Парламенттегі қарқынды жұмыстар сыртында еліміздің біраз өңірін аралап, рухани жаңғыру стратегиясы, соның ішінде жаңа әліпбиге көшу жайында жұртшылықпен тілдесіп қайтыпсыз. Халық не дейді?
– Ең бастысы, халықтың қолдауы бар, бұл қуантпай қоймайды. Өйткені Елбасы бастамасымен қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіруіміз – рухани жаңғырудың басты бір тетігі, болашақ ұрпақты бодандық санадан арылтудың қуатты құралы ғой.
Қазақстан халқы бүгінде өзінің жаңа болашағының бет-бейнесін айқындап, оның іргетасын құйып жатыр. Яғни, келешектің сәулет-архитектурасында қазіргі қазақстандықтардың қолтаңбасы қалады. Біле білсек, дәл қазір Елбасы басшылығымен «болашақты басқару технологияларын» түзудеміз. Әйтпесе, көптеген елдердегідей ештеңені де өзгертпей, келер ұрпаққа көнерген сүрлеулерді қалдыра салуымызға болар еді. Бірақ бұл Мәңгілік ел болам деген халықтың тірлігі емес. Өмірдің жоғары мәнінен ада адам ештеңеге іңкәрланбайды, ешқайда ұмтылмайды, ақыры оқиғаның өрбу барысының «құрбанына» айналуы ықтимал. Сол сияқты, жоғары мұрат-мақсаттары, жасампаз әрекеттері жоқ ұлтты өмір-өзен белгісіз жағалауларға лақтырып тастайды.
Кезінде адамзат тарихын өзгерткен ұлы бабалардың қазіргі мұрагерлері – Қазақстан халқының өмір шынайылығын қазірден керекті арнаға бұруға мүмкіндігі бар. Бұған күш-қуатымыз да, білім-біліктілігіміз де, әлеует-ресурстарымыз да жетеді. Сондықтан бағдарлама түзіп, болашақты бағдарлаудамыз. Бұл – кемеліне келген мемлекеттің қадамы. Демек, бұл істе керітартпалықтың керегі жоқ.
Рас, сонымен бірге, бұл тұрғыда қазақстандықтарды мазалаған мәселелер де баршылық. «Жас ұрпаққа жаңа әліпбиді үйрету бірінші сыныптан емес, балабақшадан басталса» дейді халық. Сонда бүлдіршіндер бірден жаңа әліпбиде жазып және дыбыстап үйренеді, кейін бірінші сыныпта кирилл қарпінен латыншаға қайта бейімделу қиыншылықтарынан арылады.
– Қазақстан қазір латын графикасына көшуге дайын деп ойлайсыз ба?
– Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында еліміздің бұл мәселеге байыппен келгенін және оған кірісуге тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалғанын атап көрсетті. Мұндай бетбұрыстар жоқ жерден қабылданбайды, ел басшылығы оң және теріс сценарийлерді тегіс таразыға тең тартып, пысықтағанына сенімдімін. Тек елге әкелер игіліктері мол болғандықтан бастама көтерілді. Бұл тұрғыдан алғанда мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру – прагматикаға құрылған. Осы бастаманы қолдау арқылы Қазақстан халқы жаңашылдыққа деген ұмтылысын, ұлы бетбұрыстарға дайындығын көрсетуде.
Егер әлем тарихына үңілсек, халыққа жаңа әліпби жоғарыдан бекітіліп, түсіріледі. Тіпті қазіргі қолданысымыздағы кириллицаны да өткен ғасырдың қырқыншы жылында бізге Сталин таңған болатын. Оған дейін бабаларымыз ғасырлар бойы түркілердің руникалық жазуын, 900 жылдай араб жазуын, ал революциядан кейін латыншаны қолданғаны мәлім.
Жаңа әліпби нұсқасын да Қазақстан Президенті әлемдік тәжірибе бойынша өз Жарлығымен бекіте салуына болар еді. Бірақ Елбасы олай еткен жоқ, жұртшылық пікірімен санасатын көшбасшы екенін көрсетіп, ақ батасын алуы үшін әліпбидің латынша дұрыс нұсқасын таңдауды халқымыздың еншісіне берді. Негізі, талай маңызды шешімдерді қабылдауда табысты қолданылған ел мен Елбасы арасындағы диалог пен келісімнің бұл дәстүрлі форматы әр алуан ойларды қорытып, кереғарлықтарды еңсеріп, сарабдал шешімнің сомдалуына жол ашуымен құнды, қуатты.
Осылайша, бұқаралық талқылау барысында бұл бастама да өмір шынайылығының сынағынан өтті, лайықты бағалар алды.
– Бұл бастаманың қандай маңызы бар?
– Қазіргі жаңа өмір шынайылығы мемлекеттерден бар салада бәсекеге қабілеттілігін арттыруды талап етеді. Сонда ғана ол елдер жаңа сын-тегеуріндерге шыдас беріп, орнықтылығын сақтай алмақ.
Латын жазуын қабылдауымыздың экономикалық негіздері де жеткілікті. Мәселен, шетелдік инвесторлар өздеріне жақсы таныс латын әріптерімен істес болғанды қалайды және соны қолданатын елдерге көп тартылады. Мұның психологиялық қыры да бар: дамыған елдер азаматтары тіпті түсінбесе де, латын графикасын қолданатын тілдерге жылыұшырай қарайды, өйткені ол тіл солар үшін үйреншікті кеңістікке кіреді. Дүниежүзілік банктің Doing Business әлемдік рейтингінде бизнес жүргізу үшін ең тартымды отыз елдің 25-і тек латын негізіндегі әліпбиді пайдаланатыны осының айғағы болса керек. Демек, латын графикасына өтуіміз Қазақстанға келетін туристерді айтпағанда, инвесторлар санын да арттыруға ықпал етпек.
Дәл сол сияқты қазақ тілінің жаңа әліпбиі Қазақстан халқының, әсіресе, жастарымыздың әлемдік заманауи технологиялық ортаға, коммуникацияға, сондай-ақ ғылыми және білім беру процесіне тереңірек кірігуіне жол ашады.
Латын жазуына көшуіміз мемлекеттік тілдің өз еліміздегі өрісін кеңейтпек. Себебі, халықты жаңа әліпбиге үйрету бойынша кең ауқымды бұқаралық курстар ұйымдастыра отырып, сонымен бірге, қазақстандықтарды мемлекеттік тілді үйренуге тартудың маңызды мүмкіндігіне ие боламыз.
Бұл қазақ тілінің халықаралық деңгейде өркен жаюына жол ашады. Әйтпесе, қазір шетелдіктерден, мәселен, шет мемлекеттердің еліміздегі елшілерінен қазақша үйрену үшін алдымен кириллицаны меңгеру талап етіледі.
Латын графикасына көшуіміз Елбасының интеграциялық идеяларымен тығыз ұштасып жатыр: еліміз осы арқылы жазуымен де дамыған елдерге жақындап, ықпалдасады, сондай-ақ біз ақпараттық әлемге де кірігеміз.
Жалпы, қазақ тілін латын жазуына көшіру де – «цифрлық дәуір» талаптарынан туындап отыр. Яғни, мемлекеттік тілдің дамуы енді цифрландырумен қатар жүргізілетін болады.
Егер Қазақ елі әлемдегі ең озық мемлекеттер лигасына кіріп, жаһандық көшбасшылар қатарында болуды қаласа, күрделі әрі батыл шешімдерге баруы шарт. Бұл бізден жүйелі жұмыс пен жауапкершілікті талап етеді. Халық пен билік бір ұстаным түзіп, жұмыла ілгерілегені жөн. Бұл Мәңгілік ел ретінде өркендеуімізге қызмет етеді. Сондықтан жаңа әліпбиді қабылдап, бастапқы байыпты шешімді кейінгі нақты істерге айналдыру – алдағы уақыттың басты міндеті болмақ.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айхан ШӘРІП