Исабеков
Данабек
Ержанович

Член Комитета по законодательству и судебно-правовой реформе Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Депутатский запрос о проблемах водной отрасли

Қазақстан Республикасы

Су ресурстары және ирригация министрі

Н.М. Нұржігітовке

Депутаттық сауал

Құрметті Нұржан Молдиярұлы!

Бұған дейін әріптестеріміз су мәселесін көтерген болатын. Дегенімен су мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Су өміріміздің өзегі экономиканың көзі.

Біріккен Ұлттар Ұйымының 2023 жылға арналған дүниежүзілік суды дамыту есебінде әлем елдері халқының 26% пайызында таза ауыз су көзі жоқ, ал 46% пайызы антисанитарлық жағдайда өмір сүреді деп көрсетілген. Яғни 3,5 миллиардқа жуық адам жылына кемінде бір ай су стрессінде өмір сүреді. Соңғы 40 жылда жаһандық суды тұтыну жылына шамамен 1 пайызға өсіп келеді.

Ғалымдар дүние жүзіндегі судың 70% пайызы егін шаруашылығына кететіндіктен, салада суды үнемдеу технологиясын енгізуді кешіктірмеуді, өнеркәсіптен шығатын суды қайта өңдеп, қолдануды көтеріп, дабыл қағуда.

Қазір судың маусымдық тапшылығы Орталық Африка, Шығыс Азия және Оңтүстік Американың кейбір аймағында сезіле бастаса, Таяу Шығыс пен Орталық Азияда су тапшылығының қауіптілігі арта түсті.

Халықаралық ұйым су тұтыну бойынша әлемде көшбасшы елге Түркіменстанды жатқызады. Бұл ел жылына жан басына шаққанда 5319 текше метр суды тұтынады. Қазақстандықтар жан басына шаққанда бір жылда 2345 текше метр, Өзбекстан 2295 текше метр, Қырғызстан 1 989 текше метр, Тәжікстан 1 895 текше метр суды өз мақсатына қолданады. Демек салыстырмалы түрде біздің елде суды тұтыну деңгейі жоғары.

Бұл – ойлантатын күрделі мәселе. Өйткені біздің елге келетін су көздері трансшекаралық өзендерге байлаулы. Су – біздің кемелді келешегіміздің кепілі десек, қазірден бастап жүйелі жұмыстарды атқаруымыз керек. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында су тапшылығының алдын алуда су шаруашылығы жүйесін тиімді жүргізуді, трансшекаралық суларды ұтымды пайдалануды Үкіметке шешуді тапсырды.

Соған сай, Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғанына жарты жылдан асты. Министрліктің нақты бағыт-бағдарды, жүйелі жоспары қандай? Бұл сұраққа нақты жауапты қашан, қалай аламыз? «Аманат» партиясының «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасы 10 басымдықты қамтыса, соның ең негізгісінің бірі – су мәселесін шешу.

Жауапты ведомства суды стратегиялық басымдық етіп, нақты қандай нәтижеге қол жеткізе алады. Бізге маңыздысы – осы!

Сондықтан, төмендегі ұсыныстарды қарастыруды сұраймыз:

Шаруашылық су мен ауыз судың нормативін анықтап, көлік жуу орталықтарына ауыз суды қолдануды шектеу керек. Мәселен, Шымкент қаласы бойынша тәуліктік су тұтыну тәулігіне орта есеппен 198,9 мың текше метрді құрайды. Онтүстіктегі мегаполисте 195 көлік жуу орыны бар. Бұл ресми тіркелген көлік жуу орны ғана. Енді қарапайым арифметики бойынша есептеп көрейік, бір автокөлікті толық жууға орта есеппен 90-100 литр су кетеді. Сонда бір тәулікте 195 көлік жуу орнында 10 көліктен жуылғанда 195.000 литр су шығындалады, мұны шаршы метрге айналдырғанда 195,0 тең болады. Бұған ел аумағындағы қалалар мен кенттердегі мыңдаған көлік жуу орнын қосыңыз.

Мемлекет басшысы айтқандай, 2050 жылға қарай Орта Азиядағы қуаңшылық жылына ЖІӨ-нің 1,3 % пайыз мөлшерінде зиян келтіруі мүмкін. Өзекті мәселеге қазір мойын бұрып, іске кіріспесек, ертең кеш болады.

Осы мәселелерді өз құзыреттеріңіз шеңберінде қарастырып, қатаң бақылауға алып, оң шешімін табуына ықпал етулеріңізді сұраймыз.

Құрметпен,

Қазақстан Республикасы

Парламент Мәжілісінің

депутаттары, 

«AMANAT» партиясы

фракциясының мүшелері                                                     Д.Исабеков 

                                                                                                    Ж.Амантайұлы

                                                                                                      С.Пономарев

 

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының мүшесі                                                           Г.Танашева

Бірмандатты депутаттар                                                         Қ.Балабиев

                                                                                                      Д.Қасқарауов