаратынын тәжірибе көрсетті. Сондықтан, мектеп инспекторларын қайтару керек.

Балаларды әлімжеттікке төзбеуге, егер қысым жасалса арнайы маманға жүгінуге үйрету керек. «Арыздауға болмайды, таяқ жегеніңді айту ұят» деген сынды қылмыстық өткені бар түсініктерді жою керек.

Оқушылардың театр сынды мәдени орталықтарға ақысыз бару тетіктерін қарастыру қажет.

Оқушының сабақ үстінде ұялы телефон ұстауын шектеу  керек. Ата-аналарда үйде баланың гаджеттерді шектен тыс қолдануына жол бермеуі қажет.

 Осы сауалға заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап күтеміз.

«AMANAT» партиясының

фракция мүшелері, депутаттар                                           Н. Сәрсенғалиев

 А. Аймағамбетов

Ж. Сүлейменова

Г. Нұрымова

«Ақ жол» фракциясының мүшесі,

 депутат                                                                                    Қ. Иса

Е. Бейсенбаев

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының депутаттары                                               Г. Танашева

 И. Смирнова

«RESPUBLICA» партиясы

фракциясының депутаты                                                     Н. Тау

 

Бірмандаттық аумақтық сайлау

округі бойынша сайланған депутаттар                            Д. Мұқаев

       Д. Қасқарауов