Тұрлыханов
Дәулет
Болатұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің

Депутатқа хат
Үлескерлер мәселесі

21.02.24 ж.жарияланды                                         

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Р.В.Склярға

Депутаттық сауал

Құрметті Роман Васильевич!

Көп жылдар бойы алданған үлескерлердің мәселесі елімізде толық шешімін таппай келе жатыр.

Оған көптеген сайлаушылардың арыз-өтініштері себеп болып отыр. Мыңдаған қазақстандықтар жауапсыз құрылыс салушыларға сенім артып, тұрғын үйсіз қалды.

Оның ішінде зейнеткер де, тұрмысы нашар және көпбалалы отбасылар, жалғызбасты ана мен мүгедек жандар да бар. Бүгінде қолындағы бар қаражатын үйге салып, өздері пәтер жалдап жүрген халық көп.

Қолдағы мәліметке сүйенсек, соңғы екі жылда үлестік құрылыс саласындағы қылмыстық істер бойынша 16 адам сотталып, 300-ден астам компания әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Осы жылдың 7-ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев үлескерлік құрылыс проблемасына тағы тоқталып өткен болатын.

Бірақ,  нақты жұмыс әзірге байқалмайды. 

Мысалы, әлі күнге дейін құрылыс компаниялары азаматтарды үйді төмен бағамен береміз деп, оларды алдап жүр. Нәтижесінде ақша да жоқ, уәде етілген пәтер де жоқ. Үлескерлер мен құрылыс салушылардың арасындағы алдын ала жасалған шарт алдамшы бағытта жасалатыны туралы дерек көп.

Астана қаласының аумағында 243 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтап, оған 10-даған мыңнан астам үлескер тартылған екен. Осы объектілердің әрқайсысының құрылысын аяқтау мемлекеттің тікелей қатысуын талап етіп отыр. Құрылыс  компаниялардың саны азайғанымен, негізгі проблема өзгеріссіз тұр.

Мысалы, астанамызда «Сатурн-1,2,3,4», «София» сияқты тұрғын-үй кешендері толық аяқталмаған, ал аяқталғанының құжаты реттелмеген. Сонымен қатар «Диана», «Оникс», «Аскер-1», «Аскер-2», «Хазар», «Оазис» сияқты ондаған жылдар бойы құжаты дұрысталмай, әлі күнге дейін қажетті инфрақұрылымдар жасалмаған тұрғын-үйлер жетерлік.

Бәрімізге белгілі, заң бойынша, құрылыс салушылар үлескерлердің ақшасын екі жағдайда ғана тарта алады.

Біріншіден, қазақстандық тұрғын үй компаниясымен шарт болған кезде.

Екіншіден, жобаға банк қатысса немесе үйдің каркасы болса, әкімдік рұқсат береді.

Құрылысты қабылдау комиссиясының жұмысына қатысты да заң бұзушылықтар бар. Бұл тұрғын үй кешендерін пайдалануға қабылдайтын кезде байқалады. Жылдап күтіп, әзер қолы жеткен баспананы алғаннан кейін, азаматтарымыз шешілмеген проблемалармен соттың табалдырығын тоздыруда.

Осылайша, еліміздегі құрылыс саласында біраз мәселелер туындап отыр.

Оның ішінде,  жауапсыз құрылыс салушылардың санының өсуі, үлескерлердің құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерінің болмауы, сондай-ақ, мемлекеттік органдар тарапынан қатаң бақылау мен жүйелі талаптың болмауы бар.

Осыған байланысты, Роман Васильевич, біріншіден, сәулет және қала құрылысы саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту, екіншіден, үлестік құрылыстың проблемалық мәселелерін шешу мақсатында құрылыс компанияларының жауапкершілігін қатаңдату бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеу мәселесін қарауды сұраймыз.

Жауабын Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген мерзімде жазбаша беруді сұраймыз.

Құрметпен,       

Қазақстан Республикасы

Парламенті Мәжілісінің депутаттары                              

Д.Б.Тұрлыханов

Д.Н.Тұрғанов 

Ү.Шапақ

Г.Ш.Танашева  

 Н. Тау

                                          Д.Т. Мұқаев