АЛИШЕВ
Казыбек
Курмангалиевич

Член Комитета по аграрным вопросам Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
24 мая 2023 года на пленарном заседании Мажилиса Парламента Республики Казахстан озвучил депутатский запрос в адрес заместителя Премьер-Министра Республики Казахстан – Жумангарина С.М.

2023 жылғы 24 мамырда жарияланған

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары

С.М. Жұманғаринге

 

Депутаттық сауал

Құрметті Серік Мақашұлы!

 

Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығын дамытуды және инвестициялық салымдарды субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізетін бұйрықтардың жобасын әзірледі. Қазір бұйрықтардың жобалары мемлекеттік органдармен келісілуде.

Өзгерістер етті мал және қой шаруашылығын субсидиялаудың
8 бағытын,
соның ішінде шалғайдағы жайылымдарда шопандар үшін вагондар сатып алуға, сонымен бірге құдықтар мен ұңғымаларға арналған су көтергіш сорғыларды субсидиялауды алып тастайды. Жаңа ережелер шалғайдағы жайылымдарда құдықтар салу кезінде субсидиялау нормативін 2 есеге қысқартады, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің аналық табынды көбейту үшін асыл тұқымды бұқалар мен қошқарларды жалға алу және басқа да қолдау түрлеріне кедергі келтіреді.

Аталған өзгерістер қоғамда қарапайым шаруадан бастап сала сарапшыларының көптеген наразылықтарын туғызуда.

Сарапшылардың бағалауы бойынша, 21,6 мыңнан астам фермерлік қожалықтар бір мезгілде мал шаруашылығын дамытуға тиісті субсидиялардан айырылады, бұл өз кезегінде саланың дамуын шектейді. 32,5 млрд. теңге бюджеттік субсидиялар етті мал мен қой шаруашылығы саласынан алынып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жоспары бойынша астық өндірушілерді қолдауға бағытталады.

Мемлекет басшысының 50 млн.га шалғынды жайылым жерлерді айналымға енгізуді қамтамасыз ету жөніндегі алға қойған міндеттерін салалық министрлік қалай орындайтыны бізге түсініксіз болып қалуда. Сонымен бірге тұқымдық түрлендіруге қатысатын ІҚМ аналық басының үлесін 40%-ға дейін жеткізу мен экпорт көлемінің 2,5 есе өсуі қалай жүзеге асырылмақ?

Биылдың өзінде «AMANAT» партиясының жанындағы жобалық кеңсе арқылы жүзеге асырылып жатқан «Ауыл Аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарының өз кәсіптерімен айналысуына 2,5 пайыз мөлшерімен 100 млрд теңге несиелер бөлінуде. Жобаға қатысушылардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысуға ниет білдірген. Жоба аясында ауыл тұрғындарының ІҚМ мен қой аналықтарын қалай тұқымдық түрлендіру бағдарламасына қатыстырмақ?

Өкінішке орай, ережеге енгізілген бұл өзгертулер салалық қауымдастықтар, фермерлер қауымдастығы, облыс әкімдіктерінің қатысуымен кең талқылаусыз жабық жағдайда қабылданады.

Қазіргі таңда мал шаруашылығы Аграрлық несие корпорациясының қалдық қаражат бөлу деңгейінде қаржыландырылады. Саланы несиелендіруге бөлінген 360 миллиард теңгенің 15 пайызы ғана мал шаруашылығын қаржыландыруға бағытталған. Жағдайды Ауыл шаруашылығы министрлігінің gosagro.kz ақпараттық жүйесі қиындатып отыр, қателігі көп жүйенің кесірінен шаруалар берілген «жеңілдетілген» несиені  толық негізде, яғни 22%-24% төлеуге мәжбүр.

Етті мал шаруашылығы – қарқынды дамып келе жатқан сала. Ауыл шаруашылығымен айналысушылардың жартысы ет шаруашылығында жұмыс істейді. Соңғы 11 жылда салада 25 мыңнан аса шаруа қожалықтары құрылып, ірі қара мал басының өсімі 3,3 миллион басты құрады, сиыр мен қой етіне деген қажеттілік отандық өндіріс есебінен толық қамтамасыз етіліп, шаруашылықтың тұрақтылығы қамтамасыз етілді.

Министрліктің шаруалар мен жұртшылықтың талап-тілегін ескермеуі олардың Мемлекет басшысы белгілеген Әділетті Қазақстан саясатына сенімсіздік танытуына мәжбүр етеді. 

Айтылғандардың негізінде:

1) тиiстi мемлекеттiк органдарда жоғарыда көрсетiлген қағидалар жобасын келісуді тоқтатып және бұйрық жобасын қайта пысықтауды;

2) мал шаруашылығы саласын қаржыландыру және қолдау саясатын әзірлеу үшін барлық мүдделі салалық қауымдастықтар мен одақтарды, салалық сарапшыларды, ғылыми ұйымдардың өкілдерін тарта отырып, министрлік деңгейінде кеңейтілген жұмыс тобын құруды сұраймыз.

Депутаттық сауалға алынған шаралар бойынша ақпаратты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жазбаша түрде  беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен,

Қазақстан Республикасы

Парламенті Мәжілісінің депутаттары,

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері

Қ. Әлішев

Е. Мәмбетов

Н. Әшімбетов

А. Әлтай

П. Казанцев

Ғ. Елеуов

Ж. Әшімжанов

«Ауыл» партиясы фракциясының мүшелері

С. Егізбаев

Ж. Дайрабаев

«Respublica» партиясы фракциясының мүшесі

А. Қожаназаров

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының мүшесі

И. Сұңқар

«Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі

А. Садықов

Бір мандатты округтен сайланған депутаттар

Д. Қасқарауов

Қ. Балабиев

А.Т. Құспан