Ашимбетов
Нуржан
Кемерович

Член Комитета по аграрным вопросам Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Ертіс өзенінің қазіргі жағдайы туралы

 

Ертістен бөлінетін су ағысының баяулығы алаңдатады

84 рет

көрсетілді

Павлодар облысынан Мәжіліске сайланған бір топ депутат Шығыс Қазақстандағы су қоймаларынан Ертіс өзеніне босатылып жатқан судың баяулығына алаңдап отыр. Судың екпінін арттырмаса, Павлодар облысының өзен бойындағы жайылмалары тіршілік нәріне дер уақытында қанықпай қалуы ғажап емес. Халық қалаулылары Экология және табиғи ресурстар министрлігінен мәселені шұғыл түрде назарға алуды сұрап отыр.

Халық қалаулылары Нұржан Әшімбетов, Жарқынбек Амантай, Николай Арсютин, Ажар Сағандықова және Ислам Сұңқардың жауапты министрлікке жазған депутаттық сауалдарында көрсетілгендей, биылғы 13 сәуірде Салааралық су босату комиссиясының отырысы өтіп, онда «16 сәуірден бастап жалпы көлемі 4,59 текше шақырым болатын, ұзақтығы 22 күнге созылатын су босату туралы шешім» қабылданған. Шүлбі су қоймасының бүйірлік ағынының көлемі өзгере қалған жағдайда кестеге шұғыл түрде өзгерістер енгізу мүмкіндігін сақтай отырып, Ертіс өзенінің жайылмасына табиғат қорғау мақсатында су босату кезеңі басталып кетті. Алайда депутаттарды қазіргі кезде Үлбі және Оба өзендеріндегі бүйірлік ағындарының көлемі азайғаны алаңдатып отыр. Соның салдарынан 20 сәуірден бастап судың ағынында ауытқушылық тіркелген. Яғни секундына 3000 текше метр болудың орнына, судың екпіні 2500 текше метрге дейін төмендеп кеткен.

Бұл мәселенің көтерілуіне бастамашы болған депутат Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, Ертіс бассейндік инспекциясы 20 сәуірден бастап Бұқтырма су қоймасынан су босату орташа есеппен секундына 500 текше метрден 381 текше метрге дейін азайғанын хабарлаған. Бұл навигациялық кезеңнін басталғанына орай жасалған мәжбүрлі қадам деп түсіндіріліп отыр.

«Көп жылғы талдау көрсеткендей, су босатудың жоспарланған көлемі (4,59 текше шақырым) жайылмалардың тек 65-70 пайызын ғана басады деп болжанып отыр. Алайда жоспарланған су босату нормаларының ауытқуы Ертіс өзені жайылмаларының суға қанығуын едәуір төмендетіп жіберетіні қазірден белгілі болуда. Бұл келеңсіздік өзен бойындағы жерлердің экожүйесіне теріс әсер етіп, ондағы флораның нашарлауына және шабындықтардағы өнімділіктің азаюына әкеліп соқтыратынына күмәніміз жоқ. Жоғарыда айтылған жайттарды ескере отырып, Бұқтырма су қоймасынан су босату көлемін секундына 750 текше метр деңгейіне жеткізіп, бүйірлік ағын ұлғайған кезде 4-5 тәулік бойы (кесте бойынша екі тәулік) Шүлбі су қоймасынан шығып жатқан суды максималды түрде, яғни секундына 3500 текше метр көлемінде ұстап тұру керек деп санаймыз. Мұндай жоғары ағын өзен бойында үлкен толқындар тудырып, қатты екпінмен келген су жайылмаларға молынан шығып үлгереді. Егер Экология министрлігі бұл шешімімізді қолдаса, Павлодар облысының аумағындағы жайылымдардың 70-80 пайызын су басуына мүмкіндік береді», дейді депутат.

Нұржан Кемерұлы мұндай мәселе 2012 жылы да туындағанын еске салды. Бұқтырма су қоймасы іс жүзінде 49-50 текше шақырым су жинауға қабілетті болғанымен сол жылы небәрі 25 текше шақырым ғана су жиналған. Су қоймасының иелері өзенге су жібергілері келмей, қиғылық салған көрінеді. Сөйтсе, су қоймасының басында электр энергиясын өндіріп отырған компания артық табыс таппақ ниетпен қақаған қыста су босату шараларын жүргізген. Мұны жергілікті бассейндік инспекция мүлде байқамаған. Осы жағдай биыл да қайталанып отырғанға ұқсайды. Себебі ресми мәліметте қоймада 26-27 текше метр су ғана бар деп көрсетілген. Су қоймасының қожайындары Үлбі мен Уба өзендеріне көктемде таудан мол су ағып түсе ме деп үміттенгенге ұқсайды.

«Судың екпіні аз болуы себепті қазіргі күні босатылған су Ертіс өзені арнасымен төменгі жаққа жай ғана ағып кетіп жатыр. Ал бекітілген норма көлемінде жіберілсе арнаға сыймаған мол су жайылмаларға шығып үлгерер еді. Сондықтан алдағы 4-5 күнде Шүлбіден шығатын су ең жоғары көлемде жіберілуі керек. Салааралық су босату комиссиясының төрағасына бұл мәселені жай қалдырмайтынымызды, жағдай екі-үш күнде түзелмесе Ертіс бассейндік инспекциясының бақылаусыздығы жайында Бас прокуратураға шағым түсіретінімізді ескерттім. Мұның арты жақсы болмайды. Егер инспекцияның Бұқтырма су қоймасын шын мәнінде бақылаудан шығарып алғаны, шарасыздығы дәлелденсе, басшылары қылмыстық жауапкершілік арқалайтыны анық. Оның үстіне экологиялық апат тудырғаны үшін де лауазымды тұлғалар жауап береді», дейді халық қалаулысы.

Экология министрлігі экологиялық су босатуға байланысты тәуекелдерге баса назар аударуы керек. Себебі Салааралық су босату комиссиясының бекіткен су босату кестесінде 29 сәуір – 2 мамыр аралығында судың босатылу екпіні секундына 500 текше метрге дейін төмендеп кету қаупі бар. Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, су босатудың мұндай күрт төмендеуі Ертіс өзенінің арнасындағы жағалаулардың құлауына алып келеді. Бұған қоса өзен бойындағы елді мекендерге, атап айтқанда Май ауданындағы Қаратерек ауылына, Аққулы ауданы орталығына, Железиндегі Башмачное ауылына қауіп төндіреді.

Мәжіліс депутаттары қазіргі күні Павлодар облысының билігі мен мердігер ұйымдар қансорғыш жәндіктерге қарсы өңдеу жұмыстарына қауырт дайындалып жатқанын, химиялық және биологиялық шаралардың сапалы жүргізілуі үшін су босатудың күнтізбелік мерзімдері сақталуы маңызды роль ойнайтынын да ескертіп отыр. Шыбын-шіркейге қарсы күрес шараларын ғылыми қолдау тобының мәліметтеріне сүйенсек, өңдеу шаралары нәтижелі болуы үшін жайылған су 15 мамырдан кешікпей Ертіс өзені арнасына қайта түсіп кетуі керек.