Сәрсенғалиев
Нартай
Аралбайұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ, 2023 ЖЫЛҒЫ 6 ҚЫРКҮЙЕКТЕ ЖАРИЯЛАНДЫ

2023 жылғы 6 қыркүйекте жарияланды

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің

бірінші орынбасары 

Р.В. Склярға 


ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Роман Васильевич!


Бүгінгі депутаттық сауалыма оттан көйлек киіп жүрген жанкешті азаматтардың жанайқайы себеп. 

Үлкен жұмысты кішкентай жалақыға атқаруға мәжбүр азаматтарды Үкімет қашанғыдай қазынаның қазанына жолатпау үшін барын салып жатқандай. 

Сөзіме дәлел орманшылардың түкке жетпейтін айлығы. Оқиғаның алдын алу түсіне кіріп шықпаған Қазақстандық шенеуніктер қашанғыдай апаттың артынан алашапқын болатынын елде біледі, менде білемін. Абай облысында орман өрті болып ондаған азаматымыздың айрылған соң Экология және табиғи ресурстар министрі «орманшылардың жалақысы үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап өседі» деп ақпарат құралдарынан ақтарылып сөйледі. Күн сайын өмірлерін болмашы жалақы үшін бәйгеге тігіп жүрген мамандар қуанды. 

Бірақ қуаныштары ұзаққа бармады. Себебі 1 шілдеден бастап жалақысы өскендердің санатына «Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» мекемелердің директоры, директордың орынбасары, орман қорғау инженері, орман патологі, орманды молайту және өсіру инженері, орман өртін сөндуру станциясының басшысы, аңтанушы, орманшылық басшылары, орман шебері, орман инспекторлары мен ауылдық жерде жұмыс істейтін орман шаруашылығы мамандары кірген. 

Бірақ осы мекемедегі өрт сөндіру станциясының сарбаздары, трактор жүргізуші, автокөлік жүргізуші, өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі, тұқымбақ жұмысшылары, радио байланыс операторы, автокөлік жөндеуші, ағаш құлатушы, қарауылшық (сторож), кіші қызметкер (техничка), бас есепші, экономист, есепші-кассир, заңгер, механик, шаруашылық меңгерушісі, кадр маманы, іс жүргізуші лауазымдарындағы қызметкерлердің айлығына көк тиында қосылмай қалды. 

Мысалы, БҚО-ғы орман шаруашылығында қызмет ететін өрт сөндірушілер 70 мың теңге айлық алады, одан және салық ұсталады. Алматы облысындағы орманшыларда да осы жағдай. Қазіргі қымбатшылықта бұл ақша түкке де жетпейді. «Орманшылардың жалақысын өсіреміз» деген бастама айналып келгенде ұжымдарды екіге бөліп тастады. 

Менің атыма келген хатты Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменоваға бағыттаған едім, сырғытпа жауап келді. Яки, «жалақысы өспеген мамандарға жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылсын» деген. Бірақ «жергілікті бюджеттен орманшылардың айлығына үстемақы төлеу үшін заңдық негіздеме жоқ» дейді мамандар. Бұл бірінші мәселе. 

Екінші мәселе орман шаруашылығындағы техникалардың әбден тозғаны. Мәселен, БҚО-ғы орманды күтіп-қарауға, баптауға кемі 3 тонналық 16 трактор, 1,4 тонналық 8 трактор керек. Қазір бар-жоғы 10 трактор бар, оның жартысы бұзылып тұр. Өрт сөндіру көліктерінің тіпті тоз-тозы шыққан. Бұл елдегі бүкіл орманшылардың арызы деп қарау керек, өйткені керемет жасалған бірі жоқ. 

Ұсыныстар:

1.Орман шаруалығындағы кадрлерді бөліп-жармай, еліміз бойынша «Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» мекемелерде қызмет ететін мамандардың бәрінің айлығын дереу 100 процентке көтеру керек. Бұл АМАНАТ фракциясы депутаттарының ұстанымы.

2.Орманшыларға қажетті материалдық-техникалық базаны 100 процентке жаңарту керек. Экология министрлігі бұл шаруаны тек 2027 жылы іске асырамыз депті. Бірақ 2020 жылы  Қазақстан Республикасының Президенті «5 жыл ішінде 2 млрд түп ағаш отырғызу» бойынша тапсырма бергенін ескерсек, орманшылар аталған аумақтарды тілсіз жаудан немен қорғайды? 

3.Орман отырғызу жұмыстарын алаулатып-жалаулатып бастап кетпей алдымен топырақтың жарамдылығын тексеру қажет. Мәселен, БҚО-да 1144 гектарға орман отырғызылады делінген, бірақ тексеру барысында 192 гектар жердің орман отырғызуға мүлдем жарамсыз екені анықталған. Бұл мәселе еліміздің барлық аймағына қатысты. 

Осы депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап күтеміз.

«AMANAT» партиясының 

фракция мүшелері, депутаттар                                          Н. Сәрсенғалиев

Ж. Әшімжанов

Е. Бейсенбаев 

Ж. Сүлейменова



«Ауыл» партиясының фракция депутаттары                 Т. Серіков

А. Зейнуллин



Бірмандаттық аумақтық сайлау 

округі бойынша сайланған депутаттар                           Д. Мұқаев 

 А. Мысырәлімова



«Қазақстан Халық партиясы» 

фракциясының депутаттары                                              Г. Танашева

И. Смирнова

К. Сейтжан 



«RESPUBLICA» партиясы 

фракциясының депутаты                                                     Н. Тау