Сабильянов
Нұртай
Салихұлы

VIII сайланған
Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Төрағасы

Депутатқа хат
Депутаттық сауал


23.01.2019 жылы жарияланды

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Б.Ә. Сағынтаевқа


Депутаттық сауал

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

2017 жылдың желтоқсан айында әскери қызметкерлердің тұрғын үй мәселесін шешу бойынша қосымша шараларды қарастыратын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің деректеріне сәйкес, 2018 жылы ақшалай өтемақы, тұрғын үй төлемдерін алған, Қарулы Күштердің әскери қызметкерлерінің жалпы саны 41 133 адам болып, оларға 54,6 млрд. теңге бөлінген.

Дегенмен, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында әскери күнтізбелік еңбек өтілі 2018 жылдың 1-ші қаңтарына 10 жылдан асқан, бірақ 20 жылдан аз әскери зейнеткерлерден олардың тұрғын үй мәселесін шешу туралы көптеген хаттар келді. Бұл мәселе сайлаушылармен кездесулерде де көтерілген болатын.

«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 55-бабында әскери қызметте күнтізбелік есептеумен он және одан да көп жыл, бірақ жиырма жылдан аз болған және жекешелендіруге жатпайтын, оның ішінде жабық және оқшауланған әскери қалашықтардың, шекара заставаларының және өзге де жабық объектілердің аумағында орналасуы салдарынан жекешелендіруге жатпайтын қызметтік тұрғынжайда тұратын және әскери қызметте болудың шекті жасына толуына, денсаулық жағдайына немесе штаттардың қысқартылуына байланысты 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін әскери қызметтен шығарылған адамдарға «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 96-бабында белгіленген мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайлармен алмасу тәртібі қолданылатыны қарастырылған.

Алайда, әскери зейнеткерлердің осы санатына өңірлерде мемлекеттік тұрғын үй қорынан алмасуға тұрғынжайлардың болмауына байланысты тұрғын үйлер әлі берілмеген.

2018 жылы осы мәселе бойынша Парламент Мәжілісіне Аягөз, Гвардейский, Арыс, Жетіген және Шымкент әскери гарнизондарының әскери зейнеткерлерінен хаттар келді.

Әскери зейнеткерлер өз хаттарында оларды заңнамаға сәйкес тұрғын үймен қамтамасыз етуді, ал алмасуға тұрғын үй болмаған жағдайда, оларға тұрғын үй сатып алу үшін өтемақы төлеуді сұрайды.

Осыған орай, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне бірнеше хаттар жіберілді, бірақ мәселе әлі шешімін тапқан жоқ.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, құрметті Бақытжан Әбдірұлы, Сізден:

1. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 55-бабының 6-1-тармағын жүзеге асыру бойынша барлық қажетті шараларды қолдануды;

2. Өңірлерде мемлекеттік тұрғын үй қорынан алмасуға тұрғынжайлар болмаған жағдайда, осы санаттағы әскери зейнеткерлерге ақшалай өтемақы төлеу мәселесін қарастыруды сұраймыз.

Депутаттық сауалға жауапты «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына сәйкес беруді сұраймыз.






Депутаттар,

«Нұр Отан» партиясы

фракциясының мүшелері

Н.Сабильянов

А.В. Суслов