Сабильянов
Нұртай
Салихұлы

VIII сайланған
Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Төрағасы

Депутатқа хат
Депутаттық сауал

20.06.2018 ж.                                                           

жарияланды 

         

Қазақстан Республикасының 

Премьер-Министрі 

 Б.Ә. Сағынтаевқа

Депутаттық сауал

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Менің Сізге депутаттық сауалым табиғи сипаттағы төтенше жағдайларды жою барысында су тасқыны салдарынан зардап шеккен Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының мүліктеріне келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу мәселелеріне байланысты болып отыр.

1. «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 18, 58-ші баптары және Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу қағидалары зардап шеккендердің мүліктеріне келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеуді, оның ішінде тұрғын үйді қалпына келтіруге (жөндеуге) арналған шығындарға ақшалай төлемдерді қарастырады.

Бірақ, Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданының әкімдігі ақшалай төлемдерді қарастырмаған және зардап шеккендерге төлемдерді жүзеге асырмаған.

Семей қаласының әкімдігі бастапқыда жылжымайтын мүлік объектісіне келтірілген зиянды өтеу үшін су тасқынынан зардап шеккен әрбір тұрғынмен өтемақы төлеу туралы шарт жасап, содан кейін бұл төлемдерден бас тартқан.

Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласындағы су тасқыны қауіпті аймақтарына түскен тұрғын үйлерді техникалық зерттеп қарау Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу қағидаларына және сәулет қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкес келмеген. Мысалы, бір үй бойынша техникалық зерттеп-қарауды 3 рет жүргізу жағдайлары болған. Аягөз қаласындағы зардап шеккендердің мүліктеріне келтірілген нұқсанды бағалау барысында да аталған Қағидаларды бұзу орын алған.

2. Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендердің үйлерінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу тәртібі айқындалмаған.

Сондықтан кейбір жергілікті атқарушы органдар зардап шеккендермен тиісті шартты жасамай, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті және жұмыстың сапасына кепілдікті қарастырмай, тұрғындардың үйлерінде жөндеу жұмыстарын жүргізген.

Бұл өз кезегінде кейбір зардап шеккендердің үйлерінде сапасыз жөндеу жұмыстарын жүргізуге алып келген. Мысалы, Аягөз қаласындағы 72 жастағы зейнеткер Р.М. Гусева өз хатында үйін жөндеу үшін оның бір бөлмесін бұзғандығы, қабырғаларында жарықтар пайда болғаны, төбесінің толығымен жабылмағандығы, жөндеудің сапасыз жасалғандығы туралы жазған. Бұл егде адамды қорлау, кемсіту екендігін айтқан.

3. Биылғы жылдың маусым айында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі № 325 қаулысында (Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану қағидаларында) табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге қайталама нарықта тұрғын үй сатып алу қарастырылған болатын.

Бірақ, осындай тұрғын үйді сатып алуды, үйдің 1 шаршы метрінің бағасын есептеу тәртібі мен үйдің салынған жылы, жағдайы, үйді таңдау өлшемшарттары бойынша талаптарды көздейтін Қағидалар болмағандықтан, жергілікті атқарушы орган осыдан 30-40 жыл бұрын салынған тұрғын үйлерді сатып алуда. Үйлердің құнына байланысты да мәселелер туындауда.

Аталған мәселелер Шығыс Қазақстан облысының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарының хаттарында, өтініштерінде көрсетілген.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Сізден бюджет қаражатының тиімді пайдалануы мақсатында:

1. «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеу қағидаларының орындалуын қаматамасыз ету;

2. Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен азаматтардың үйлерінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу тәртібін айқындайтын қағидаларды әзірлеу және бекіту;

3. Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйі тұруға жарамсыз болып қалған азаматтарға өтеусіз негізде беру үшін тұрғын үйді қайталама нарықта мемлекеттік тұрғын үй қорына сатып алыну тәртібін айқындайтын қағидаларды әзірлеу және бекіту мәселелерін қарастыруды сұраймын.

Депутаттық сауалға жауапты «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына сәйкес беруді сұраймын.

Қосымша:    39   парақ.           

                          

                          Депутат,

«Нұр Отан» партиясы

фракциясының мүшесі                                       

Н.Сабильянов