Қырықбаев
Темір
Базарбайұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Темір Қырықбаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрдің орынбасары Т. Б. Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады

2024 жылғы 17 қаңтарда жарияланды

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрдің

орынбасары

Т. Б. Дүйсеноваға


Депутаттық сауал

Құрметті Тамара Босымбекқызы!


Жаңа жылдық мерекелік іс-шаралар аяқталды, бірақ алдымыздан осыған ілесе жаңа мәселе шыға келді. Ол – жылда қайталанатын мемлекеттік бюджеттен қаражатты тиімсіз жұмсау проблемасы.

Әлеуметтік желілер Қазақстанның бірқатар қалаларында, соның ішінде Ақтау, Павлодар, Семей қалаларында жаңа жылдық шыршалардың құлауы туралы ақпаратқа толы.

Абырой болғанда, одан зардап шеккендер жоқ. Десе де, қайғылы салдарға ұрындыруы әбден мүмкін еді.

Мысалы, Шахтинск қаласында жергілікті әкімшілік мұз айдыны үшін арнайы алаң дайындап, аумағын қоршаған, тиісінше жарықтандырған. Бірақ, мұз айдынын құюды ұмытып кеткен. Ал, Павлодарда шамамен 60 млн. теңге жұмсалған мұз қалашығы еріп кетті.

Осылайша, балаларды қуантудың орнына бюджет ақшасы желге шашылған.

Демек, әкімдіктер қаражатты қазіргі заманғы технологиялар мен әдістерді ауа-райын ескермей жұмсайды. Бұл жағдай жылдан жылға қайталанып жатыр.

Осыдан мынадай заңды сұрақ туындайды: қарапайым салық төлеушілерге мұндай шығындар қажет пе және кінәлі шенеуніктер қандай жауапкершілікке тартылды?

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттыру міндетін қойды.

Осы міндетті орындау мақсатында жергілікті бюджеттен қаражаттың бөлінуіне және жұмсалуына қоғамдық бақылауды күшейту мәселесін қарауды сұраймыз.

Сонымен қатар, мәслихат сессиясында жыл сайынғы бюджетті бекіту кезінде, сондай-ақ, әкімдіктердің өткен қаржы жылындағы жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы есептерін тыңдау кезінде міндетті түрде жария тыңдаулар өткізу қажет деп санаймыз.

Жауапты заңнамада белгіленген мерзімде беруіңізді сұраймыз.



Құрметпен,

«AMANAT» партиясы

фракциясының мүшелері

Т. Қырықбаев

Н. Әшімбетов