ІЗМҰХАМБЕТОВ
Бақтықожа
Салахатдинұлы

VIII сайланған
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет ету мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады

    Палата спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет ету мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.



        Сонымен қатар Мәжіліс комитеттері республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп пен жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан өз баяндамасында Мемлекет басшысы 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін ұлттық қауіпсіздік жүйесін түбегейлі қайта құрудың маңызын ерекше атап өткенін айтты. Осыған орай депутаттар тиісті заң жобасына бастамашы болып, оны бүгін жалпы отырыста бірінші оқылымда қарап, мақұлдады. Оның аясында 2 кодекс пен 11 заңға өзгерістер енгізіледі. «Қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдарын стратегиялық объектілерге жатқызу және қорғаныс пен қауіпсіздік мұқтажы үшін қажетті тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге септігін тигізетін нормалар енгізу, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындаушыны таңдау рәсімін тек конкурстық негізде және ашық жүргізу ұсынылады. Қаралып отырған заң жобасында қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары жекешеленген күннің өзінде де мемлекеттің бақылауында қалдырылатын нормалар ұсынылып отыр», – деді А.Құспан. Заң жобасында сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдарда қызметтік тәртіп үшін жауапкершілікті тек жеке-дара бірінші басшыларға ғана емес, барша бөлімше басшысына да жүктеу ұсынылады. Бұған қоса, барлық басшыға ұлттық қауіпсіздік органдарының кадр құрамын патриоттық тәрбиелеу және құқық бұзушылықтың алдын алу міндеті тапсырылады. Сондай-ақ депутаттар 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы ҚР Үкіметі мен Жоғарғы аудиторлық палатасы әзірлеген есепті, онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы түзетулерді және Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы ратификациялық келісімді жұмысқа алды.

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша № 1 сұрақ (қаз.)


Рақмет, құрметті Ерлан Жақанұлы!

Менің сұрағым баяндамашы мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкіліне арналады.

Қаралып отырған заң жобасында қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары жекешелендірілгеннен кейін де, оның ішінде шетелдік инвесторлар жекешелендірген жағдайда да мемлекеттің бақылауын қамтамасыз ететін нормалар көзделген. Бұл дұрыс, өйткені осы кәсіпорындар стратегиялық объектілер болып қала береді ғой.

Заң жобасына сәйкес акционерлік қоғамдардағы бақылау – «алтын акцияның» арқасында, ал жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде мемлекеттің жарғылық капиталға жалпы дауыс санының төрттен бір бөлігінен аспайтын мөлшерде қатысу үлесі арқылы жүзеге асырылатын болады.

Осыған орай менің екі сұрағым бар:

Айгүл Сайфоллақызы, «алтын акция» деген ненін білдіретінін түсіндіріп берсеңіз?

Екінші сұрақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкіліне. Осы бақылау тетігі іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін айтып берсеңіз және бүгінгі таңда осындай бақылауға жататын кәсіпорындардың тізімі бар ма?