Саурықов
Ерболат
Байұзақұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Жамбыл облысы Қордай ауданындағы кездесулер

Бүгін Жамбыл облысының Қордай ауданында болып, шаруа қожалық басшыларымен жүздестім. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен кездесуге аудан әкімінің міндетін атқарушы - Бақыт Оңласынұлы, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, білім бөлімінің басшысы, шаруа қожалықтарының өкілдері қатысты. Келелі кездесуде Парламент қабырғасында жүріп жатқан бірқатар заң жобалары бойынша нақты мәліметтер беріп, тұрғындар тарапынан түскен сұрақтарға жауап бердім. Негізінен Қордай ауданының халқы мал шаруашылығына, кәсіпкерлік саласына ден қойған еңбекқор халық. Осы орайда кәсібін дөңгелетіп отырған шаруалар үшін «Қоғамдық жайылым», «Бизнес жүргізу» туралы заң жобаларының тиімділігі мен артықшылықтарын түсіндірдім.

Жүздесу барысында шаруа қожалық басшылары субсидия алу кезінде қиындықтар бар екенін айтып, оның барлығына бірдей беріле бермейтініне қынжылатындығын жеткізді. Мәселен, үлкен фабрикалар субсидияға қол жеткізсе, шағын бизнес өкілдері субсидиядан қағылып қалады. Мұнда шаруалар тілегі - “субсидия бәріне бірдей” берілсін, не болмаса мүлдем берілмесін дейді. Шаруалар Ауыл партиясы ұсынған “Агробанк” құру мәселесін жіті бақылауда ұстап жүргендерін, әрі бұл тақырыпты қос қолдап қолдайтындарын тілге тиек етті. Бұдан бөлек, қазіргі таңда мемлекеттік деңгейде үлкен мәселеге айналып отырған су тапшылығы да айтылмай қалмады. Шаруалар су басында отырып, су ала алмайтындығына налиды. Келесі жылы қуаңшылық қайта соқса, күн көрістері қиындайтынын алға тартты. Бұл орайда, суды барынша үнемдеу қажет екенін және егін еккенде тиімділікке ұмтылу керектігін айттым. Мысалы, қара жерге суды аз қажет ететін дәнді дақыл егу секілді тиімді тәсілдерге баса мән берген жөн. Себебі, ғалымдар алдағы жылдары қуаңшылықтың беті қайтпайтынын айтып дабыл қағуда. Жиын кезінде Беріктас ауылының тұрғыны Қайтбай қария 1600-ге жуық адам тұратын ауылға жаңа мектеп пен мәдениет үйі керек екенін айтты. Сәйкесінше, аталған мәселеге қатысты аудан басшылығынан тиісті жауап алды. Жалпы шаруалардың бірқатар түйткілді мәселесіне қанық болдым. Ол туралы Мәжіліс мінберінде арнайы сауал дайындап тиісті өкілеттіктерге жолдайтын боламын.