Тұрлыханов
Дәулет
Болатұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің

Депутатқа хат
Кальян тақырыбына депутаттық сауал

24.01.2024 ж. жарияланды                                     

Қазақстан Республикасы

Премьер - Министрінің орынбасары Т.Қ. Дүйсеноваға

Депутаттық сауал

Құрметті Тамара Қасымқызы!

Құрметті әріптестер, жаңа ғана ұлттың болашағына қауіп төндіретін ВЕЙП

деп аталатын электронды сигаретті тоқтатуға тиым салатын норма «ҚР Денсаулық сақтау мәселелері туралы» заң жобасына енгізілді. 

Бұл баршамыздың ортақ жеңісіміз! Осы заң бойынша жұмыс істеген депутат-әріптестеріме алғысымды білдіремін.

Бүгінде пайдасынан зияны көп, электрондық темекі, синтетикалық наркотик, энергетикалық сусын секілді көптеген зиянды заттар күннен күнге кеңінен таралып, қоғамды улап барады.

Солардың бірі - Кальян. Бұл затты бүгінде арнайы көңіл көтеретін, тамақтанатын орындарды қойып, жастар көлікте де пайдалануда.

Бүгінде кальянды қоғамдық орындарда қолдануға заң жүзінде тиым бар, алайда бұл норма орындалмай отыр. Өйткені, үш жыл бойы кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мараторий болды. Тексеруді тоқтату деген заңды бұзуға негіз емес.

Ал кальянның құрамында не бар екені, не қосып жатқаны мүлдем белгісіз. Оған темекіден бөлек түрлі ароматизаторлар, масайтатын заттар қосылатыны жасырын емес. Оған гашишьті де, алкогольдік ішімдіктерді де қосуы әбден мүмкін. Оны қадағалап жатқан кім бар?!

Өздеріңіз білетіндей, халықтың денсаулығын нығайту және салауатты өмір салтын қалыптастыруға жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.

Қазіргі кезде, әсіресе жастар арасында, кальян шегу өте танымал болды. Көптеген тұтынушы-азаматтар оның зияны жоқ  ойлайды. Бірақ олай емес!

Кальян денсаулыққа үлкен қауіп төндіретінін естеріңізге салайын.  Кальян шегу көбінесе, құрамында канцерогенді заттар болғандықтан қатерлі ісікке, бронхит, астма және созылмалы өкпе ауруларына, инсульт және инфаркт сияқты жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін арттырады.

Осылайша, кальян шегу адам денсаулығына айтарлықтай зиянды, оны тұтынудан аулақ болғанымыз дұрыс.

Қадірлі әріптестер, депутат ретінде болашағымызға осындай зиянын тигізетін заттардан қоғамды тарзартуымыз қажет.

          Осы айтылғандарды ескере отырып, келесі шараларды қолға алуды ұсынамыз.

1. Ішкі істер министрлігі қоғамдық орындарда кальянды қолданылмауына бақылауды күшейтіп, оны тұтыну заңдылығына тексеру жүргізуі қажет.

2. Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі қолданылып жүрген кальянның құрамына, шығаратын түтініне сараптама жасап, оның адам денсаулығына тигізетін зияны бойынша қорытынды әзірлеуі тиіс.

3. ҚР Үкіметі елімізде кальянды қолдануға мүлдем тыйым салуды және оны бұзғандарға жауапкершілік тағайындауды көздейтін заң жобасын әзірлеуді қарастыруды сұраймыз. 

Жауабын Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген мерзімде жазбаша беруді сұраймыз.

   

Құрметпен,

«AMANAT» фракциясының мүшелері                               Д.Б.Тұрлыханов

Б.Б. Керімбек

Г.А. Нұрымова

М.Н. Рожин

Д.Н. Тұрғанов

Ү. Шапақ

Ж.Амантай

Е.А. Әбіл

Қ. Бексұлтанов

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының мүшесі                                                      Г.Ш. Танашева  

«Ақжол» Қазақстанның демократиялық

партиясы фракциясының мүшесі                                     Қ.Иса

«RESPUBLICA» партиясы

фракциясының мүшелері                                                  О.Х. Құспеков

                  

                                                                                               Н.Тау