АЙМАГАМБЕТОВ
Асхат
Канатович

Председатель Комитета по социально-культурному развитию Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Депутаттардың заң жобаларына бастамашылық жасау туралы

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ


  Құрметті Әлихан Асханұлы!


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Әділетті Қазақстанның саяси жүйесінің негізгі формуласы – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» деп айқындап, Президенттік реформалары аясында тиісті жұмыс жүргізілуде.  Мәжілістің құзыреттілігі кеңеюде.

Бүгін Мәжіліс депутаттары жаңа жағдайда жұмыс атқаруда. Заң жобалары Қоғамдық палата алаңында, азаматтық қоғам өкілдері, ғалымдар мен сарапшылармен бірге жан жақты талқылынуда.

Қазірдің өзінде өте маңызды, тарихи заңдар қабылданды.

Мұның бәрі депутаттық корпус пен Үкіметтің және азаматтық қоғамның бірлескен және үйлесімді жұмысының нәтижесі деп білеміз.

Алайда бірінші сессия барысында бірнеше проблемалық мәселені байқадық.

Бірінші. Конституция бойынша депутаттардың заң шығару бастамасы құқығы бар. Жаңа шақырылымның ерекшелігі – ең маңызды мәселелер бойынша депутаттардың өздері бастамашылық заң жобаларын белсенді әзірлеуі. Заңнамаға сәйкес, олар Үкіметтің қорытындысына жіберілуі керек. Алайда мұнда біз кейбір мемлекеттік органдардың әлсіз және тиімсіз жұмысын көріп отырмыз.

Біз ғылым және ғылыми-технологиялық саясат бойынша заң жобасын әзірледік. Президенттің тапсырмасы да бар екенін білесіздер Үкімет осы заңды маусым айының соңына дейін еңгізулері керек еді. Алайда үлгермеді. Ал депутаттар болса, өздері бастамашылық етіп, бұл заң жобасын дайындады. Бұған қоса білім, мәдениет және т.б. туралы заң жобаларын да депутаттардың өздері әзірледі.

Бірақ мәселе мынада, кейбір мемлекеттік органдар заң жобаларын әзірлеу өздерінің басты құзыреті деп санайды. Әзірленген заң жобаларына салғырт қарайды. Мысалы, ғылым туралы дайын заңның орнына біз министрліктің өзі дайындаған ведомствалық мүддені қорғайтын заң жобасын дайындап, енгіземіз деген ұстаным, біздің ойымызша, дұрыс емес. Мұны қайта қарау керек деп санаймыз.

Екінші. Үкімет қорытындыларының қажеттілігі туралы мәселе. Жұмыс топтарында талқылау барысында мемлекеттік органдар көп норманы Үкіметтің қорытындысына жіберуді сұрайды.

Алайда, Қазақстан Республикасы Конституцияның 61-бабының 6-тармағына сәйкес, мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін заң жобалары Үкіметінің оң қорытындысы болған кезде ғана енгізілуі мүмкін.

Сондықтан Үкіметтің қорытындысына тек шығынды талап естетін нормалар ғана жіберілуі қажет.

Жалпы осындай тәжірибені болдырмас үшін Үкімет регламентіне тиісті түзетулер енгізу қажет деп санаймыз.

Үшінші. Бұл — депутаттардың түзетулеріне Үкімет қорытындысын қарау мерзімдері. Депутаттардың түзетулеріне Үкіметтің қорытындылары Парламент Мәжілісіне 4-5 айдан кейін келіп түседі.

Сондықтан, біздің ойымызша, Үкіметтің қорытындыларын келісу рәсімін қайта қарау, олардың өтуін қиындататын кедергілерді жою және заң жобасына қорытынды дайындаудың толық мерзімін – 1 айдан аспайтын мерзімге жасау қажет.

Төртінші. Үкімет нормасының нақты ұсынылатын редакциясын, позициясын, аргументтерін енгізбей, жай ғана депутаттардың түзетулеріне теріс қорытынды жасау практикасын тоқтату қажет деп санаймыз. Нақты аргументтер мен мемлекеттік органдардың нақты позициялары керек.

Қорытындай келе, аталған проблемаларды мұқият қарап, тиісті шемімдер қабылдауды ұсынамыз.

Біздің мақсаттарымыз бір — илегеніміз бір терінің пұшпағы, сондықтан Елімізді дамыту мен Президенттің тапсырмаларын сапалы орындау үшін депутаттар мен Үкімет мүшелері үйлесімді әрі тиімді жұмыс атқарады деп сенеміз.



Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары                          

А.Аймағамбетов, Д.Исабеков, Е.Жаңбыршин, Е.Әбіл, Т.Серіков, Ү.Шапақ