Сәрсенғалиев
Нартай
Аралбайұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ, 2024 ЖЫЛҒЫ 17 СӘУІРДЕ ЖАРИЯЛАНДЫ

2024 жылғы 17 сәуірде жарияланды

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

О. Бектеновке

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Олжас Абайұлы!

Бұл депутаттық сауал арнасынан адасып аққан судың салдарынан өмір бойы жиған-терген дүниесінен, үйінен, мал-мүлкінен, қара шаңырағынан қапыда айрылған ағайынның өтініші деп білерсіздер.

Қазақ: «Алпыс күн тасыған су, Алты күнде қайтар» дейді. Бірақ қайтқан су әкелген қайғысын әкетпейді. Қазір еліміздің жартысы қарғын судың қақпанында қалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс жасамайды. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады. Жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет» деді.

Шынымен, жұмысына салғырт  қараған мемлекеттік қызметкерлердің ешқайсысының лауазымына, тегіне қарамастан жазаға тарту керек. Бұл Президенттің және елдің нақты талабы.

Аптаның аяғында қарғын судан қатты зардап шеккен Атырау облысындағы Құлсары қаласы мен Батыс Қазақстан облысына аяқтай бардық. Құлсарыда 2800 үй су астында қалған.      

Батыс Қазақстан облысындағы ахуал да көңіл көншітпейді, қазірдің өзінде 1226 үйді, 1905 саяжайды су басып қалған. 162  үй қирап қалды. Ендігі қатер Жайық өзенінен. Жайықтың көрші елдегі ең жоғарғы деңгейі 11,87 метр болды, енді сол су біздің елге  қарай жөңкілеп келеді.

Жайық өзені БҚО-ң 800 шақырым жеріне ағып өтеді, ондағы арнаның ең биік нүктесі 8,5 метр. Демек келе жатқан су  қауіпті деңгейден айтарлықтай жоғары. Жайықтың бойында 84 елді-мекен бар, ол жақта 94 129 адам тұрады деген дерек алдық. Ел елеңдеп отыр, үрей де жоқ емес.

Бұқар жыраудан: «Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз: жат жанынан түңілсін, айнала алмай ат өлсін, айыра алмай жат өлсін» деген сөз қалған. Расында, батысқа болысқан елдің көмегін, жанұшырып барып бөгетті бекітуге тырысқан жандарды көргенде қазақтың бірлігін ешкімнің ешқашан бүлдіре алмайтынына көз жетеді.

Әлеуметтік желіге бір видеоны жүктедім, көрген шығарсыздар. Елмен кездесуге барсақ анамыздың үш кішкентай баласымен бірге құмды қапқа салып жатқанын көрдік. «Неге қапшық көтеріп жүрсіз балалармен, ауыр ғой» - деген сөзімізге: «Әкеміз вахтаға кетті, бізге «елге көмектесіңдер» деді» деп жауап берді. Бұл біз көп айтатын бірлік деген сөздің нағыз көрінісі болды.

Су басқан өңірлердегі басты мәселенің бірі өтемақы, ол халыққа жедел және әділетті, толық көлемде төленуі тиіс. Және комиссиялар су кеткенін күтпей қазірден бастап үйлерге жүзіп барып аралық акт жасауы шарт. Бұл өңірдегі басты мәселе.

Осы тұста қазіргі су тасқынының бетін қайтаруы тиіс болған бөгеттер мен бөгендердің салынбауы, каналдардың ретке келтірілмеуі жылдар бойғы салғырттықтың салдары екенін  мойындағысы келмейді кейбір күштер. Қазақстандағы су қоймалары мен бөгеттер 50-70 жылдары салынған. 1990 жылдан ол жерлер жөндеу көрмеген. Жаңа су қоймалары салынбаған.

Биылғы тасқынның алдын алу неге мүмкін болмады деген сұрақ туады. Оған себеп ғылымға жағдайдың жасалмауы. Салдарынан 90-шы жылдардың тоқырауында мыңдаған ғалым саланы тастап кетуге мәжбүр болған. Ал жаңа, сауатты мамандарды дайындайтын білдей білім ордасының сөрелерін шаң басып, назардан тыс қалған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін биыл Мемлекет басшысы Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институтын қайта қалпына келтіру жөнінде шешім қабылдады.

Кейбір күштер жалған ақпараттың жарға жығатынын білсе де, ағайынды арандату үшін барын салып әлек. Мұны ақпараттық соғыс десе де болады. Бірақ қазақтың бірлікті бірінші орынға қоятынын және ұлтының қамын құлқынының қамынан артық қойғандарды ұмытпайтынын білу керек олар.

Арнасынан адасып аққан судың астында қалған ағайынның мәселесін бір депутаттық сауалға сыйғызу мүмкін емес. Өңірден келген депутаттар әр проблемамен жеке-жеке айналысады. Шешуге мұрындық болады, себебі басты міндет елдің талабын орындау.

Осы депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап күтеміз.

«AMANAT» партиясы фракциясының

 мүшелері, депутаттар                                                          Н. Сәрсенғалиев

  Е. Бейсенбаев

Р. Зайытов

  М. Толықбаев

  А. Мысырәлімова

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының мүшесі, депутат                                        Г. Танашева

«RESPUBLICA» партиясы

фракциясының мүшесі, депутат                                         Н. Тау

Жалпыұлттық социал-демократиялық

партиясы фракциясының мүшесі, депутат                     Н. Әуесбаев

«Ауыл» халықтық-демократиялық

патриоттық партиясы фракциясының

мүшесі, депутат                                                                      Қ. Абден