Парламент палаталарының 2007 жылғы 10 қаңтардағы бірлескен отырысының күн тәртібіне «Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін тағайындауына келісім беру туралы» мәселе енгізілді.
8 қаңтарда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Даниал Кенжетайұлы Ахметов басқарған Үкіметтің қызметін тоқтатыны туралы өтінішін қабыл алды.
Отырыста Қазақстанның Президенті сөз сөйлеп, жаңа Үкіметтің алдына бірқатар жаңа міндеттер қойды:
«Құрметті Парламент депутаттары!
Ең алдымен жаңа жылда өзінің алғашқы бірлескен отырысын өткізіп отырған қос Палата депутаттары – Сіздерді Жаңа жылмен құттықтап, ел мүддесі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін! Өздеріңіз біліп отырғандай Үкіметіміздің Премьер-Министрі Даниал Кенжетайұлы Ахметов өзін қызметтен босату жөнінде менің атыма өтініш берді. Мен ол өтінішті қанағаттандырдым. Енді еліміздің Конституциясына сәйкес Үкімет толық құрамда отставкаға кетеді. Даниал Кенжетайұлы ұзақ уақыт бойы менің жанымда түрлі қызмет атқарып келді. Қандай орында болса да тапсырған мақсат-міндеттерді өз дәрежесінде орындап, өте белсенді қызмет атқарды.
Оның еліміздің Премьер-Министрі ретіндегі жұмысы Сіздердің көз алдарыңызда өткендіктен осы жылдар ішінде атқарылған істерді санамалап шығудың қажеті жоқ деп есептеймін. Олардың нәтижелі болуына Даниал Ахметовтың да қосқан үлесі аз емес екенін атап айтқан жөн. Сондықтан осы залда отырған Сіздердің және өз атымнан оған осы атқарған жұмыстары үшін алғыс айтып, зор денсаулық пен табыстар тілеймін.
Жаңа Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсынбас бұрын еліміздің алдында тұрған жаңа мақсат-міндеттерді саралап, оларды шешу жөніндегі өзімнің ой-пікірлерімді ортаға сала кеткенді жөн көріп отырмын.
Біріншіден. Менің Парламенттің дәл осы залында Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіруі жөніндегі стратегиялық мақсатын айқындап, халыққа жолдау арнағаныма бір жылға жуық уақыт өтті. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін тиісті заңдар қабылданып, өздеріңізге белгілі шешімдер шығарылды.
Еліміз дамуының алдағы кезеңдегі ең үлкен стратегиялық мақсаты саналатын осы белеске қол жеткізу үшін үйлесімді жұмыстың іс-шараларын белгілеп қоюмен шектелмей, нақты түрде Бәсекеге қабілеттіліктің тұрақты даму Стратегиясын қабылдауымыз керек.
Құрметті Парламент депутаттары!
Екіншіден, мен сіздердің назарларыңызды мына мәселеге аударғым келеді, ол – әкімшілік реформасы.
Әкімшілік реформалары шеңберінде Үкіметке мемлекеттік жоспарлаудың жаңа тәсілдері мен тетіктерін ендіру қажет. Ең алдымен, мемлекет деңгейіндегі көптеген салалық бағдарламалардан бас тартып, жауапкершілікті мемлекеттік органдардың өздеріне жүктеген жөн. Ағымдағы бюджет проблемаларын да олардың өздері шешуі тиіс.
Сонымен қатар, Үкімет бекіткен барлық бағдарламалар іс жүзінде мемлекеттік қаржыландыру көлемі көрсеткіштері түрінде ғана болып келеді. Мүмкіндігінше көп қаржы алуға ұмтылу олардың негізгі міндеттері секілді әсер қалдырады.
Оның үстіне бағдарламалар тиімділік пен нәтижеліліктің мақсатты көрсеткіштерінен тыс жасалады. Мысал ретінде белгілі бір деңгейде ауру-сырқаудың пайызын төмендету, жолдағы қауіпсіздік шараларын арттыру, білім беру, қызмет көрсету, нақты нысандарды іске қосу, жұмыс орындарын құру, тағы басқаларды жақсарту мәселелерін айтуға болады. Сондықтан ешкім белгілі бір нәтиже үшін нақты жауап бермейді. Осы мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізу тиісті мемлекеттік органдар жұмысының міндеттері болуы тиіс. Бөлінген қаржыны жұмсауға қатал бақылау жасалуы керек.
Үшіншіден, бюджеттік жоспарлаудың тиімділігін арттыру қажет. Қазіргі кезде бюджеттік шығындарды жоспарлауда жеткілікті мөлдірліктің жоқтығы өз алдына, бюджеттік бағдарламалардың паспорттары да формальді сипатқа ие. Ондағы көрсеткіштерге жету үшін бөлінетін мемлекеттік қаржы мемлекеттік органдар жұмысының нәтижесі емес, тек қаржыландыру көлемі ғана болып табылады.
Сондай-ақ мемлекеттік органдардың ағымдағы және күрделі шығындарын қалыптастырудың объективтілігі жоғарылатылуы тиіс. Мемлекеттік ресурстарды бөлуге қатысты мәселеге келгенде ешқандай құпияға жол берілмеуі керек. Өйткені, салық төлеушілердің ақшалары қандай мақсаттарға, қандай көлемде бөлінетіні анық та ашық болғаны абзал. Сонда жемқорлық та азаяды, қаржыны мақсатсыз жұмсау да шектеледі.
Нәтижеге бағдарланған басқарудың жүйесін енгізу стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысын қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен бірге, Үкіметтің мақсатты көрсеткіштерге жету жолындағы қоғам алдындағы жауапкершілігін де арттырады.
Осы мәселелердің барлығын жаңа Үкімет бюджетаралық қатынастың жаңа жүйесін жасаумен бір мезгілде шешуі тиіс.
Төртіншіден. Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің өсуі өңірлердің тұрақты дамуынсыз мүмкін емес. Атап айтқанда, менің Жарлығыммен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі аумақтық дамуының стратегиясы» осы идеяда шешуші рөлге ие болады.
Бүкіл әлемде, ірі мегаполистер мен өңірлерде жаңа технологияларды енгізу мәселесі оң шешіліп жатыр. Барлық өңірлер бір мезгілде және тең дәрежеде дами алмайтыны тағы түсінікті. Біз басқаларына қарағанда дамуға қабілеттірек өңірлерді айқындап, солардың негізінде «өсу нүктесін» қалыптастыруымыз қажет.
Қазақстанда өңірлік лидерлерді – экономикалық өсім орталықтарын айқындап алып, осы үдерісті мемлекет тарапынан басқаруды қамтамасыз ету керек.
Жаңа Үкімет пен облыс әкімдері өндірістік кәсіпорындар мен индустриялық аймақтарды индустрияны, сауда-саттық пен жоғары технологияларды дамыту жөніндегі біздің жоспарларымызды есепке ала отырып, осы орталықтарда орналастыру бойынша нақты ұсыныстар енгізуі тиіс.
Аталған орталықтардың барлық қажетті әлеуметтік инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілуі қажеттігін атап көрсетті. Мұнымен бірге салмақ мектепке дейінгі, орта және кәсіптік-техникалық білім беру мекемелеріне түсірілуі керек.
Ерекше атап көрсететін жәйт, арзан тұрғын үй проблемасы да оң шешілуі қажет. Біздің тұрғын үй құрылысы туралы бағдарламамыз жетілдіруді талап етеді. Сонымен бірге, жер рыногын тәртіпке келтіріп, баршаға түсінікті ұстанымдар мен ережелерді қалыптастыруымыз керек. Естуім бойынша, еліміздің кейбір өңірлерінде жер сату шенеуніктердің заңсыз баю жүйесіне айналған.
Даму орталықтарын нығайту жөніндегі барлық жұмыстар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларын құрумен ұштастырылуы керек. Сөзден іске көшетін уақыт жетті және ӘКК пилоттық жобасын іске қосып, оның қажеттілігі мен пайдалылығын сынақтан өткізу керек.
Жоғарыда айтылған бәсекеге қабілеттілік стратегиясы, әкімшілік реформасы, бюджеттік жоспарлау, аумақтық даму секілді барлық бағдарламаларды жасау Үкімет және әкімдермен бірлесіп жүзеге асырылуы тиіс.
Сондай-ақ, өңірлерді дамытудың бағдарламаларын ынталандыру мен қаржыландыру тетіктерін егжей-тегжейлі ойластыру керек.
Мен айтып өткендей, мемлекеттік органдар, соның ішінде әкімдер жұмысын бағалау жүйесі толықтай мөлдір болуы қажет. Мемлекеттік органдар жетекшілерінің жұмыс нәтижелері мен қызметтерінің бағамы жарияланып тұруы және қоғам үшін қолжетімді болуы тиіс.
Бесіншіден. Біз әлеуметтік салада – әлсіз жіктерге қолдау көрсетуде көп іс атқардық және атқарып келеміз. Зейнетақы жүйесі ырғақты даму үстінде.
Жаңа Үкімет біз жүзеге асырып келе жатқан әлеуметтік саясаттағы барлық жұмысты жалғастырумен қатар, жинақтаушы зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту бойынша ұсыныс әзірлеуі керек. Әлеуметтік атаулы көмек жүйесін де жетілдіре түсіп, қолдау тек мұқтаждарға ғана көрсетілетін болуы қажет. Жұмыс орындарын құру осы қызметте басты орын алуы тиіс.
Алтыншыдан. Өткен жылы сіздердің алдарыңызда сөйлеген кезімде мен озық халықаралық тәжірибе мыналарды айқындайтынын, яғни елдің жоғары деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторлары мыналар екенін: ыңғайлы макроэкономикалық саясат, инвестициялық ахуал, баршаға тең бәсекеге қолайлы жағдай және ең маңыздысы – білім беру мен денсаулық сақтаудағы қызмет көрсетудің жоғары сапасы болып табылатынын айтқан болатынмын.
Өкінішке қарай, біздегі жоғары білім беру жүйесі мен диссертация қорғау жүйесі кеңестік кездегі қалпынан мызғымай келеді. Жасанды кандидаттар мен ғылым докторларын қаптата беруді тоқтататын уақыт жетті.
Жаһандық экономика талаптарына жауап беретін, қазіргі заманғы біліктілігі жоғары жұмыс күшін даярлауға күш-жігер жұмсау қажет. Біз аталған салаларға ең жоғары стандарттарды енгізуге тиіспіз. Өкінішке қарай, әзірге бұл бағытта баяу жылжып келеміз.
Жетіншіден. Мемлекет соңғы жылдары автомобиль және темір жолдар, электр және жылу энергетикасы, коммуналдық қызмет тәрізді инфрақұрылымдарды дамыту үшін көп жұмыс атқарды және ол одан әрі жалғасуда. Дегенмен, сапаның төмендігі және олардың бағаларының айтарлықтай жоғары болуы кәсіпкерлер мен халық тарапынан айтарлықтай наразылықтар тудыруда.
Мемлекеттік органдар басшылары инфрақұрылым нысандарының құрылысы үшін ғана емес, басқару жүйесінің жақсаруы, мемлекеттік қызметке қазіргі заманғы сапа стандарттарының енгізілуі үшін де жауап беруге міндетті. Жалпы, жаңа Үкімет бұл мәселелерге мұқият көңіл бөлуге тиіс, себебі мемлекеттік басқару сапасының төмендігі бизнестегі жоғары олқылықтарға апарып соқтырады, ал оның соңы еңбек өнімділігінің төмендеуіне алып келеді.
Сегізіншіден. Экономиканың мемлекеттік секторындағы корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру үшін «Самұрық», «Қазына», «Казагро» ұлттық холдингтерін айтарлықтай кешеуілдеп болса да құрдық. Мемлекеттік органдардағы корпоративтік басқарудың озық қағидаларын енгізетін уақыт келді.
Мемлекеттік холдингтерді құрудың ұйымдастыру сатысы аяқталды, сондықтан біз осы биылғы жылдың өзінде-ақ ұлттық компаниялар, мемлекеттік кәсіпорындар мен даму институттары қызметтерінің жақсару нәтижелерін сезінуге тиіспіз.
Мемлекеттік холдингтер жұмысы нәтижелеріне баға беру де баршаға түсінікті, анық әрі мөлдір болуы керек.
Тоғызыншыдан. Ойымды қорытындылай келіп экономиканы диверсификациялау туралы айтпай кетудің жөні жоқ. Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асырудың екінші сатысы шеңберінде өндірістің шикізатқа тәуелділігі төмендеуінің шынайы нәтижелері алынуы қажет.
Бағдарламалық құжаттар әзірлеу сатысынан экономиканың құрылымдарын сапалық тұрғыда жақсартуға қабілетті ілгері бастырушы нақты жобаларға көшетін уақыт жетті.
Менің тапсырмама сәйкес өткен жылы Үкімет экономиканың, бірінші кезекте шикізаттық емес сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бірқатар заңдар легін дайындап, сіздер, құрметті депутаттар, оларды қабылдадыңыздар.
Перспективалы кластерлер қалыптастыру жөнінен бірнеше жыл қатарынан жүргізілген жұмыстан да тиімділік алынуға тиіс. Біз жаңа Үкіметтен нақтылы нәтижелер күтеміз.
Құрметті Парламент депутаттары!
Мен жаңа Үкімет бірінші кезекті көңіл бөлуге тиіс ең маңызды деген мәселелерді ғана атап көрсеттім. Салық және кеден саясатын жетілдіру, халықтың табыстары мен шығындарына жалпы декларациялауды енгізу, БСҰ-ға кірудің салдары, табиғи монополиялар қызметтерін реттеу және басқа да көптеген мәселелерді қозғаған жоқпын.
Мен қысқа үлгіде айтқан жаңа, күрделі міндеттерді шешу үшін, ең алдымен, сабақтастық, жаңа кадрлар, жаңа күш-қуат пен білім қажет. Менің Үкіметті орнынан түсіру туралы шешімім де Үкімет жұмысына басқарушылардың жаңа буынын тартуға деген ниеттен туындап отыр.
Осы проблемалардың бәрін, сондай-ақ менің 2006 жылдың 1 наурызындағы Қазақстан халқына Жолдауымды Кәрім Мәсімовпен бірнеше рет талқыладым, оның қызметтің барлық бағыттары бойынша айқын түсінігі және іс-қимыл жоспарлары бар. Үкіметтің жаңа бағдарламасында проблемалардың бүкіл кешені бойынша көзқарас көрініс табуға тиіс.
Мен Кәрім Қажымқанұлы Мәсімовтің білімі мен тәжірибесінің жеткілікті екеніне, жаңа Үкіметтің Қазақстанның табыстарын нығайтуға әрі дамытуға жағдай жасайтынына, сондай-ақ өнімділіктің өсуін ынталандырудың және басқа да факторлардың есебінен мен алға қойған стратегиялық міндеттерді қамтамасыз ететін бағдарлама ұсынатынына сенімдімін.
Кәрім Қажымқанұлы Мәсімов 1965 жылы Целиноград қаласында туған, қазақ. Мәскеудегі Халықтар достығы университеті және ҚХР-дағы Ухань университетінің заң институтын бітірген. Экономист, халықаралық құқық маманы – заңгер, экономика ғылымдарының докторы. Ағылшын, қытай және араб тілдерін (орыс және қазақ тілдерінің сыртында) еркін меңгерген. Еңбек жолын Еңбек министрлігінде бас экономист болып бастаған. Халықтық жинақ банк басқармасының төрағасы, Көлік және коммуникациялар министрі, Президенттің көмекшісі болып істеді. Соңғы жұмыс орны – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары. Сіздер оны жақсы білесіздер. Ол қазіргі заманғы білімдерді және басқарудың жақсы тәсілдерін меңгерген. Оң мінездемеге ие.
Саяси реформалар шеңберінде біз саяси партиялардың рөлін табандылықпен нығайта беретін боламыз. Парламент сайлауында жеңіске жеткен партия Үкімет құру ісіне белсенді атсалысатын болады. Іс жүзінде біз оған кірісіп те кеттік. «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы бүгінде Парламентте көпшілік дауысқа ие. Сондықтан да мен таяуда партия басшылығымен кездесіп, Премьер-Министр кандидатурасына қатысты консультация өткіздім.
Сол сияқты кеше «Нұр Отан» партиясы парламенттік фракциясының отырысы өтіп, онда Кәрім Мәсімовтің кандидатурасы талқыланып, қолданды.
Осы жәйттерді айта келіп, Президент Парламент депутаттарынан Кәрім Қажымқанұлы Мәсімовті Қазақстан Респуликасының Премьер-Министрі қызметіне тағайындау үшін келісімдерін беруді сұрады.