02.04.2012

2012 жылғы 19 наурыз - 2 cәуір аралығында

Қазақстан Республикасы Парламентінің қызметі туралы

жарық көрген бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарға

Ш О Л У

 

Ақпарат-талдау бөлімі сіздердің назарларыңызға «Бұқаралық ақпарат құралдары Парламент туралы» ақпараттық шолуды ұсынады. Шолуға қазақ баспасөзінде және республикалық телеарналар мен ақпараттық агенттіктерде, сондай-ақ Интернет-басылымдарда жарық көрген материалдар енгізілді. Парламент қызметі туралы мемлекеттік тілде барынша жиі, шұғыл және егжей-тегжейлі ақпарат ұсынған мемлекеттік тілдегі БАҚ арасынан «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Алаш айнасы», «Заң газеті», «Алтын Орда», «Нұр Астана», және «Халық сөзі» газеттерін, «ҚазАқпарат», «Қазақстан жаңалықтары», «BNews.kz», ақпараттық агенттіктерін және «Қазақстан» ТРК, «Хабар» телеарналарының жаңалықтар қызметін атап өтуге болады.

 

Шолуда қамтылған кезең ішінде баспасөзге жасалған мониторинг мынаны көрсетті: парламент тақырыбы бұқаралық ақпарат құралдарының 110 материалында көрініс тапты, олардан 16 жарияланым – Парламент жұмысының заң шығару мәселелеріне, ал қалған     94 жарияланым қоғамдық-саяси жұмыс қырларына қатысты болды.

Атап айтқанда, заң шығару қызметіне орай, 28 наурыз күні  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен жалпы отырыста қаралған мәселелер «Егемен Қазақстан», «Айқын»,  «Заң»,  «Алаш айнасы» газеттері, «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігі мен «Қазақстан» және «Хабар» телеарналарының жаңалықтар қызметі арқылы қалың жұртшылыққа жеткізіліп отырды.

Мәселен, депутаттардың талқысына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасын, табиғи монополиялар мен реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық қызметі мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы түсті.

 «Алаш айнасы», «Айқын», «Алтын Орда», «Заң» газеттері және «ҚазАқпарат» агенттігі тілшілері Парламент депутаттары жолдаған депутаттық сауалдарда көтерілген мәселелерге өздерінің мақалаларын арнады.

Мысалы, баспасөз беттерінде жиын барысында Розақұл Халмұрадов: «Білім министрлігінің қаулысы өзбек, тәжік пен ұйғырдың құқын бұза ма?» - деген мәселе көтерсе, Азат Перуашев Қазақстан Киото хаттамасы ұсынған мүмкіндікті пайдалана алмай келетіндігі туралы атап айтты.

Парламенттің қызметі бойынша шолуда қамтылған баспасөз материалдарының қомақты бөлігін Алматы қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Парламентаралық Ассамблеясының (ТМД ПАА) 20 жылдық мерейтойына келген делегация отырысы шеңберінде Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің шетелдік парламенттік делегация жетекшілерімен екі жақты кездесулер өткізуі жөніндегі жарияланымдар құрады.

«ҚазАқпарат» агенттігінің жазуынша, 26 наурыз күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Федералдық Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенкомен кездесті. Ал       27 наурыз күні ТМД Парламентаралық Ассамблеясының мерейтойлық отырысында сөз сөйлеген Мәжіліс спикері ТМД-ны құрудағы Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың айырықша рөлін ерекше атап өтті.

Шолудың «Түсініктемелер мен сұхбаттар» бөлімінде депутаттардың елдегі қоғамдық-саяси өмірдің маңызды мәселелері жөніндегі пікірлері, мақалалары мен сұхбаттары жинақталды. Олардың арасынан Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жанат Жарасовтың 20 наурыз күні «Егемен Қазақстан» газетінде «Құқық қорғау қарымы артады» атты мақаласын және Ахмет Мұрадовтың 21 наурыз күні жарық көрген «Наурыз – жан мен рухтың мейрамы» атты сұхбатын ерекше бөліп көрсетуге болады.

Сонымен бірге, Парламент депутаттарының ақпарат құралдары беттерінде қоғамды толғандырып отырған мәселелер бойынша өз көзқарастарын білдіргенін де атап өткен жөн.

БАҚ беттерінде талқыланған өзекті мәселелердің біріне айналған, Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетекшілігімен өткен «Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің 2011 жылғы қызметінің қорытындылары және 2012 жылға арналған міндеттері» деген тақырыптағы «үкімет сағаты» болды. Аталған мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин баяндама жасады. Осы орайда, Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов қосымша баяндама жасаса, «үкімет сағатын» қорытындылаған Мәжіліс Төрағасының орынбасары мәселе жан-жақты талқыланғанын, депутаттар маңызды ұсыныстар жасағанын айтты. Елбасы мен Үкіметтің алға қойған міндеттерін агенттік толық іске асыру үшін депутаттар заңнамалық тұрғыда қолдау көрсетеді деген сенімін білдірді. («Егемен Қазақстан», «Айқын», «ҚазАқпарат», «BNews.kz»).

 

 

Шолуды Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппараты Ақпарат-талдау бөлімінің сектор меңгерушісі  Ә. Нұржанова  дайындады.

 

 


ЗАҢ ШЫҒАРУ ҚЫЗМЕТІ


 

Мәжіліс электр энергетикасы мәселелеріне арналған заң жобасын талқылайды

 

  /«ҚазАқпарат». 26.03.2012. Марлан Жиембай./ - 28 наурыз, сәрсенбі күні, Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, табиғи монополиялар мен реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық қызметі мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыланады. Бұл туралы палатаның баспасөз қызметінен хабарланды.

Аталған заң жобасы бойынша депутаттар алдында ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев баяндама жасайды.

Сонымен қатар, жалпы отырыста  ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Жанжүменов «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде әскери мақсаттағы өнімді өндіруге қатысатын кәсіпорындар мен ұйымдардың мамандануын сақтау туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы жөнінде баяндама жасайды.

Осы мәселелермен бірге Үкіметтен келіп түскен «Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мәселесі қаралады. Заң жобасы Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне берілмек.

Сондай-ақ, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен  толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік рәміздер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» екі заң жобасымен жұмысты жалғастыру жөніндегі ұсыныстары қаралады.

 

 

Мәжілістің жалпы отырысына бірқатар мәселелер шығарылады

 

  /«ҚазАқпарат». 26.03.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ - Ертең Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы өтеді деп жоспарлануда.

Мәжілістің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, табиғи монополиялар мен реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық қызметі мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда палатаның талқысына шығарылатыны көзделуде. Бұған қатысты депутаттар ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаевтың баяндамасын тыңдайды.

Сонымен қатар жалпы отырыста  ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Жанжүменов «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде әскери мақсаттағы өнімді өндіруге қатысатын кәсіпорындар мен ұйымдардың мамандануын сақтау туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы жөнінде баяндама жасайды.

Осы мәселелермен бірге Үкіметтен келіп түскен «Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мәселесі қаралады. Заң жобасы Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне берілмек. Сондай-ақ Әлеуметтік-мәдени даму комитетіннің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен  толықтыру енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік рәміздер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» екі заң жобасымен жұмысты жалғастыру жөніндегі ұсыныстары қаралады.

 

 

Қазақстанда электр стансыларының - 41, су электр стансыларының 68 пайызы тозды - Б.Сағынтаев

 

  /«ҚазАқпарат». 28.03.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ - Бүгінгі таңда Қазақстандағы жылу электр стансыларының 40 пайызы, су электр стансыларының 68 пайызы тозды.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасын, табиғи монополиялар мен реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық қызметі мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.

Министрдің айтуынша, аталған заң жобасының негізгі мақсаты Қазақстан экономикасының электр қуатына қажеттілігін қамтамасыз ету болып табылады.  Сондай-ақ, құжат еліміздегі электр стансыларының инвестициялық қызметтерінің ашықтығын қамтуды көздейді.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда жылу электр стансыларының 41 пайызы, ал су электр стансыларының 68 пайызы отыз жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп, өздерінің өндіру қуатын сарқып келеді. Яғни, олардың тозығы жетті деген сөз. Бұл жағдайдың өзі еліміздегі электр қуатының тапшылығын қалыптастырып, экономикаға қауіп төндіреді»,-деді Б. Сағынтаев.

 

 

Энергетика ұйымдары инвестициялық бағдарламаны орындамаса игерілмеген қаражат тұтынушыға қайтарылады

 

  /«ҚазАқпарат». 28.03.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасын, табиғи монополиялар мен реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық қызметі мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Аталған заң жобасы энергия өндіруші ұйымдардың, табиғи монополиялар және реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық міндеттемелерін орындау үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталады. Сонымен қоса, осы бағыттағы көрсетілетін қызметтер сапасын, энергия өндіруші ұйымдардың инвестициялық қызметінің ашықтығын арттыру қарастырылады.

«Осы бағытта инвестициялық бағдарламаларды бекіту регламенттеліп, инвестициялық бағдарламаларды орындамаған жағдайда олардың игерілмеген қаражаттары тұтынушыларға қайтарылатын болады. Бұдан бөлек, электр стансыларының инвестициялық қызметінің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Оның ішінде,  осы бағдарламаға қатысты міндеттемелердің барлығы БАҚ-та жарияланып тұратын болады. Сонымен қатар, инвестициялық міндеттемелердің орындалуына бақылау тетігі күшейтіледі. Олардың инвестициялық міндеттемелері тарифтік табыс деңгейіне сәйкестігі қадағаланады», - дейді Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев.

Министрдің айтуынша, егер энергетика ұйымдары инвестициялық міндеттемелер орындамаса немесе қаражат бағыттан тыс мақсатқа жұмсалса, мемлекет тарпынан тарифтік бағаны төмендетуге қатысты шаралар қолданылатын болады.

Қазақстанның энергетика нарығындағы моделі инвесторлар тәуекелін өтемейді - Экономика министрі

 

  /«ҚазАқпарат». 28.03.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ - Қазақстанның бүгінгі таңдағы энергетика нарығындағы моделі инвесторлар тәуекелін өтемейді.

Сондықтан бүгінгі үлгі тиімсіз. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.

Министрдің айтуынша, несие қаражатын тарту кезінде банктер мен басқа да қаржы институттары инвестициялау үшін жоспарланған электр қуаты көлемдерінің қажеттілік кепілдігін талап етеді.

«Ал біз ұсынып отырған қуат нарығының жаңа моделі осы проблеманы шешуге арналады және өнім берушілерге, яғни инвесторларға жаңа құралдарды енгізуді қамтамасыз ететін тетік болып табылады», - дейді Бақытжан Сағынтаев.

Оның пайымынша, электр қуаты нарығының жұмыс істеуі электрмен жабдықтау жүйесінің ұзақмерзімді беріктілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, электр энергиясына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық жауапкершіліктер де күшейтіліп отыр.

«Біріншіден, электр стансысының энергияны басқа стансылардан заңсыз сатып алғаны үшін, екінші - электр стансысымен реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық міндеттемелерді орындамағаны үшін, үшінші - электр қуатын тарифтік шекті бағадан артық өткізгені үшін, төртіншіден - электр стансысының мемлекеттік органдар сұратқан ақпаратты ұсынбағаны үшін айыппұл салынатын жауапкершілік көзделеді», - дейді министр.

 

 

Мәжіліс төрағасы энергетика саласы туралы заң жобасын жан-жақты жетілдіру туралы ұсыныс жасады

 

/«ҚазАқпарат». 28.03.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ - Бүгін Палатаның жалпы отырысында қызу талқыға түскен электр энергетикасы, табиғи монополиялар мен реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық қызметі мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасы туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин өз пікірін білдірді.

Ол заң жобасының маңыздылығын атап өтті.

«Электр қуатының 25 пайыздан астамы магистралдық, ішкі орамдық жүйелерде шығынға ұшырайды. Егер біз тұтынушылар үшін жинақталатын тарифтік бағалар туралы айтсақ, міне, сол жерлерде үлкен үнемдеу жасалуы керек. Бірақ осы саланы түгелдей жаңғыртпасақ, 1940 жылдардан бізге жеткен электр жылу орталықтарын күрделі жөндеуден өткізбесек, ертеңгі күні біз энергетикалық апатқа ұшырауымыз ықтимал. Сондықтан бұл саланы дамыту жөніндегі белсенділікті қолдау қажет. Біз осы саланың барлық тетіктерін анықтамай және заңдық тұрғыда реттемей тұрып, бұл заң жобаны екінші оқылымға шығармаймыз. Біз енді ұзаққа созбай, экономиканың осы бір маңызды саласын Президенттің тапсырмасы бойынша нарық талаптарына сәйкес келтіруіміз керек. Басқаша болуы мүмкін емес», - деді Мәжіліс Төрағасы Н. Нығматулин.

Осы орайда Палата төрағасы жұмыс тобы мен салалық комитетке заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында бірге жұмыс істеу үшін  кәсіпкерлер қауымдастығын, осы нарықта жұмыс істейтін барлық ұжымның өкілдерін шақыруды ұсынды. Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

 

 

 

 

Электр қуаты әлі қымбаттауы мүмкін

 

/«Қазақстан ТРК». 28.03.2012. Қамар Әміржанова./ - «Электр энергиясы әлі де қымбаттауы мүмкін. Бұл үрдіс 2015 жылға дейін жалғасады. Өйткені, электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған ірі станциялар әбден тозған». Бүгін  Парламент Мәжілісінің жалпы отырысына келген Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев осылай деді. Сондықтан, Үкімет бұл салаға инвесторлар тартпақ. Ал, инвесторлар тарифтерді көтеруді  көздейді.

 Бақытжан Сағынтаев, ҚР Экономикалық даму және сауда министрі:

Қайта қалпына келтіру үшін оған қаражат керек. Қаражатты қайдан алады, ол тек инвестицияны тариф арқылы белгілеп отыр.  Міне, 2015 жылға дейін Екібастұздағы 1-ші ГРЭС барлық 8 блогы істейтін болады, яғни, осы тариф арқылы өзін-өзі қалпына келтіріп, жұмысын жалғастыра береді. Сондықтан, ол тариф жылда өсіп отырады.

 Бұл «инвесторлар бағаны қалауынша белгілейді» деген сөз емес. Тариф саясатын мемлекет дер кезінде заңмен реттеп отырады. Бүгін Сауда және экономикалық даму министрлігі Мәжілістің қарауына «Электр энергетикасы, табиғи монополиялар мен нарық субъектілерінің инвестициялық қызметі мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын ұсынды. Депутаттар әр өңірде баға әрқилы екенін айтып, біраз шүйлікті.

 

 

Электр энергетиканы дамытуды қолға алу қажет

 

/«Хабар» агенттігі. 28.03.2012./ - Қазақстанның тозығы жеткен қуат көздерін қайта құру, жылу, су электр станцияларын салуға инвестиция тарту мәселесі және тарифтік бағалар саясаты бүгін Парламент мәжілісінде қызу талқыланды.

Бас баяндамашы - экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев электр энергиясы туралы ҚР заңына түзетулер енгізуді ұсынды. Бірінші оқылымнан мақұлданған Заң жобасы нендей мақсаттарды көздейді. Министр бүгінгі таңда жылу, су электр станцияларындағы қуат өндіруші қондырғылардың тең жартысының тозығы жеткенін мәлім етті. Мұндай жағдай елдегі электр қуатының тапшылығына әкелуі мүмкін. Сондықтан осы салаға инвестиция тарту және оның мөлдірлігін қамтамасыз ету – Заң жобасы көксеген бірінші мәселе болып тұр.

Шафхат ӨТЕМІСОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «НҰР ОТАН» ХДП ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

-Индустриялды-инновациялық бағдарлама шеңберінде елімізде ірі-ірі индустриялдық жобалар іске асырылып жатыр. Әрине, ең алдымен бұл еліміздегі энергия тұтыну көлемін арттырады, яғни энергия қуатына сұраныс көбейеді деген сөз. Мына қарап отырған Заң жобасында электр қуаты нарығын құру арқылы шешім ұсынылған. Осыған байланысты электр энергиясы қуатын нарығының тетіктері қалай болады?

Бақытжан САҒЫНТАЕВ, ҚР ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ЖӘНЕ САУДА МИНИСТРІ:

-Жаңа өзіңініз айтып отырғандай, электр энергиясы дефицитін қысқарту немесе жою жөніндені мәселеде бірнші кезекте әрине, елге жаңадан электр энергиясы стансаларын құру. Ол бірінші кезекте Балқаш жылу электр станциясы, 2 этапта соғылатын болады. Мойнақтағы соғып жатқаны да солай. Алдағы Астана қаласындағы 2,3 ТЭЦ көздерін қарайтын болсақ, оның бәріне үлкен қаражат қажет болады. сол себепті бүгін ұсынып отырған заң жобасы осы дефицитті шешуге жағдай жасайды. Ол біріншіден жаңдан жасалатынөндіріске энергия көздерін шығаратын өндірістерді соғуға арналған.

Палата Төрағасы жұмыс тобы мен салалық комитетке Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында кәсіпкерлер қауымдастығын, осы нарықта жұмыс істейтін барлық ұжымның өкілдерін шақырып, бірге талқылауды ұсынды.

Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Біз осы саланың барлық тетіктерін анықтамай және заңдық тұрғыда реттеймей тұрып, бұл заң жобаны екінші оқылымға шығармаймыз. Біз енді ұзаққа созбай, экономиканың осы бір маңызды саласын Президенттің тапсырмасы бойынша нарық талаптарына сәйкес келтіруіміз керек. Басқаша болуы мүмкін емес.

 

 

Қуат нарығы экономикаға қысым жасай ма?

 

/«Алаш айнасы». 29.03.2012. Қанат Қазы./ - Энергетика – экономиканың бойына қан жүгіртетін сала. Сондықтан да энергети­ка саясаты елдік дамудың тасын өрге до­ма­ла­тады не қарқынға тежеу салуы ықти­мал. Осының алдын алу мақсатында Экономи­калық даму және сауда министрлігі 2016 жыл­дан бастап елімізде қуат нарығын ен­гізу­ді көздеп отыр. Кешегі Мәжілістің жал­пы отырысында министр Бақытжан Са­ғ­ын­таев осы бағыттағы жаңа жобаның жай-жапсарымен таныстырып, құжатты депу­тат­тардың бастапқы мақұлдауынан өткізді.

Кеңес Одағынан бері сол кеңістіктен шыққан елдер үшін көкейкесті бір мәселе бар, бұл – энергетика нысандарының тозуы. Тозу салдарынан өндірілген қуат тұтынушыға жетпей жатып-ақ жол бойында «қаңғып» кетіп, орасан шығын «құмға сіңіп» отыр. Энергетиканы тиімді, үнемді пайдаланбаудың әлеуметтік соққысы да баршылық. Тозғанды жамап, ескіні жаңарту үшін тұтынушының қалтасына түсетін салмақ қана емес, инвестиция бағытының ашықтығы да маңызды болмақ. Ал энергетика саласындағы қолданыстағы үлгіге келсек, Қазақстанда тарифті инвестицияға айырбастау жүйесі жүргізіліп келеді. Әйтсе де мұның олқы тұстары Үкіметке айқын болып отыр. Кеше төменгі палатадағы депутаттар алдында заң жобасының тұжырымдамасымен таныстырған экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев мәселені осы тұстан бастады. Министрдің айтуынша, аталған заң жобасының негізгі мақсаты Қазақстан экономикасының электр қуатына қажеттілігін қамтамасыз ету болып табылады.

Сондай-ақ құжат еліміздегі электр стан­сыларының инвестициялық қызметтерінің ашықтығын қамтуды көздейді. «Қазіргі уақытта Қазақстанда жылу электр стан­сыларының 41 пайызы, ал су электр стан­сыларының 68 пайызы 30 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп, өздерінің өндіру қуатын сарқып келеді, яғни олардың тозығы жетті деген сөз. Бұл жағдайдың өзі еліміздегі электр қуатының тапшылығына алғышартты қалыптастырып, экономикаға қауіп төндіреді», – дейді Бақытжан Сағын­таев. Сондықтан Үкімет энергетика сала­сын­дағы нысандардың жұмысын жетілдіре түсуді құптап отыр. Мұнда да алдымен тозығы жеткен нысандарды жаңартуға қатысты инвестициялық міндеттерді орындауға баса назар аударылмақ. Бұл ретте билік әсіресе энергетика саласы бойынша инвестициялық бағдарламаға селқос қарағандарды айыппұл арқылы жөнге салуды көздепті. Министр Бақытжан Әбдірұлының Мәжіліске әкелген заң жобасы дәл осы энергия өндіруші ұйым­дар­дың инвестициялық міндеттемелерін орындамағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді қарастырады. Сонымен қатар бұдан былай әлгіндей қуат өндіретін ұйымдардың инвестициялық қызметі жұртшылық үшін де ашық болады. Ал егер энергетиктер инвестициялық бағдарлама­ларды орындамаса, олардың игерілмеген қаражаты тұтынушыларға қайтарылады. Яғни, бір сөзбен айтқанда, мемлекет энер­ге­тик­тер үшін инвестициялық бағдарлама­лардың орындалуына қатысты бақылау тетіктерін күшейтуді қолға алатын болады. «Егер энергетика ұйымдары инвестициялық міндеттемелерін орындамаса немесе қаражатты бағыттан тыс мақсатқа жұмсаса, мемлекет тарапынан тарифтік бағаны төмен­де­туге қатысты шаралар қолданыла­тын болады», – дейді бұл турасында эко­номика министрі. Жалпы алғанда, осындай энергетикалық саясаттың негізінде елімізде 2016 жылдан бастап қуат нарығын енгізу жоспарланып отыр. Депутаттар талқысына ұсынылған құжаттың да түп-төркіні осы нарықты жандандыруға қатысты болса керек.

Мәжілістің жалпы отырысына дейін заң жобасын біршама күзеп-түзеген депутаттар елдің экономикасынан бастап, қарапайым тұтынушыға дейін әсер ететін құжаттың талқысына барынша белсенділік танытты. Мәселен, бұған дейінгі талқылаулар барысында бір топ депутат еліміздегі қуат өндіретін ұйымдарға сауал жолдап, жоба­дағы жаңалықтарға қатысты ұсыныс-тілек­терін тыңдапты. Сөйтсек, елдегі энергетик­тер Экономика министрлігі ұсынған заң жобасымен толық келісе бермейді екен. «2016 жылдан бастап қуат нарығын енгізу ең алдымен осы саладағы инвестициялық тартымдылыққа жәрдем болуы керек еді. Ал мұнда жәрдемге жөнді мән берілмегенге ұқсайды. Энергетиктердің сөзінше, заң жобасы аталған нарықты енгізуге қатысты нақты тетіктерді қамтымай отыр», – дейді өндірушілердің сөзін сөйлеген депутат Рахмет Мұқашев. Қызу талқылауға ара-тұра спикер де араласып, жобаның жүкте­ген салмағын да еске салып отырды.

Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс төрағасы:

– Депутаттар дұрыс көтеріп отыр. Қуаттың 25 пайызына жуығы магистраль­дар­да, ішкі кварталды желілерде «жоғала­ды». Үнемділік жоқ. Жаңғыртуды, қайта жа­ңар­туды жүзеге асырмайынша, энер­гети­калық коллапстан құтыла алмаймыз. Сондықтан да екінші оқылым барысындағы талқылауда бизнес қауымдастық, осы нарықта қызмет ететіндердің барлығы кеңінен қатыстырылсын. Олар хат жолдап қойып отыра бермесін, келсін, қатыссын. Біз заң жобасының ұңғыл-шұңғылын түген­деп шықпайынша, оны Мәжілістен ешқайда аттап шығармаймыз.

Рауан Шаекин, Мәжіліс депутаты:

– Бұл заң жобасы жаңадан салынатын нысандар үшін емес, бүгінгі істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдар үшін жасалып жатыр. Осыны шатастырмайық. Дегенмен министрлер отырғанда бір нәрсені – ашық­тыққа қатысты мәселені анықтап алуымыз керек. Мәселен, бүгінде Қазақстан мен Ко­рея арасында келісімдер жасалып жатыр. Ол Парламенттен де өтеді. Сосын Балқаш ЖЭС-ін салықтан белгілі бір деңгейде босататын боламыз. Бұл жөн бе? Мәселен, Абу-Даби плаза үшін Қорғаныс министрлігі жанынан әуежайға дейінгі аралықты алып жатқан жерге қатысты салықтан босаттық. 20 жылға. Ол кезде бізге Жәмішев келіп, олардың 6 млрд долларды Қазақстанның құрылыс нысанына салатынын айтқан болатын. Осы орындалды ма?

Владимир Косарев, Мәжіліс депутаты:

– Қазақстандағы энергетика саласында парадокстық жағдайлар жеткілікті. Мәселен, бізде нақты қуат өндіру мүмкіндігі 20 мың МВт (Мегават) шамасында болса, іс жүзінде 14 мың МВт өндіреміз, ал тұтынатынымыз – 12 мың МВт қана. Мінеки, бұл – өте үлкен проблема. Өйткені біз қуатты кеңейту туралы айтып отырмыз да, қолда бар энергияны мүлде дұрыс пайдаланбай келеміз. Ал заң жобасына келсек, сіздер қуатты дамытамыз деп келіп, оны дамытудың орнына қуат көзін кеңейтуге асығатын секілдісіз. Сол үшін желілер арасында тәртіп болуы шарт. Тарифті де «күн», «түн», «қыс», «жаз» деп саралаудың қажеті шамалы. Сондықтан заң жобасын асықпай, кең отырып талқылайық.

Спикердің тағы бір жаңалығы

Өзіне берілген уақытты асыра пайдаланушы депутаттарға спикер бұдан былай ауыз ауыртпайтын секілді. Кешегі отырыста да уақытқа қатысты қатарынан екі мәрте ескерту жасаған төраға Нұрлан Нығматулин өзара сыйластықты «дұрыс» бағалауды сұрады. «Регламентте сауал жолдауға 5 минут уақыт берілген. Ендеше, мәтінмен жұмыс істеңіздер. Болмаса, мынадай хабарлама: келесі отырыстан бастап режим енгіземіз. Егер сауал жасайтын депутат 5 минутқа айтарын сыйғыза алмаса, микрофон автоматты түрде сөнетін болады. Бітті», – деп түйіндеді спикер.

 

 

 

 

 

Энергетиканы реттеу – уақыт талабы

 

/«Егемен Қазақстан». 29.03.2012. Асқар Тұрапбайұлы./ - Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен кешегі жалпы отырыста электр және жылу энергиясын реттеу мәселелеріне қатысты заңдық құжат депутаттардың қызу талқысына түсті. Аталған заң жобасының маңыздылығына спикер де ерекше тоқталды.

– Электр қуатының 25 пайыз­дан астамы магистралдық, ішкі орамдық жүйелерде шығынға ұшы­райды. Егер біз тұтыну­шы­лар үшін жинақталатын тарифтік бағалар туралы айтсақ, міне, сол жерлерде үлкен үнемдеу жа­са­луы керек, – деді Нұрлан Зай­рол­лаұлы. – Егер бұл сала жаңғыр­тыл­маса, онда 1940 жылдардан келе жатқан электр-жылу орта­лық­тары апатқа ұшырауы ықти­мал. Біз осы саланың барлық тетіктерін анықтамай және заңдық тұрғыда реттемей тұрып, бұл заң жобасын екінші оқылымға шы­ғар­маймыз.

Сондықтан экономиканың ма­ңызды осы бір саласын Прези­дент­тің тапсырмасына орай на­рық талаптарына сәйкес келтіру уақыт талабынан туындағаны ақи­қат. Осы ретте палата бас­шысы жұмыс тобы мен салалық комитетке заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында кәсіпкерлер қауымдастығы мен осы рынокта жұмыс істейтін бар­лық ұйымдар өкілдерін шақы­ру­ды ұсынды.

Заң жобасының толық атауы «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, табиғи монополиялар мен реттелетін нарық субъек­тілерінің инвестициялық қызметі мәселелері бойынша толық­ты­ру­лар мен өзгерістер енгізу тура­лы» деп аталады. Ол бойынша баяндаманы Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев жасады. Заң жобасы табиғи монополиялар мен реттелетін нарық субъектілерінің ин­вес­тициялық міндеттемелерін орын­даудағы жауапкершілігін кү­шейтуді, қызмет сапасы мен энергия өндіруші ұйымдардың ин­вестициялық қызметі ашық­ты­ғын арттыруды көздейді. Сон­дай-ақ заңдық тетіктер еліміз эко­номикасының электр энергия­сы мен қуатына қажеттілігін қам­тамасыз етуге бағытталған. Қа­зір­гі уақытта жылу электр стан­саларының өндіруші қуаттары­ның 40 пайызы және су электр стансаларының өндіруші қуат­тары­ның 68 пайызы 30 жылдық жұмысын толық өтеп біткен. Бұл өз кезегінде ел экономикасының дамуына қауіп төндіруде. Сон­дық­тан Үкімет тарифті инвес­ти­цияға айырбастау саясатын іске асыруда қазіргі бар ұлттық те­тіктердің тиімсіз себептерін анық­тап, тиісті түзетулер әзір­ле­ді, деді Б.Сағынтаев.

Егер инвестициялық бағдар­ла­ма­лар орындалмаған жағдайда, игерілмеген қаражаттар тұты­ну­шыларға қайтарылып берілуге тиіс. Және де оған қатысты бар­лық ақпараттар бұқаралық ақпа­рат құралдары бетінде жария­лануы тиіс деген норма да назардан тыс қалмаған. Яғни, инвестиция тарифтік табыс деңгейіне сәйкес болатындай тетік қарас­тырылып отыр. Депутаттар тұ­ты­нушылардың құқықтарын қорғау және көрсетілетін қызметті негізсіз тоқтатуды болдырмау мақ­са­тында Азаматтық кодекске тұ­ты­нушылар тарапынан есепке алу аспаптарының нақты көрсет­кіш­те­рі бойынша ақы төлеу нор­масын бекіту, тұтынушыларға электр энергиясын беруді заңсыз шектегені немесе ұйымның тұ­ты­ну­шылармен энергиямен жаб­дық­тау туралы шарт жасасудан бас тартқаны үшін әкімшілік жауап­тылыққа тарту қажет деп шешті. Сонымен бірге, заң ар­қылы энергияны немесе суды заң­сыз қосқаны және пайдалан­ғаны үшін, электр стансаларын, желілерін және жабдықтарын техникалық пайдалану­дың белгіленген қағидаларын бұзғаны және электр желілерін бүлдіргені үшін жауапкершілік күшейтіл­ген.

Кешегі отырыста бұдан басқа «Ұж­ым­дық Қауіпсіздік туралы шарт ұйы­мы шеңберінде әскери мақсаттағы өн­ім­­ді өндіруге қа­ты­сатын кәсіп­ор­ын­дар мен ұйым­дар­дың мамандануын сақтау ту­ралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да қаралды. Ол жө­нін­де Қорғаныс министрі­нің орынбасары Талғат Жан­жү­ме­нов баяндап берді.

Отырыста сондай-ақ Үкімет­тен ке­ліп түскен «Қазақстан Рес­публикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері ара­сындағы Қыл­мыскерлерді ұстап беру туралы ке­лісімді ратификациялау ту­ра­­лы» за&#