ІЗМҰХАМБЕТОВ
Бақтықожа
Салахатдинұлы

VIII сайланған
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы достық қатынастар мен ынтымақтастықты нығайту бойынша Депутат Б.С. Ізмұхамбетовтың қосымша баяндамасы

Құрметті Комитет мүшелері!

          Қарастырылып жатқан Келісім Өзбекстан Республикасымен 1997 жылғы жасалған ескі Келісімді өзектендіруге және өзбек тарапымен экология және қоршаған ортаны қорғау саласында ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған.

          Жана Келісімнің 1997 жылғы ескі келісімге қарағанда айырмашылығы – бірнеше жана бағыттар қарастырылған. Атап айтқанда, Арал бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу, қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдауды және оларды жоюды мемлекеттік бақылау, климаттың өзгеруіне бейімделу, қоныс аударатын жануарларды түрлерін қорғау.

          Анықтама үшін:

            Арал бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі бірлескен іс-шараларды әзірлеу Қазақстан мен Өзбекстан тарапының Арал теңізінің экологиялық дағдарысының салдарын жеңілдету және құмды-тұзды дауылдарды, атап айтқанда сексеуіл отырғызу арқылы тежеу жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіруге мүмкіндік береді.

            Қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдауға және оларды жоюға мемлекеттік бақылау жүргізу бағыты бойынша, Келісім қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдауды және оларды жоюды бақылау туралы Базель конвенциясына сәйкес жұмысты күшейтуге мүмкіндік береді («Қазақстан Республикасының қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдауды және оларды жоюды бақылау туралы Базель конвенциясына қосылуы туралы» 10.02.2003 ж. №389 ҚРЗ).

            Сондай-ақ қоныс аударатын жануарларды қорғау жөніндегі іс-шараларды үйлестіру көзделген, бұл шекара маңындағы Қазақстан-өзбек аумағында ақбөкендер, қарақұйрықтар, арқарлар және т.б. жануарлардың көші-қоны мәселелері бойынша жедел өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді.

            Сонымен қатар, келісімде экожүйелерді тозудан қорғау және құмды дауылдардың алдын алу, сондай-ақ климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі ынтымақтастық көзделген, ол бірлескен іс-шаралар өткізу және озық тәжірибелермен алмасу жолымен жүзеге асырылатын болады.

          Бұдан басқа, Келісімнің 5 - бабын іске асыру мақсатында ынтымақтастықтың жаңа тетігін Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан – Өзбекстан бірлескен комиссиясын (бұдан әрі-Комиссия) құру жоспарлануда. Бұл Комиссия ынтымақтастықты жандандырумен және ағымдағы экологиялық мәселелерді шешумен айналысатын болады.

            Комиссия отырысы жылына кемінде бір рет, Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында кезекпен өткізіледі деп болжанады. Комиссия шешімдері хаттамалармен ресімделетін болады.

          Жоғарыда айтылған бағыттар бойынша жұмыс жана Келісімге сәйкес құрылатын Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі екіжақты Комиссия шеңберінде жүргізілетінін атап өтемін.

          Құрметті Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мүшелері, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экология саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін келісімді ратификациялауды қолдауды сұраймын.

          Назар аударғандарыңыз үшін рахмет және сұрақтарыңызға жауап беруге дайынмын.