Сәрсенғалиев
Нартай
Аралбайұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ, 2023 ЖЫЛҒЫ 18 ҚАЗАНДА ЖАРИЯЛАНДЫ

2023 жылғы 18 қазанда жарияланды

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары

Т.Б. Дүйсеноваға

«Қазақстан халқына»

қоғамдық қорының төрағасы

Б. Жәмішевке

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Тамара Босымбекқызы!

Құрметті Болат Бидахметұлы!

Бүгінгі депутаттық сауалым 3000 баланың көз жасы, 6000 ата-ананың аялы алақанымен қалқалап өшіріп алмауға ұмтылған үмітінің соңғы сәулесі деп біліңіз. Қазақ «бай күйігі – сыртта, бала күйігі – іште» дейді. Қазақстандағы 3000 баланың көңілдегі күйік  микротия және атрезия патологиясы деп аталады. Қарапайым тілге салсақ бұл бөбектердің өмірге құлақсыз келуі. Қазір осындай 3000-нан астам баланың болашағына балта шабылмаса екен деген мыңдаған ата-ана шырылдап жүр. Шарасыз үнді қолында қаржысы, білегінде билігі бар Үкімет естіді ме? Естісе неге өмірге  естімей келген балалардың ертеңіне енжар қарайды?

Құлақсыз туылып, қоғамнан қағажу көріп, тәрбиесіз, тәртіпсіз қатарластарының мазағына тап болып, төрт қабырғаға өз еркімен қамалған микротия және атрезия диагнозы қойылған балаларды биліктің қалай өзекке тепкенін айтайын. Біріншіден, бір құлағы жоқ болып дүние есігін ашқан сәбилер мүгедек боп танылмайды. Жәрдемақы алмайды. Біздің елде мүгедектік алу үшін екі құлағың да болмауы керек екен. Қазақ «Баланың ұяты – әкеге, Қыздың ұяты – шешеге» дейді, ал құлақсыз туылған бөбектердің жанайқайын естімейтін құлағы бар биліктің ұяты кімге?

Микротия және атрезия патологиясының емі бар екен, құлақтың ішіне ота жасап, есту каналдарын ашып, сыртына табиғи құлаққа ұқсас қалып орнатып береді. Ол АҚШ-да. Бір құлаққа жасалатын операцияның құны былтыр 99 000 доллар болған, биыл 105 200 доллар. 1 ай уақытты алатын реабилитация, барып-келу жолы, жатын орын, тамақ дегендерің аталған ақшаның сыртындағы шығын.   

Естімейтін баламның үнін естіртейін деп ата-аналар Үкіметке жүгінген ғой. Мынадай ресми жауап алыпты: «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ деректері бойынша микротия және атрезия патологиясы бар балалар бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберілетін балалар санатына жатпайды және медициналық көмек сапасының мониторингі департаментінің «Мұқтаж пациенттер» тізіміне енгізілмейді».

«Жас бала құстың көлеңкесінен тоңады» дейтін қазақпыз. Әлгіндей жауаптарды алғанда құлақсыз туған баланың жаны қалай жаурайды десеңізші? Шырылдаған ата-аналар ақырында «Қазақстан халқына» қорына барыпты. Бірақ Қор да қор қылып қайтарыпты. «Бізде бұл мақсатқа ақша қарастырылмаған» деген суық, суыт жауап берген. Қазақстанда аталған дертті емдейтін маман жоқ, әйтпесе естімейтін баласының жанайқайын билікке естірте алмай жүрген ата-ана Америка асып қайтсін? Бұл тек ресми тіркелген 3000-нан астам баланың әке-анасының жанайқайы, науқас ретінде тіркелмегендері тіптен көп.

Ұсыныстар:

Аталған мәселерді ескеріп, ұсыныстарды назарға алып заңнамамен белгіленген мерзімде жазбаша жауап күтемін.


«AMANAT» партиясының

фракция мүшелері, депутаттар                                    Н. Сәрсенғалиев

А. Аймағамбетов

А. Әлтай

Е. Бейсенбаев

Р. Зайытов

А. Сарым

Бірмандаттық аумақтық сайлау

округі бойынша сайланған депутаттар                           М. Жайымбетов

Д. Мұқаев

«АУЫЛ» партиясы

фракциясының мүшелері, депутаттар                            Е. Саурықов

Т. Серіков

                                                                                               

«RESPUBLICA» партиясы

фракциясының депутаты                                                    Н. Тау

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының депутаты                                                    Г. Танашева