Рақымжанов
Асхат
Нұрмағамбетұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Регрессивті төлемдер мәселелері туралы

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С.Қ. Жақыповға

Құрметті Светлана Қабыкенқызы!

Жақында өңірлерге жасаған сапарымда мен Жезқазған қаласында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің еңбек мүгедектерімен кездестім.

Олардың айтуынша, 2015 жылы ҚР Азаматтық кодексінің 944-бабының 1-тармағына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген, осыған сәйкес өндірісте жарақат алған немесе кәсіптік ауруға шалдыққан қызметкерлер 2015 жылдың 10 мамырынан бастап зейнеткерлік жасқа толған соң жұмыс берушіден регрессиялық төлемдер алуды бірден тоқтатады.

Сол 2015 жылы ҚР Азаматтық кодексінің 938-бабының 6-тармағы толық алып тасталды, осыған сәйкес жалақы өскен сайын жұмыс беруші өндірістегі жалақының тұрақты өсуін ескере отырып, еңбек мүгедектеріне регрессиялық төлемдерді индекстеуді жүргізуі керек.

Зейнеткерлердің айтуынша, осы уақыт ішінде «Қазақмыста» жалақы 80 пайыздан 100 пайызға дейін өскен, бірақ оларда 2015 жылдан бастап регрессиялық төлемдер қайта есептелмеген.

Маған барлық мемлекеттік органдармен хат алмасуларын көрсетті. 45 адам Сізге, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне, Мәжіліс депутаттарына, тіпті, ел Президентіне де жүгінген.

2023 жылғы 8 желтоқсанда Сіздің оларға жауабыңызда заңнамалық түзетулер шеңберінде 2024 жылдан бастап зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдар үшін зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнайы әлеуметтік төлемді енгізу көзделіп отырғанын хабарлапсыз. Бұл ретте екі шарт сақталуы тиіс - олар 55 жасқа толу керек және кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары болуы қажет.

Бірақ бұл атүсті жауаптан басқа ештеңе емес, өйткені ол ұзақ уақыт зейнеткерлікте жүргендерге қатысты бола алмайды.

Сондай-ақ, Министрліктің жауабында келесі тұжырым бар:

«Сонымен қатар, жұмыс тобы шеңберінде регрессиялық төлемдерді арттыру және жоғалған жалақыны (табысты) өтеу сомаларын индекстеу туралы мәселе қаралды. Заңнамаға түзетулермен сақтандыру ұйымдарының қаражаты есебінен сақтандыру төлемдерін өмір бойы жүзеге асыру көзделген, ал кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі 2015 жылғы 10 мамырға дейін алғаш рет 30-дан 100 пайызға дейінгі мөлшерде белгіленген және 2015 жылғы 10 мамырдан бастап 2024 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде куәландыру мерзімінсіз ұзартылған немесе қайта куәландырылған адамдарға қатысты».

ЖСДП, белгіленген тәртіп «Әділетті Қазақстан!» ұғымына сай  келмейді деп есептейді. Адамдар өз денсаулығын өндірісте қалдырды. «Қазақмыс» сияқты өнеркәсіптік алпауытқа капитал табуға мүмкіндік беріп, өздеріне орны толмас зиян келтірді. Бұл жағдай бүкіл Қазақстан бойынша жұмысшылардың наразылығын тудыруы мүмкін, өйткені «Қазақмыс» қана емес, басқа өндіруші компаниялар да осы нормаларды пайдаланып, Қазақстанның байлығын сорып алады!

Осыған байланысты, жағдайды түзету үшін біріншіден, шұғыл түрде жұмысшылар өкілдерінен, Мәжіліс депутаттарынан, кәсіподақтар өкілдерінен, мемлекеттік органдардан тұратын жұмыс тобын құруды талап етеміз. Денсаулыққа келтірілген зиян үшін әділ өтемақы көздейтін бұрынғы нормаларды қайтару қажет.

Екіншіден, сақтандыру компанияларының қаражаты есебінен төлемдер бойынша нақты және толық түсініктеме беріңіз. Бұл ақпаратты денсаулыққа зиянды өндіріспен айналысатын әрбір жұмысшыға жеткізуді ұйымдастырыңыз.

Үшіншіден, жоғарыда аталған жұмыс тобы өндіруші компаниялардың кәсіпорындарына, шахталарына жұмыс жағдайларын, өндірістік қауіпсіздікті мониторингтеу және бақылау, сондай-ақ  денсаулықты қорғау бойынша шаралар қабылдау үшін баруды ұйымдастыру қажет деп есептейміз.

Құрметпен, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының мүшелері