Сатыбалдин
Ерболат
Жалғасбайұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Ақбөкендерді ату халық наразылығын туындатуда.

Қазақстан Республикасының

Бас Прокуроры

Б.Н. Асыловқа

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі

Е.Н. Нысанбаевқа

Депутаттық сауал

Құрметті Берік Ноғайұлы!

Құрметті Ерлан Нұралыұлы!

Менің бүгінгі сауалым - Қазақ даласының бойтұмарына баланған ақбөкенге қатысты болмақ.

 Еліміз соңғы 25 жылда қазақ сахарасының сәні - ақбөкенді қорғауға бар күшін салғанын білеміз. Кезінде 2 миллион басқа дейін өскен киіктің саны 2003 жылы 21 мың басқа кеміп кеткен. Сайын даланың сәні болған ақбөкенді қорғау үшін “Алтын дала”, “Бөкейорда”, “Ащыөзек мемлекеттік қаумалы” т.б, қорықтар құрылып, бүгінде Қазақ даласының киесі - ақбөкеннің популляциясын қалыпқа келтірдік.

Осы бағдарламалар негізінде еті мен бағалы мүйізі үшін сан мыңдап қырып, даламызды қан сасытқандардың қызметін тоқтаттық.

Өткен жылдан бері «киіктің қатары қоюланып кетті, егінге түседі» деген шаруалардың уәжін естіп жатырмыз. Сол себепті 2024 жылдан бастап киікті азайтуға мемлекттік органдардан ресми түрде рұқсат берілді.

Алайда құзырлы орындар «азайту» дегенді дұрыс түсінбеген сияқты. Таяуда Ұлытау облысы, Жаңарқа ауданы, Қызылжар ауылы «Охотзоопром» ӨБ» қызметкерлерінің киік санын азайту желеуімен буаз киіктерді атып жатқаны жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды. Бұл жерде елдің наразылығы орынды. Обал мен сауапты айыра білетін ел, іргесінде болып жатқан мұндай сұмдыққа шыдай алмаған.

Осы ретте, сөз жоқ, ақбөкендердің популяциясын шаруаларға зиян тидірмейтіндей, халықты әбігерге салмайтындай етіп реттеу қажет!

Әрине, кесіп айту керек, «Охотзоопром» ӨБ» қызметкерлерінің жасаған бұл қадамына құзіретті орындар құқықтық бағасын беру керек. Себебі, аталған мекеме қызметкерлері салалық министрлік қабылдаған регламентке сай жұмыс атқармағаны белгілі болды.

Регламент бойынша, бірінші, ақбөкендер ауыл маңына 10 шақырым жақындағанда жауапты мекеме қызметкерлері елді дүрліктірмей, халыққа бірінші кезекте құлақтандыру, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу керек.

Екінші, ақбөкендердің популяциясын шектеу шараларын орындау – жаппай қыру емес. Ақбөкендер табынын санитарлық реттеу үшін ақсақ-тоқсағын, кәрі-құртаңын, ауру-сырқауын бірінші нысанаға алу керек.

Үшінші және ең бастысы, ақбөкенді буаз кезінде азайту шараларына тыйым салу қажет. Жыл басындағы төлдеу уақыты, бұл қазақтың дәстүрлі жаңаруы деп білеміз.

Жоғарыдағы жайттарды ескере келе мынадай ұсыныстар береміз:

- ҚР Бас Прокуратурасы мәселенің мәнін терең қарастырып, «Охотзоопром» ӨБ» қызметкерлерінің киікті атудың маусымдық шараларын жүзеге асырудағы заңсыздық пен жауапсыздық іс-әрекеттеріне әділ құқықтық бағасын беруі қажет;

 - ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне: киік санын азайтуға бағытталған шараларды толық пысықтап, тиісті регламентке сай, елді ушықтырмай жүргізілуі керек;

- киіктердің табынын реттеуді ақбөкеннің лағы аяқтанған кезең мен күйекке түсер мезгіл арасында, яғни қазан, қараша айларында жүзеге асырылуы тиіс деген өзгеріс енгізілуі қажет.

Депутаттық сауалға заңнамада көзделген мерзімде жазбаша түрде жауап беруді сұраймыз.

«AMANAT» партиясы

фракциясының мүшелері 

Е. Сатыбалдин

А. Әлтай

М. Әбенов

Ж. Амантайұлы

А. Құспан

С. Пономарев

Ү. Шапақ

«Ақ жол» Қазақстан Демократиялық

партиясы фракциясының мүшесі

Қ. Иса