Толықбаев
Мақсат
Мәлікұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мен Бас Прокурорға депутаттық сауал

2024 жылғы 17 қаңтарда жарияланды

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрінің орынбасары

С.М.Жұманғаринға  


Қазақстан Республикасының 

Бас прокуроры  

Б.Н.Асыловқа

Депутаттық сауал

Тау - жаратылыстың жарты бөлшегі. Бірақ, ел аман, жұрт тынышта, «тау-тасты қонышына тығып, меншіктеп алыпты» дегенді естідіңіздер ме?! Ендеше айтайын, Үшқоңыр деген таудың барын бәріңіз білесіздер. Тұмса табиғаты керемет, талайлардың кіндік қаны тамып, тірлігіне арқау болған сол тау бүгінде сай-сала, қырат-жоталарымен қоса бірер азаматтардың ғана меншігінде.

Алматы облысындағы Үшқоңыр үстіртіне барар жолды басынан аяғына дейін қаруаланған топ күзетеді. Жол жоқ емес, бар. Бірақ жабық. Көзіммен көріп, сол таудың етегіндегі елмен тілдескен соң, депутаттық сауалға арқау болып отыр. Үшқоңыр Іле Алатау Ұлттық паркіне қарайтындықтан, ол аумақты Ұлттық парктің күзетшілері күзету керек емес пе? Әлде, бұл тау «Дүние Агро» компаниясына атасынан мұра болып қалған ба? Қыратқа кіреберістен 8 шақырым қашықта орналасқан Резиденцияның аумағы ғана қоршалып,  шлагбаум қойылса тағы бір сәрі... Ал, жан баласын жуытпай,  тауды айналдыра қоршап тастау - барып тұрған бассыздық. Қарасай ауданының тұрғындары өз жеріне өз малдарын жая алмай, пұшайман күйде отыр.  

Біз AMANAT партиясы жайылым тапшылығын шешу үшін арнайы «Жер аманаты» комиссиясының тікелей араласуымен республика бойынша 9 миллион гектардан астам жер қайтарсақ, соның осы аймақтан 1400 гектары ел игіліне берілді. Сөйтсек, онымыз бекер екен, «аманаттық» ағайын! Жұртқа қажет жайылым жердің бәрі жаңағы қоршауда қалып қойған. Осылайша жұрттың өз жеріне кірмек түгілі жаңағы қарулы бекеттен өтуге дәті жетпей жүр.

Анығы, «Дүние Агро» ЖШС-не 2004 жылы Үшқоңыр үстіртінде орналасқан жүздеген гектар жерге меншік құқығы заңсыз берілген.  Өйткені, заң талаптары бойынша,  (23-бап, 50-бап, 8 және 43-бап) арнайы мақсаттағы жерлерді заңды тұлғалардың жекешелеп алуына құқығы жоқ. Тіпті оны бөлуге де келмейді. Бұл нормаларды жергілікті прокуратура жақсы біледі. Бірақ, жердің заңсыз берілу фактісі бойынша прокуратураның талаптарын сот қанағаттандырмай тастаған. Сорақысы да сол болып тұр. «Сонда Қазақстан Республикасының заңына шекесінен қарайтын бұл не қылған шектен шығу?», – деген халықтың базынасына қалай жауап береміз?!

Бұдан басқа, Үшқоңыр үстіртінде «Steppe AgroMeat»,  «Breeding Company» сияқты  екі-үш компания 13 597 га жерді  әлі күнге дейін мақсатсыз пайдаланып отырғаны анықталды. Шұғыл қайтару керек! Алайда, алпауыттармен алысуға әкімдік пен аудан прокурорларының пәрмені жетпей, тағы да дәрмені құри ма деген күдік те жоқ емес.

Сондықтан, Алматы облысының Қарасай ауданында болып жатқан заңсыздықтарға Бас прокуратура мен Үкімет шұғыл назар аударып, арнайы комиссия құрып, жоғарыда мен келтірген мәселелерге тиісті құқықтық баға беруі тиіс деп есептеймін.

Президенттің жайылымдық жерлер ел игіліне қайтарылуы қажет деген тапсырмасын нақты орындауымыз қажет.

Жоғарыда баяндалғанның негізінде депутаттық сауалды қарауыңызды және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген тәртіппен жауап беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен,

AMANAT партиясы фракциясы атынан                        М.Толықбаев

                                                                                              

Жеке мандатты депутат                                                             А.Құспан