Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
20.02.2017

Мәжілісте білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 - 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы Үкімет сағатында талқыланды


Астана, 20 ақпан, Мәжіліс Үйі.

Бүгін Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаеваның жетекшілігінде «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016- 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы» деген тақырыппен Үкімет сағаты өтті.

Білім беруді дамытудың өзекті мәселелері қаралған отырысты вице-спикер: «Қазақстанның Үшінші жаңғыруын ойдағыдай іске асыру – адами капитал сапасын жақсарту  осы мәселелерді  табысты жүзеге асыруға байланысты болмақ.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаев халыққа Жолдауында: «Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру» деп атап өтті.

Әлемнің жетекші экономикалары адами ресурстар дамуының   жоғары деңгейінің есебінен  өркендейтіндігі және білімге негізделген қоғамға  айналатындығы белгілі. «Білімге инвестициялар – ең жоғары дивидендтер береді»,-деген Бенджамин Франклин.

Біздің елімізде де білімді және ғылымды дамыту елді жаңғыртудың, экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің,  халықтың әл-ауқатының өсуінің шешуші факторы болуы  қажет.

Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мақсаты «экономиканың орнықты дамуы үшін білім берудің және ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, адами капиталды дамыту» деп тұжырымдалған.

Жүргізіліп отырған мемлекеттік саясаттың табыстары айқын екендігін атап өту керек.

2015 жылы Қазақстан әлемнің 188 елінің ішінде 56-орынды иеленді. 

ЮНЕСКО-ның «Білімді дамыту индексі» бойынша Қазақстан әлемнің үздік елдердің сегіздігіне кірді.

Оқушылардың TIMSS-2015 және PISA-2015 халықаралық салыстырмалы зерттеулердегі нәтижелері жақсарды.

 «Балапан» бағдарламасын табысты іске асыру   мектепке дейінгі ұйымдар санының өсуіне ықпал етті.

   Мемлекет басшысының бастамасы бойынша тегін техникалық және кәсіптік білім берудің көреген стратегиялық жобасы енгізіледі. 

Жоғары білім беру жүйесінде 11 жоғары оқу орны Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын (ИИДМБ) іске асыру үшін мамандар даярлауда.

 Көріп отырғандай, білім беру жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс  оның барлық деңгейінде жүргізілуде. Бүгін біз білімді және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының (БҒДМБ) жаңалықтар бар ең өзекті бағыттарға ден қоюды ұсынамыз. Олар:

         орта мектепте жаңартылған мазмұнды енгізу;

         12 жылдық білім беруді және үш тілде білім беруді енгізу;

         тегін техникалық және кәсіптік білім беруді іске асыру;

         ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ-ның) жаңа форматы;

         жоғары оқу орындарын халықаралық аккредиттеу және педагог кадрларды даярлау;

         педагог мәртебесін арттыру»,- деп бастады.

Үкімет сағатының регламентіне сәйкес негізгі баяндаманы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жасады.

Білім деңгейі туралы айта келіп министр:

Нөлінші сыныпты енгізу. Бұл – 12 жылдық оқытуға көшудің, яғни 0+11-дің бір бөлігі, оны толығымен іске асыру 2019 жылға жоспарлануда. Нөлінші сынып не үшін қажет? Балалардың 100%-ы бірінші сыныпқа барлық әріптер мен сандарды біліп, дайын болып келуі үшін.

Нөлінші сыныпты мектепте және балабақшада өтуге болады. Нөлінші сыныптың мәні – мектепалды даярлыққа арналған бірыңғай бағдарламада, онда «Әліппе» мен «Букварь», әліпби, әріптерді тану, буын-буынмен оқу, қарапайым сөйлемдерді құрастыру болады. Бағдарлама жалпы дайын. Биыл пилот ретінде бастаймыз. Бізге мектептер мен балабақшалардан пилотқа 1000-нан астам өтініш келіп түсті»,- деді.

Орта білім жайында ведомство басшысы: Мектепте ең бастысы өткен жылдың қыркүйегінде басталған жаңартылған мазмұнға көшу. Жаңартылған мазмұнның мәні функционалдық сауаттылыққа – тек біліп қана қоймай, оны іске асыруға басымдық жасайды!

Біз жаңартылған мазмұнды сәл кешіктіріп енгізудеміз, бірақ төрт жылда бұл міндетті орындауымыз қажет,- деп мәлімдеді.  

Ағылшын тілінде оқыту бойынша. «Осы жылдан бастап, 5 мыңнан астам пән мұғалімі тереңдетілген, мектептен тыс, ұзақтығы 9 айға дейінгі тіл курстарын бастайды деп жоспарладық.

«Келесі маңызды мәселе  - үй жұмысының көлемі.

Бұл мәселемен мұғалімдер мен мамандардың ірі екі тобы айналысты. Оларға үлкен рахмет. Бұл жерде екі нұсқа ұсынылады.  

Бірінші – үй жұмысын барлық пәндер бойынша азайтып беру, немесе, екінші – үй жұмысын кейбір пәндер бойынша ғана беру.

Екі жағдайда да, үй жұмысын орындау уақыты орта есеппен күніне бір сағатқа азаяды, демалыс күндері берілмейдіә,- дей келе министр ата-аналарды алаңдатып отырған «Күнделік» мәселесіне тоқталды.

Бізде екі жол бар. Бірінші – миллиардтаған мемлекеттік қаражатты салып, қандай да бір жаңа бағдарламаны ойлап табу. Ол жұмыс істеуі немесе істемеуі  мүмкін. Мыңдаған есепшілерді 20 жыл бойы үйренген жүйесінен ауыстырып,  бірнеше жылдар бойы жаңа жүйені енгізу, немесе 5-6 айдың ішінде аз ақшаға, бәлкім, бюджет үшін тегін, қазіргі таңда апробациядан өткен және талай жерде қолданылып жатқан жаңа модуль орнату. Бұлтты 1С деп аталады. Бірақ бұл ресейлік бағдарлама. Мен неге бұған терең тоқталып отыр дейсіздер ғой. Себебі, дәл қазір бұл мәселе туындап отыр және оны талқыға салу керек»,- деп қорытып барып, ҰБТ туралы:«Біз ҰБТ форматын жаңарттық. Нәтижесінде, 2016 жылы қосымша 17 мың бала  жоғары білім алуға қол жеткізді. Жалпы, біз балалардың жоғары білім алуға қолжетімділігін жеңілдету керек деп санаймыз. Жұмыс жүргізіліп жатыр. «3.0 Экономикасында» негізгі драйвер – бұл жоғары білімі бар адам. 1 ақпаннан бастап сынама ҰБТ-ны үйде отырып-ақ онлайн өтуге болады.

Әр бала ҰБТ-ға дейін сынама тестілеуден бірнеше рет өтеді.  Бұл бітірушіге ЖОО-ға түсу үшін емтиханды сәтті тапсыруға мүмкіндік береді.

Қорытынды сынама аттестаттау барлық мектептерде 10 наурыздан басталады.

Ал, техникалық және кәсіптік білім саласындағы басты жаңалық «Баршаға арналған тегін техникалық және кәсіптік білім» жобасын енгізу екендігі баршаңызға мәлім.

Дайындық жұмыстары жасалды. Жобаны іске асыру осы жылдан басталады.

Қазір жастарға жұмысшы мамандығын тегін алуға,  сонымен бірге орта буын мамандығын алу шеңберінде жұмысшы біліктілігін де тегін алуға мүмкіндік беріледі.

Сәуірден бастап қысқа мерзімді курстар басталады.

Биылғы жылдан бастап жоғары білім беру жүйесінде гранттардың саны бакалаврлар үшін 31-мыңнан 36-мыңға дейін, магистранттар үшін 7-мыңнан 10 мыңға дейін, докторанттар үшін    600-ден 1000-ға дейін көбейді.

Айтарлықтай өсім, соған қоса біз аймақ әкімдерінен жергілікті жоғары оқу орындарына оқу үшін өздерінің гранттарын бөлуді сұраймыз»,- деді.

Ғылым.

Коммерциализациялау туралы Заң жұмыс істей бастады.

Ғылыми жобаларды қаржыландырудың жаңа жүйесі енгізілуде. Дүниежүзілік банктің «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасы, 110 млн. доллар 5 жылға осы бірлесіп қаржыландыру қағидаты бойынша іске асырылады. Әрі қарай тағы бір өзгеріс. Әрбір грантта ғылыми, академиялық және коммерциялық нәтиже бар. Енді академиялық нәтиже магистрлер мен докторанттар дайындау болады,- деп қорытты министр.

Үкімет сағатында  Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнар Иксанова тақырыпқа орай қосымша баяндама жасады. Вице-спикер отырысты қорытындылай келе, бірнеше  мәселелерге тоқталды:

1.    0+11 моделі бойынша 12 жылдық білім беруге көшу жағдайында мектепалды даярлық пен бастауыш сыныптар бағдарламаларын пәнаралық сәйкестендіру тетігін әзірлеу мәселелері шешуді талап етеді. Біліктілікті арттырудың әртүрлі нысандарын пайдаланып, білім беру процесінен қол үзбей, 1-ші, 2-ші, 5-ші, 7-ші сыныптар мұғалімдерінің біліктілігін арттырудың нақты жоспарын, кестесін пысықтау қажет.

2.     Нормативтік құқықтық актілерді қорытынды аттестаттаудың және ҰБТ-ның жаңа форматына сәйкес келтіру талап етіледі.

3.    «Үздік» және «нашар» мектептер арасындағы алшақтықты азайту бойынша, ауылдық мектептерді қолдау жөнінде іс-шаралар кешенін әзірлеу қажет.

4.   Бейінді министрліктермен мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыған түлектердің жұмыс істеуі бойынша «Білім туралы» Заң нормаларын іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі өзара іс-қимыл тетігін пысықтау қажет»,- деп ойын ортаға салды.

Үкімет сағатына: қаржы, мәдениет және спорт, еңбек және әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, инвестиция және даму, ақпарат және коммуникациялар министрліктерінің басшылары мен Ақтөбе, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімшілігінен өкілдер болды. Отбасыларды және отбасы құндылықтарын қолдау жөніндегі ата-аналардың қазақстандық қауымдастығының  жауапты қызметкерлері де қатысты.        

Сондай-ақ шақырылғандардың қатарында  «Назарбаев зияткерлік мектептері» ААҚ, Ұлттық тестілеу орталығы, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Ғылым академиясының т.б. өкілдері де болды.

 «Үкімет сағаты» шеңберінде Мәжілістің жалпы отырыс залының фойесінде көрме ұйымдастырылды.

 

(Сәуле Досжанова, т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі